• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Шілде, 2022

Тоғыз келін топ жарды

340 рет
көрсетілді

Елордада «Қазақ аналары – Дәстүрге жол!» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен I рес­публикалық «Абысын-ажын» байқауы өтті. Қазақы ділімізге жақын салт-дәстүр, туыс­­қандық, әулет, отбасы өміріндегі әйел-ана­ның алар орны арқау болған сайыс биыл алғаш рет өткізіліп, оған республика бойынша 10 топ қатысқан. Аталған сайысқа Маңғыстау облы­сының Түпқараған ауданы Ақшұқыр ауылының Жауыновтар шаңырағының 9 келіні енесімен бірге қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.

– Жауыновтар отбасының отанасы Қымбат Далабаева дүбірлі додаға 9 келінімен қатысты. Алдымен олар,  «16 қыз» әнімен өздерін таныстырс­а, келесі кезеңде өздері жасаған текеметті көрсетті. Содан соң балық асып, бидайдың ұнына дайындалған қамырды қонақтарға ұсынды. Ал келесі өнер көрсету кезеңінде 9 келін  енесінің баянмен сүйемелдеуімен халық әні «Ақтамақты» жанды дауыста орындады. Сән көрсету айналымында келіндер қыз ұзату салтын сахналады. Нәтижесінде, Жауыновтар отбасы ең жоғары ұпаймен жеңіске жетті, дейді ене мен тоғыз келінді аталған сайысқа дайындаушылардың бірі Мәнет Шырақбай. 

Жауыновтар отбасы тәлім-тәрбиесімен, өнерімен, шеберліктерімен үлгілі. Тоғыз ұл мұнай саласында еңбек етеді, қазақтың салт-дәстүрін сақтаған, ене жолын қуған келіндерінің бірі шебер болса, бірі – аспаз, бірі  – әнші.

Отағасы Жолекеш Жауынов пен Қымбат Дала­баева 1964 жылы шаңырақ құрған. Қымбат әже 11 құрсақ көтерген, екі баласы жастай шетінеген. Қымбат Далабайқызы өмірден ерте кеткен қайынағасы мен абысынынан қалған 6 ұл-қызды өзінің 9 баласына қосып бағып, 15 баланың әрқайсысын жеке-жеке шаңырақ қылған екен. Ауыл шаруашылығында шопан, жүргізуші болып қызмет етіп зейнетке шыққан отағасы 2008 жылы дүниеден өтті.

Бүгінде ұлдарын ұяға қондырған Қымбат әже – салт-дәстүрді насихаттаушы, қазақтың ағаш үйін дәріптеуші, он саусағынан өнері тамған шебер, баянмен жиын-тойдың сәнін келтірген әнші, «Алтын алқа» иегері. Халықтық атағы бар «АЙНА» этнографиялық-концерттік ұжымының және Халық­тық атағы бар «Асыл әжелер» ансамблінің мүшесі. Қымбат әже 9 ұлынан 37 немере, 37 шөбере сүйіп отыр.  Өз орталарына беделді, үлкенге ізетті, кішіге құрметті ел сыйлаған әулет республикалық байқауда топ жарып, 350 мың теңге сыйақыны иеленіп қайтты.

 

Маңғыстау облысы