Биылғы оқу жылында Семейдің білім беру қоры екі жаңа мектеппен толығады. Мәселен, Шығыс кентінде 1 200 оқушыға арналған мектеп ашылса, Степной кентінде 300 орындық мектеп балалардың игілігіне беріледі.
Бұл жөнінде облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев білім беру нысандарының құрылысымен танысу кезінде айтты. Өңір басшысы Семейдегі мектептер мен көп пәтерлі үйлердің құрылысын бақылап қайтты.
Айталық, Степной елді мекенінде аялдап, 300 оқушыға шақталған мектептің құрылыс жұмыстарына қанықты.
«Қазір мұнда әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қыркүйекке дейін барлық жұмыс аяқталады. Жылумен жабдықтау желілеріне байланысты мәселелер бар», деді мердігер компания өкілдері.
Облыс әкімі Шығыс кентіндегі 1 200-дей баланы қабылдауға қауқарлы мектептің де құрылысын бақылап, ондағы жұмыстардың қарқынын бағалады.
Мектепте үлкен спорт залы қарастырылатынын көріп, өскелең ұрпақтың арасында бұқаралық спортты дамытудың маңыздылығын айтты.
Н.Ұранхаев Қарағайлы шағын ауданындағы тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысының барысын бағамдады. Жылу желілеріне байланысты кейбір проблемалар бар екені анықталды. Оны жақын арада шешу үшін бейінді басқармалар мен бөлімдерге жұмыс барысын бақылау тапсырылды.
Абай облысы