• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 20 Шілде, 2022

Елордалық дзюдошы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанды

314 рет
көрсетілді

Тайланд астанасы Бангкокте дзюдодан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Оған 16 елден 200-ге тарта спортшы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Төрт күнге созылған құрлық біріншілігіне Қазақстаннан 20 спортшы қатысып, бақ сынады.

50 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жерлесіміз жарыстың екінші күнінде алдына жан салмады. Нәтижесінде елордалық Ерболат Сыздық жасөспірімдер арасында Азия біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды.

«Қарсыластарым өте мықты болды. Бәрі жақсы дайындалған. Бірінші орын үшін айқастың өзі тартысты болды. Енді тамыз айында әлем чемпионаты өтеді. Сол жарыста тек алтын әкелуге тырысып, елімнің намысын қорғап, көк туымызды желбіретіп, ән ұранымызды шырқатуға бар күш-жігерімді саламын. Әлі уақыт бар, жаттығуларды үзбей жасау керек», деді Ерболат.

Спортшы бұған дейін де дзюдодан ел чемпионаттары мен әлемдік жарыстарда жүлдегер атанып, қаланың мерейін асырған болатын.

18-21 шілде аралығында өткен сары құрлықтағы бұл жарыс Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үшін жылдың басты додасы әлем чемпионатына дайындықтың негізгі кезеңі болып саналады.

Жалпы Азия чемпионатының қорытындысы бойынша қазақстандық жасөспірім дзюдошылар 13 медаль иеленді. Оның төртеуі алтын, үшеуі күміс, алтауы қола жүлде.

Осылайша, байрақты бәсекеде отандастарымыз ел намысын 16 салмақ дәрежесінде қорғап, жалпы командалық есеп бойынша ІІ орынмен аяқтады.