ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев қайта адам опатына соқтырған Қырғызстанның оңтүстік Жалалабад облысындағы қайғылы оқиғаларға байланысты өзінің терең алаңдаушылығын білдірді.
Қ.Саудабаев мынадай мәлімдеме жасады:
“Мен барлық тараптарды зорлық-зомбылыққа жол бермей, алдағы уақытта қақтығыстың алдын алуға барлық шараларды қабылдауға және туындаған мәселелерді төзімділік пен ымыраға келу арқылы шешуге шақырамын. Оның үстіне, ұлтаралық қақтығысқа мүлдем жол берілмеуі тиіс. Қырғызстанды дағдарыстан шығаруға жағдай туғызатын тәртіп пен заң үстемдігін, келісім мен қоғамдағы тұрақтылықты тез арада қамтамасыз ету қажет.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы ретінде Қырғызстандағы дағдарыстың бірінші күннен бастап оны тұрақтандыруға барынша күш-жігер жұмсап келеді. Қырғызстандағы күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шешімімен үстіміздегі жылдың 6 сәуірінде дағдарыс кезеңіне қабылданған Қазақстан-Қырғызстан мемлекеттік шекарасындағы шектеулерді 20 мамырдан бастап жойды.
Бішкектегі ЕҚЫҰ Орталығы елдің солтүстігіндегі де, оңтүстігіндегі де мәселелерді шешуде белсенді үлес қосып, жағдай мониторингін тұрақты жасап отыр.
Соңғы уақытта жағдайды тұрақтандыруға қажетті көмек көрсету мақсатында Қырғызстанда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, ЕҚЫҰ-ның Бас хатшысы М.П. де Бришамбо, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының төрағасы Ж.Соареш, ЕҚЫҰ-ның Ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары К. Воллебек және Ұйымның басқа да жоғары дәрежедегі өкілдері болды.
Мен Қырғызстан уақытша үкіметінің басшысы Роза Отунбаевамен телефон арқылы сөйлестім. Әңгіме барысында мен ол елдегі аяқталмай жатқан қақтығыстарға біздің алаңдаушылығымызды жеткіздім және ЕҚЫҰ-ның, оның институттарының және Бішкектегі Орталығының Қырғызстанға тез арада дағдарыстан шығып, ары қарай конституциялық дамуға барынша көмек көрсетуге дайын екендігін айттым”.