• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Экономика 19 Шілде, 2022

Транскаспий дәлізі – тың мүмкіндік

1021 рет
көрсетілді

Осыдан бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңес өткізгені мәлім. Кеңесте атап өтілгендей, темір жол мен автомобиль жолының инфрақұрылымын дамыту өркендеудің басым бағыты болып қала бермек. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қазақстанға тың мүмкіндіктердің есігін ашпақ.

Темір жолды тиімді пайдалану керек

Қазіргідей алмағайып шақта темір жолдың әлеуетін арттыру, оның мүм­кіндігін барынша пайдалану маңызды. Мұны көлік-транзит әлеуетін дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы да атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев елді өңірлік «транзиттік хаб» ретінде дамыту үшін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына ауқымды жаңғыртуды жүзеге асыруды тапсырды.

Ұлттық компания басқарма төр­ағасының орынбасары Қанат Әлма­ғамбетовтің пікірінше, «Қазақстан темір жолының» инфра­құры­лымдық жобаларын іске асыру елдің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

– Компания алдында тұрған жаңа міндеттерді орындауды қамтамасыз ету үшін логистика саласында, оның ішінде елден тыс жерлерде активтер мен құзыреттердің оңтайлы құрылымын қалыптастыру мәселесі қаралады. Осы мақсатта логистикалық блокты күшейту жоспарлануда. Қолданыстағы транзиттік бағыттарды дамыту және жаңаларын құру, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту – басты назарда. Қазіргі уақытта Қазақстан арқылы өтетін маршруттар бұрынғыдан да сұранысқа ие бола бастады. «Қазақстан темір жолы» Транскаспий халықаралық көлік бағыты дәлізін ынталандыру бо­йынша шаралар қабылдануда. Қазіргі таңда Грузия, Түркия порттарына транзиттік және экспорттық қатынаста контейнерлік тасымалдарға бәсекеге қабілетті ставкалар қолданылады, – деді Қ.Әлмағамбетов.

Оның айтуынша, Достық – Мойынты темір жол дәлізін жаңғырту жобасы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына енгізілді. Оны іске асыру жүктерді тасымалдау жылдамдығын және Қытай – Еуропа – Қытай транзиттік дәлізі бойынша темір жол инфрақұрылымының өткізу қабілетін бес есеге арттырады.

– Бұдан басқа, компания Дарбаза – Мақтаарал темір жол желісі мен Алматы стансасын айналып өтетін Жетіген – Қазыбек Бек айналма темір жол же­лісін салуды жоспарлап отыр. Дарбаза – Мақтаарал желісі Сарыағаш мемле­кетаралық түйісу пункті мен Ташкент торабында инфрақұрылымдық шектеулерді «кестелеуге» мүмкіндік береді. Жетіген – Қазыбек Бек айналма желісі жүк ағынын қайта бағдарлау есебінен Алматы торабы жүктемесінің төмендеуін қамтамасыз етеді және жүктерді жеткізу уақытын қысқартады. Бұл жобалар жоғары локализацияға (85 пайыз) байланысты экономикаға айтарлықтай мультипликативтік әсер етеді және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады, – дейді ұлттық компанияның басқарма төрағасының орынбасары.

Қазіргі жағдайда елдің көлік-тран­зит­тік әлеуетін дамыту жөніндегі шараларды күшейту әрі жандандыру қажет екені түсінікті. Бүгінгі таңда Қазақстанда темір жол көлік дәліздерінің тармақталған же­лісі бар. Бұл ретте қазіргі өткізу қабілетіне қол жеткізілді деуге болады. Яғни біз өз мүмкіндіктеріміздің шегінде жұмыс істеп келеміз. Осы орайда транзиттік-экспорттық әлеуетті арттыру үшін белгілі бір шаралар қабылдау маңызды.

– Қосымша темір жол инфра­құ­рылымын, терминалдық қуаттарды салу бойынша жоспарлар бар. Теңіз саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Мемлекет басшысы бүгінде Каспий теңізіндегі позициямызды нығайтып, Ақтау және Құрық теңіз порттарын дамытып, отандық сауда флотын құрып, одан әрі дамытатын уақыт келгенін ерекше атап өтті. Егер дәліздерге жеке тоқталатын болсақ, Ресей мен Қытай арасындағы транзиттік экспорттық тасымалдарды дамыту үшін Достық – Мойынты темір жол учаскесінің екінші жолдарының құрылысы жоспарланып отыр. Сондай-ақ Алматыны айналып өтетін айналма темір жол құрылысын салу көзделген. Бұл Алматы торабын орта есеппен 30 пайызға жеңілдетуге мүмкіндік береді. Оған қоса Бақты – Аягөз темір жол учаскесі мен үшінші шекара өткелінің құрылысы мәселесі қарастырылып жатыр. «Қазақстан темір жолы» қазіргі уақытта ресейлік серіктестермен және қытайлық әріптестермен осы жобаларды іске асыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Орталық Азия өңіріне қатысты айтар болсақ, қазіргі таңда Сарыағаш стансасы толық қуаттылыққа ие, резервтер шамамен 1 млн тоннаны құрайды. Осыған байланысты Дарбаза – Мақтаарал темір жолының құрылысы жоспарланған. Темір жолдар Мақтаарал ауданын негізгі магистралдық темір жол желісімен қосуға мүмкіндік береді. Тиісінше, осы өңірдің дамуына оң әсер етеді, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қасым Тілепов.

Қарт құрлыққа апарар жол

Қ.Тілеповтің пікірінше, Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуеті әлі ашылмаған. Бұл – негізгі балама бағыттардың бірі. Бұған дейін мемлекеттік бағдарламалар аясында Ақтау портында паром кешенін салу бойынша жобалар іске асырылды, қолданыстағы порттың өткізу қабілетін кеңейту бойынша шаралар қабылданды. Атап айтқанда, үш құрғақ жүк терминалы салынды. Бүгінде инфрақұрылымның өткізу қабілеті шамамен 21 млн тоннаны құрайды. Осы бағытта жүктің кез келген түрін тасымалдауға мүмкіндік бар.

– Сондай-ақ жеке сауда флотымыз бар. Атап айтқанда, бүгінде Каспийге белсенді қатысатын төрт құрғақ жүк кемесі Ақтау – Баку фидерлік желісі бойынша да контейнерлер тасымалдауды қамтамасыз етеді. Ұзақ мерзімді перспективада жеке паром флотын салуға ниеттіміз. Олардың саны 10-ға жеткізілмек. Қазіргі таңда негізгі монополист – Әзербайжан кеме шаруашылығы. Контейнерлік ағын артқан жағдайда Ақтау портында контейнерлік хаб салу жоспарланып отыр. Осы мақсаттар үшін халықаралық көлік-логистикалық компаниясын тарту көзделген. Оған қоса әлемдік контейнерлік операторлар тартылады. Бұл бізге олардың контейнерлік паркін тартуға мүмкіндік береді. Бүгінде бізде контейнерлердің жетіспеушілігі сезіліп отыр. Егер контейнерлік парк­ті тарта алсақ, бұл экспорттық мүмкін­діктерді айтарлықтай арттыруға жол ашады. Бұл логистика мен сервис тұрғысынан әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам, – дейді Қ.Тілепов.

Көлік комитеті төрағасының мін­детін атқарушы атап өткендей, Қазақ­станды Орталық Азиядағы негізгі кө­лік-логистикалық хабқа айналдыру жос­парланған. Еуропаға жол ашатын жоспарлар жетерлік.

– Болашағы зор, бірақ толық қол­да­нылмай отырған бағыттың бірі – Иран. Әлеуеттің 19 пайызы ғана пайдаланылып отыр. Сондықтан бұл бағытты пайдалануға үлкен мүмкіндік бар. Бұл Парсы шығанағына, тиісінше, Үндістан нарығына, одан әрі ашық жолдармен еуропалық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Жақында Мемлекет басшысының сапары барысында демонстрациялық контейнерлік пойыз ұйымдастырылды. Ол Қазақстан, Түрікменстан, Иран, Ван көлі арқылы тікелей Түркияға өтті. Бұл – дамытуға және пайдалануға болатын тағы бір ықтимал жақсы бағыт. Жалпы, біздің жоспарымыз – Қазақстанды Ор­талық Азия өңіріндегі негізгі көлік-логистикалық хаб ретінде қайта құру. Бұл үшін барлық алғышарттар бар, көлік инфрақұрылымының сұлбасы жасалды. Қазір темір жол инфрақұрылымын, терминалдық желілерді одан әрі ұлғайту бойынша шараларды қарқынды қа­былдау қажет. Оның ішінде жылжымалы құрамды жаңарту керек. Белгілі бір жос­парлар бар. Мемлекет басшысы біздің ұсынған бастамаларымызды қолдады. Қазір ұзақ мерзімді перспективаға жұмыс тобын құрып жатырмыз, – дейді Қ.Тілепов.

«Транскаспий халықаралық көлік бағыты» халықаралық қауымдастығының бас хатшысы Гайдар Әбдікерімовтің айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағыты дегеніміз – 8 мемлекеттің аумағында 11 мың шақырымға созылған жол бағдары. Бұл жол Қытай Халық Республикасының шығыс жағалауында орналасқан Ляньюньган портынан басталып, Еуроодаққа дейін жетеді. Жол Қытай, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Шығыс пен Батысты жалғайтын аса маңызды көлік дәлізі болып саналады.

– 2017 жылғы 30 қазанда жүктерді өткізу мақсатында Баку – Тбилиси – Карс темір жол телімі ашылды. Ол қазір аяқталуға жақын. Одан басқа, 340 шақырым аумақты қамтитын Зангезур жаңа көлік дәлізі салынады. Бұл да  Қазақстанның жүк жөнелтушілері үшін тағы бір зор мүмкіндік. Ол 5 жылда бітеді деп жоспарланып отыр. Себебі алты елдің министрлері Баку қаласында кездесіп, үшжақты келісімге қол қойып, декларация жариялады. Аталған көлік дәлізі де қазіргі жүк ағынының екпінін қарқынды етеді деп ойлаймыз. Бұдан  басқа, Түркия мемлекетінде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуда. Осылайша, біз Еуроодақ елдеріне тікелей шығуға мүмкіндік аламыз. Ірі интеграцияланған көлік-логистикалық компания құру – қазіргі заманның талабы. Бұл жақсы нәтижелерге жетелейді. Аталған бастама жүзеге асырылса, Қазақстанның әлемдегі логистикалық индексі біршама өседі, – дейді Г.Әбдікерімов.

Оның айтуынша, қазіргі таңда көлік дәлізінде теңіз, темір жол саласын қам­титын жұмыстар атқарылуда. Бұл мультимодалды, интермодалды көлік дәлізі болып есептеледі. Себебі онда тасымалдау бірнеше көлік түріне тиесілі тех­нологияларға сай жүзеге асырылады.

Жол құрылысын сапалы аяқтау маңызды

Президент, ең алдымен, құрылысы басталған магистралды бағыттардағы қайта жаңарту жұмыстарын уақтылы әрі сапалы аяқтау қажет екенін мәлімдеді. Бұл жердегі әңгіме Алматы – Қарағанды, Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат және Талдықорған – Өскемен бағыттары туралы болып отыр. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллиннің айтуынша, Алматы – Қарағанды жобасының маңызы зор. Жалпы ұзындығы 946 шақырым болатын «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін реконструкциялау негізгі 4 учаскеге бөлінген. Олар – Қарағанды – Балқаш (363 шақырым), Балқаш – Бурылбайтал (288 шақырым), Бурылбайтал – Құрты» (228 шақырым) және Құрты – Қапшағай (67 шақырым).

– Қазіргі уақытта жаңа асфальтбетон жабыны бойынша Қарағанды – Балқаш учаскесінің 277 шақырымында қозғалыс жүзеге асырылуда. Осы жылдың 20 мамырынан бастап 10 шақырымында негіздің төменгі қабаты және 32 шақырымында жабынның төменгі қабаты төселді. Жыл соңына дейін қозғалысты толық ашу жос­парланып отыр. Айта кетейік, учаскеде 198 құрылыс техникасы мен 375 адам жұмылдырылған, – дейді Т.Абдуллин.

Балқаш – Бурылбайтал жобасы бо­йынша қазіргі күні 123 шақырымында (43 пайыз) жабын, 143 шақырымында (50 пайыз) негіз және 13,2 млн текше метрінде (75 пайыз) жер жұмыстары орындалыпты. Биыл 114 шақырым бо­йынша қозғалысты ашу жоспарлануда. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталмақ.

– Қазіргі уақытта Бурылбайтал – Құрты учаскесінің 102 шақырымында (71 пайыз) жабын, 111 шақырымында (78 пайыз) негіз және 6,7 млн текше метрінде (90 пайыз) жер жұмыстары орындалды. Жобаны іске асыруға 200-ден астам техника мен 312 адам жұмылдырылған. 2023 жылы жұмыстарды толық аяқтай отырып, 143 шақырым бойынша қозғалысты ашу жоспарланған. Құрты – Қапшағай учаскесінде құрылыс-монтаждау жұ­мыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта жобаны іске асыру үшін инженерлік және өндірістік персоналдың 277 маманы және жол-құрылыс техникасының 131 бірлігі жұмыс істеуде. Айта кету керек, құрылыс жұмыстары басталғаннан бері 4 шақырымында (6 пайыз) жабын, 8 шақырымында (12 пайыз) негіз және 3 млн текше метрінде (71 па­йыз) жер жұмыстары орындалды. Осы жылы төсемнің төменгі қабаты бойынша бір бағытта жүруді қамтамасыз ету міндеті қойылды. Нысанды пайдалануға беру 2024 жылға жоспарланған, – деп нақтылады комитет төрағасы.

Тағы бір маңызды автомобиль дәлізі – Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат ба­ғытының жалпы ұзындығы 436 шақырым. Дәліз екі учаскеге бөлінген Ақтөбе – Қандыағаш (96 шақырым) және Қандыағаш – Мақат (340 шақырым).

– Қандыағаш – Мақат учаскесіндегі құрылыс-монтаждау жұмыстары 2018 жылы басталған. Қазіргі таңда жа­ңа асфальтбетон жабындысы бо­йын­ша қозғалыс ашылды. Осы жылы жұ­мыс­тарды толық аяқтау және пайдалануға беру көзделуде. Бұдан бөлек, жоба аясында Мақат ауданы Доссор кентінің ұзындығы 5 шақырым болатын айналма жолының құрылысы жүзеге асырылды. Ақтөбе – Қандыағаш учаскесін реконстру­кциялау 2021 жылдың сәуір айын­да басталды. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары тұтас ұзындық бойынша жүргізілуде. Осылайша, 5 мың текше метрден астам жер төсемі, 28 шақы­рым төменгі жабын қабаты төселді және 36 су өткізу құбыры монтаждалды.   Жыл соңына дейін жаңа жабын бойынша 46 шақырым бойы қозғалыс ашу жоспарлануда. Жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға көзделген, – дейді Автомобиль жол­дары комитетінің төрағасы.

Мемлекет басшысының өзі маңыз берген бағыттың бірі – Талдықорған мен Өскеменді байланыстыратын жоба. Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автомобиль жолының жалпы ұзындығы – 768 шақырым. Соның 37 шақырымы І техникалық санатқа жатса, 731 шақы­рымы ІІ санатқа тиесілі. Жобаға сәйкес автомобиль жолы 16 учаскеге бөлінген.

– Мұндағы реконструкциялау жұ­мыс­тары 2019 жылы басталған. Қазіргі таңда қозғалыс жолдың төменгі қабатының 593 шақырымы бойынша ашылған. Барлық ұзындығы бойынша қозғалысты ашу осы жылдың соңына таман көзделіп отыр. Ал жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған. Айта кету керек, жұмыстың аяқталу мерзіміне COVID-19 пандемиясы және CITIC Construction Co.LTD, «К-Дорстрой» АҚ және «То­дини Централ Азия» құрамындағы кон­сорциумға қатысушылардың жұмысты жосықсыз орындауы сияқты факторлар әсер етті. CITIC Construction Co.LTD консорциумының басшысы жұмысты өз күшімен жалғастыруға ниет білдірді. Осылайша, құрылыс жұмыстары қайта жаңартылды, техниканы мобилизациялау, материалдарды әзірлеу іске асырылуда, – дейді Т.Абдуллин.

Сонымен қатар Қызылорда – Қарабұтақ – Ақтөбе – Ресей Феде­ра­циясының шекарасы автожолы екі кезеңде реконструкцияланады. Бірінші кезеңде ұзындығы 262 шақы­рым болатын «Ақтөбе – Ұлғайсын» авто­жолының учаскесін реконструкция­лау көзделіп отыр. Қазіргі уақытта жо­балық-сметалық құжаттама әзір­ле­нуде. Ол 2023 жылы дайын болады деп күтілуде. Ал екінші кезеңде, яғ­ни 2025 жылдан кейін ұзындығы 1 101 шақырымды құрайтын қалған учас­келерді қайта жаңарту жоспарланған.