Бұл оқиға 2016 жылы болған. Сол күні тәртіп сақтауды қадағалап жүрген Руслан Акматовтың патрульдік экипажына Есілдің үстіндегі көпірге шығып, биіктен секіремін деп тұрған қызды құтқару туралы тапсырма түседі.
«Қыз көпірдің жақтауынан ғана ұстап тұрды. Оған жақындау мүмкін емес еді. Ашуы шегіне жеткен қыз сәл қателік жіберсек, көпірден құлауға дайын болатын», деп еске алады Руслан Акматов. Сондықтан Руслан қызға жылы сөйлеп, байланыс жасауға тәуекел етеді. Басында ешбір сөзге илікпеген қыз бірте-бірте тілге келеді. Алдымен жігіттен темекі сұрайды. Қуанып кеткен жігіт өзінің спортшы екенін, сондықтан темекі шекпейтінін айтып, қазір әріптесімнен алып берейін дейді. «Темекіні алып, биіктегі жақтаумен жақындай бергенімде қыз шошынып, «жақындамаңыз, секіремін» деп баж етті. Мен темекі бергелі келе жатырмын, алыстан бере алмаймын ғой деп жақындай түстім. Қыз қолын созып темекіні ала бергенде білегінен шап беріп ұстай алдым. Дегенмен секіріп кетсе мені де тартып әкетуші еді, сондықтан оны жақтаудың басқышынан бұлтартпай сүйрелеп отырып, алып шықтым», деп еске алады Руслан.
Өз өмірін қатерге тігіп адамды ажалдан алып қалғаны үшін ол мемлекеттік наградаға сол жылы ұсынылған болатын. Бірақ марапат белгісіз себептермен берілмеді. Тек Төтенше жағдайлар қызметінің ведомстволық ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісін ғана алған еді. Бірақ «аққа Құдай жақ» дегендей оны наградтау туралы ұсыныс қайта қаралып, жуырда Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Марат Ахметжанов Президенттің Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалін батырдың кеудесіне тақты. Сөйтіп, кешіккен награда иесін тапты.
Қазір Руслан Акматов сол патрульдік полиция қызметінде істейді, шені аға лейтенант. Ол кешіккен марапатқа өзінің ешқашан алаңдамағанын айтады. Өзінің кәсіби міндетіне адал, мойнына жүктелген тапсырмаларды ыждаһатпен орындап, әрқашан алда болуға тырысады. Ал патрульдік полиция қызметінде әртүрлі жағдайлар, оқыс оқиғалар жиі кездеседі. Босанатын әйелді перинаталдық орталыққа кедергісіз жеткізу, бұзылған көлікті сүйреп апаруға көмектесу, қарт адамды жолдың арғы бетіне өткізу, жоғалғандарды іздеуге қатысу – міне, осылар Р.Акматов жұмысының бір парасы ғана. «Полиция қызметкері үшін ең бастысы, менің ойымша, адал, әдепті болу, қызметтік міндеттерді абыроймен атқару және жай ғана адам болып қалу», дейді кейіпкер. Руслан спортпен де белсенді айналысады. Әріптестерімен бірге шығыс жекпе-жегінің қыр-сырларын үйренеді.
Айта кететін жайт, қазір Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаментінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған Русланнан басқа 8 полиция қызметкері қызмет етеді.
Солтүстік Қазақстан облысы