«Жол амандығын берсін» деп ақ ниетпен сапарға аттанғанымен, кейбір көлік жүргізушілері асфальт жолды көргенде арқасы қозып кететін сияқты. Жоғары жылдамдықпен жүйткіген автомобильдер барар жеріне жете алмай, талай тағдыр үзілді. Жазғы маусым басталғаннан бері елімізде жол-көлік оқиғалары жиілеп кеткені рас. Саяхаттауға аттанғандар «мәңгілік мекенге» аттанып жатыр.
Иә, әлеуметтік желіні ашып қалсаң, күн сайын жолда қаза болғандар жайлы ақпараттар толып тұр. Күні кеше Оралда екі жеңіл көлік бетпе-бет соқтығысып, 8 адам жан тапсырды. Қарағанды облысында да шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, 8 жолаушы қайтыс болды. Біз адам шығыны көп екі оқиғаны ғана мысал келтірдік. Өткен демалыстың өзінде республика бойынша 80-ге жуық жол апаты тіркелген. Жыл басынан бергі статистиканы ысырып, тек жазғы маусым басталғаннан кейінгі жол апаттарды тізбелесек, жолға шығуға жүрексініп қалатыныңыз анық. Өкініштісі сол, тәжірибелі жүргізушілер ережелерді қатаң сақтағанымен, ажалы өзгеден кеп жатады. Көлік салонындағы жолаушылардың тағдыры да соған ұқсас.
Өңірлердегі статистикаларға көз жүгіртсек, Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 124 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қайтыс болған. Павлодар облысында осы жылдың 6 айында 215 жол-көлік оқиғасы орын алып, 37 адам ажал құшқан. Өзге өңірлердегі көрсеткіштер де осының ар жақ бер жағы. Мүгедек арбасына таңылғандар қаншама?! Қайғылы жағдайдың себептері таңсық емес. Көбіне жылдамдықты шамадан тыс арттыру, қарама-қарсы жолаққа шығып кету сияқты ережелердің бұзылуы тіркеліп отыр.
Жүргізушіге «жолда байқап жүр» деп айту аздық етер. Жол ережесін сақтамасаң, ырым қылып таққан тәсбихтің де пайдасы шамалы. Сайып келгенде, мамандар заңды күшейту арқылы жол тәртібін реттеуге болатынын айтады. Арнайы айлар өткізу де жүгенсіз кеткен жүргізушілерді тәубесіне келуге септігін тигізеді деп күтіледі. Осы ретте елімізде шұғыл түрде 18 шілдеден бастап жол қауіпсіздігін сақтауға үндейтін кезекті ай басталғанын атап өткен жөн.
Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің айтуынша, ең бірінші кезекте жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асыратын автобус, шағын автобус, минивэн сияқты көліктер қатаң бақылауға алынбақ. Такси қызметін ұсынатын жүргізушілер де назардан тыс қалмақ емес. Осы жұмыс шеңберінде автомобильдердің техникалық жағдайынан бастап жүргізушілердің тиісті құжаттары жіті тексерілмек. Осылайша, жол сақшылары бір ай бойы аяғынан тік тұрып, жағымсыз жағдайлардың алдын алуға барын салады. Жалпы, ай шеңберінде ғана емес, жыл бойы жол қауіпсіздігін сақтауға бағытталған жоспарлар қамтылған.
Жолаушылар тасымалдауға лицензиясы бар автопарк жүргізушілерінің әр рейске шыққан сайын денсаулығы тексерілетіні белгілі. Алыс жол болса, екі жүргізуші де қарастырылған. Мұны қозғап отырғанымыз бекер емес. Қарағанды облысында орын алған қайғылы оқиғада шағын автобус жекенің иелігінде болып шықты. Осы ретте жеке тұлғалардың иелігіндегі шағын автобустарды да сүзгіден өткізсе артық етпейтін шығар. Соңғы уақытта екі облыстың арасын жалғап такси қызметін ұсынған, «ыңғайлы» деген мәртебемен жолаушылардың сұранысына ие болған Toyota Alphard маркалы автокөліктері де жиі жол апатына ұшырайтыны айтылып жүр. Мысалға алсақ, кейбір таксишілер Нұр-Сұлтан – Павлодар бағыты бойынша бір тәулікте 2-3 рет әрі-бері адам тасиды. Түнгі уақыт та кедергі емес оларға. Жандос Мұратәлиев жол апаттары көбіне түнгі уақытта орын алатынын мәлімдеді. Ендеше, жолаушыларды тасымалдауға заңды рұқсаты жоқ таксишілердің жұмысын реттейтін уақыт жеткен сияқты.
– Жол-көлік оқиғаларын саралап отырсақ, бес жолаушыға арналған жеңіл көліктерде 7-8 адам жан тапсырып жатады. Жолға шықпай жатып ереже бұзылды деген сөз. Қайғылы жағдайлар көбіне түнгі уақытта орын алатыны тіркеліп отыр. Көлік иелері ұйықтап кетеді. Сол себепті жол-патрульдік қызметінің жұмысы түнгі уақытта күшейтілді. Көлікті тоқтатқанда ережені бұзу-бұзбауы өз алдына, барар жеріне аман-есен жету үшін қажетті кеңестер беріледі. Қашан жолға шықты? Ұйқысы келіп тұрған жоқ па? Осындай тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сапасыз жолдың да кері әсері көп. Бұл ретте тиісті органдарға жолды жөндеу, арнайы жол белгілерін орнату сияқты хабарламалар жіберіледі, – дейді Жандос Мұратәлиев.
Көлікті себепсіз тоқтатуға болмайтыны белгілі. Бірақ арнайы ай шеңберінде рұқсат етілген. Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жол ережесін сақтауға шақырады. Салондағы жолаушылардың өміріне жауапты екенін саналы түрде сезінсе екен дейді.
Белгілі болғандай, республикалық жолдардың жалпы ұзындығы 24-25 мың шақырымды құрайды. Ол аумақта 6 мыңға жуық жол-патрульдік қызметінің мамандары тәртіп орнатуға кіріскен. Әрине, сақшылар жолдың әр бөлігін қадағалауға үлгермес. Осы ретте жыл соңына дейін көптеген өңірде «Сергек» бейнекамераларының саны артпақ. Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитетінің жол қауіпсіздігі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, жол бойындағы ақпараттық билбордтардың да көмегі аз емес. «Жүргізушілерге сәл болса да ой тастап, сергітуге септігін тигізеді», дейді ол.
Ой демекші, бұрындары елді мекендерге кіреберіс жолда жол апатына түсіп, мыжылған көліктер ескерткішке ұқсап тұратын. Ол да психологиялық тұрғыдан жүргізушіге ой тастайтын. Осыдан он жыл уақыт бұрын жолда қаза болған адамдарға жолдың бойында арнайы белгі орнату белең алған еді. Имамдар мұны діни тұрғыдан сараптап, дұрыс емес деген пәтуаға келген болатын. Былай қарасақ, оның да жүргізушілерге ой тастайтындай «қауқары» бар сияқты. Кейбір жүргізушілер сапасыз жолды, бағусыз малды себеп қылдырып өздерін ақтағандай болады. Ал шын мәнінде әр жүргізуші жол ережесін қатаң сақтаса, билборд, ескерткіш деп бас қатырып отырмас едік. Көлік тізгіндеген адам өзінің өміріне ғана емес, көлік ішіндегі адамдардың тағдырына да жауапты екенін ұмытпағаны абзал.