• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Шілде, 2022

Сақтанбағанға судан да қауіп бар

264 рет
көрсетілді

Жаз маусымы қызған сайын жағажайда демалған жұрттың қарасы көбейіп тұр. Бірақ адамдар от пен судың да қатері барын қаперден шығарып алмау керек екенін үнемі ескере бермейді. Ал мұндай жағдайлардың көбі қайғылы оқиғамен аяқталып жатады. Өкініштісі, бұл қаралы тізімге енгендер арасында Алматы облысы тұрғындары да азаймай тұр.

Қайғылы оқиға суға түсу маусымы ашылғалы бері Қапшағай су қой­ма­сының демалысы орындарында жиі қайталанады. Өткен бір айдың шамасында бірнеше мәрте дабыл қағылып, құтқарушылар көмегіне жүгінгендер саны артқан. Оның ішінде бірнеше оқиға адам өлімімен аяқталыпты.Төтенше жағдай қызметінің мамандары адам өліміне апарып соғатын жағдайлардың барлығы дерлік арнайы белгі қойылмаған, яғни суға түсуге рұқсат етілмеген айлақтарда бола­тынын айтады. Жағалаудың көзден таса жатқан бөліктерінде суға түсу өте қауіпті. Көбіне аяқ асты суға батып кеткен адамды құтқару үшін мамандар жетіп үлгермейді екен. Мәселен, жақында Қапшағайдағы «Голубой залив» аталатын демалыс орны маңында төрт адам бірдей суға батып кетті. Ажал айтып келмейді дегендей, оқыс жағдайдың салдарынан бір отбасы түгелімен су астында тұншығып, құтқарушылар көмек қолын соза алмаған.

– Су қоймасында шомылу барысында толқын көтеріліп, екі ағайынды бала бата бастаған. Оларды ағасы, тәтесі және апасы құтқаруға ұмтылған. Бірақ өкінішке қарай, тек апасы ғана аман қалды. Құтқарушылар екі бала мен ер адамның денесін судан алып шықты. Біз үнемі азаматтардан арнайы жабдықталған орындарда ғана суға шомылуды, жүзе ал­майтын адамдарды белден жоғары тере­ң­діктегі суға түспеуді, балаларды су жанында қа­рау­сыз қалдырмауды, су жа­­нында демалу кезінде спирттік ішім­дік­­терді ішпеуді және толқындар мен да­уылды ауа райында суға шомылмауды сұ­­­рай­мыз. Өкінішке қарай, адамдар бұл қа­уіпті ескере бермейді, – дейді об­лыс­тық Төтенше жағдайлар депар­та­ментінің өкілі.

Жалпы, Қонаев қаласында құтқа­ру­шылар кезекшілігі ұйымдас­тырылған 7 қалалық жағажай бар. Олар құтқару мұнараларымен және шомылу кезінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін басқа да қажетті құралдармен жабдықталған. Ал көл жағалауында 140 шамасында жеке демалыс орны бар.

Қазір құтқарушылардан маза кет­ті десе де болады. Олардың қырағылығының арқасында ажалдан аман қалғандар да же­терлік. Таяуда ғана Қапшағайда үр­ле­­мелі матраспен жағадан 250 метр алысқа жүзіп кеткен 1997 жылғы ер адам құт­қа­рылды. Дәл осы сәтте жағадан 400 метр қашықтыққа алыстап, суға бату қаупі төнген тағы екі ер адамға көмек көр­се­тіл­ген екен. Өкінішке қарай, тағы бір күні құт­­­қа­ру­шылар Қапшағай көлінен 2004 жылы туған жасөспірімнің денесін алып шық­ты. Жасөспірімге алғашқы меди­ци­на­­­лық көмек көрсетілгенімен еш нәтиже бол­­маған.

Айтпақшы, жыл басынан бері елі­міз­де 134 адам суға кетіп қайтыс болса, оның ішінде 51 бала бар. Ал бірінші мау­сымнан бері 91 адамның ажалы судан келсе, оның да отыз сегізі жас­өспірім екен. Осы аралықта құт­қа­ру­шылар 98 ересек адам мен 29 баланы құтқарып, ажал­дан аман алып қалған көрінеді.

 

Алматы облысы