• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2010

ТҰЛҒАНЫ ТҰҒЫРЛАНДЫРҒАН ТУЫНДЫ

443 рет
көрсетілді

Кеше Ресей Федерациясының Астанасы Мәскеу қаласындағы “ИТАР-ТАСС” агенттігі ғимаратының үлкен мәжіліс залында Ұлы­бри­та­нияның белгілі жазушысы және қоғамдық қайраткері Джонатан Айт­кеннің бұдан бұрын ағылшын тілінде жарық көрген “Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы” (“Нурсултан Назарбаев и созидание Казахстана”) атты кітабының тұсаукесері болып өтті. Оған осы елге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов қатысты.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ – Мәскеуден.

Тұсаукесер рәсімін “ИТАР-ТАСС” агенттігінің басшысы Виталий Игнатенко ашып, кіріспе сөз сөйледі. “Бүгін біз Қазақстан және Ресей елдерінің рухани-мәдени өміріндегі аса елеулі оқи­ғаның куәсі болып отырмыз, – деп бастады ол сөзін. – Нұрсұлтан Назарбаев – тек Қазақстан  мем­лекетінің қалыптасуы ғана емес, бүкіл ТМД елдерінің дамуына, кеңестік кезеңде қалыптасқан бай­ланыстардың үзіліп қалмай, за­манға сай қайта интеграция­ла­нуы­на өлшеусіз үлес қосқан дарынды да тарихи тұлға. Сондықтан белгілі ағылшын жазушысы Дж. Айт­кен­нің бүкіл Батыс елдері оқыр­ман­дарын елең еткізген кітабы орыс тіліне аударылып, ізінше Мәс­кеу­дің “Художественная литература” баспасынан жарық көрді. Осы бір әлемдік дәрежедегі танымал тұл­ға­ға, бүкіл қазақстандықтарға бауыр­лас Ресей тарапынан жасалған лайықты құрмет деп білемін”. Одан кейін сөз кезегі Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке беріл­ді. Ол өз сөзінде дүние жүзі таны­ған реформатор, Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың бүгінде өрке­ниет әлемінен өзінің лайықты орнын алған, дамыған мемлекет­тер шоғырында бәсекеге қабілет­тілігін айқындай бастаған жаңа Қазақ елін құрудағы баламасыз еңбегін айта келіп, Қазақстан Пре­зидентінің өмір жолы мен көш­басшылық ғұмырдәйегін талғамы тоқсан батыс оқырмандарына кеңінен танымал етіп, ерекше қызығушылықтарын оята білген Джонатан Айткенге шынайы ықыласын білдірді. Сонымен бірге Кәрім Мәсімов өткізуге ұйытқы болған В.Игнатенконың Нұрсұл­тан Назарбаевты тек Қазақстан Республикасының Президенті ре­тінде ғана емес, сонау бір кезең­дерде Қазақстан және Украина магниткаларының дамуына қол­таң­басын қалдырған металлург ретінде танитынын, ұзақ жыл­дар­дан бері сыйлас азаматтар болып келе жатқанын тілге тиек етіп, достықтың мұқалмас қасиеті тағы бір қырынан танылып отырғанына шын алғысын айтты. Ақиқатында талғамы терең Мәскеу зиялыларының “ИТАР-ТАСС” агенттігінің үлкен мәжіліс залына тола жиналуы да осы айтылғандардың ақиқаттығын паш еткендей. Белгілі саясаткерлер, әдебиет және өнер қайраткер­лерімен қатар Ресей астанасын­дағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері де өтіп жатқан мәдени шараға жан-жақты қызығушылық танытып, бояуы кеппеген туындының авторы Дж. Айткеннен қолтаңба алу үшін жалықпай кезекке тұрды. Тұсаукесер рәсімінде “Худо­жес­твенная литература” баспа­сының басшысы Григорий Пря­хин сөз алып, жарыққа шығып отырған еңбектің ерекше құнды­лы­ғына тоқталды. Қазір әлемде Қытайдың экономикалық даму тәжірибесіне таңданыс қандай дәрежеде болса, ТМД елдері кеңіс­тігінде қазақстандық экономика­лық өрлеу тәжірибесіне қызығу­шылық, оны түсінуге деген талпы­ныс тура сондай дәрежеде. Ен­деше, қазақстандық экономика­лық даму ғажайыбының авторы – реформатор Нұрсұлтан Назарбаев­тың өмірі мен өнегесіне деген қызығушылықтың артып отырған­дығы заңды құбылыс. Міне, осы уақыт сұранысын дарынды жазу­шы, Ұлыбританияның кезіндегі белді саясаткері, қазіргі танымал қоғам қайраткері Джонатан Айт­кен шебер де сапалы қанағаттан­дыра білген, деді ол сөзінің соңында. Тұсаукесерде шығарма ав­торы Дж.Айткен және РФ Сыртқы істер министрінің орын­басары Григорий Карасин де сөз сөйледі. Бірнеше сағатқа созылған отырыста шынайы шығарма барынша қызу талқыланды. “Художественная литература” баспасы 10 мың данамен жарыққа шығарып отырған “Нұрсұлтан Назарбаев және Қазақстанның жасампаздығы” атты кітапты ағыл­шын тілінен Олжас Сүлей­менов пен Виталий Игнатенко аударған. Сонымен ағылшын тілін­де жазы­лып, Батыс елдері оқырмандарын ерекше елең еткіз­ген шығарма орыс тілді қалың оқырманға жол­дама алды. Суреттерді түсірген Шүкір ШАХАЙ.