• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Шілде, 2022

Абай облысына газ қашан тартылады?

247 рет
көрсетілді

Абай облысы көмірді көп тұтынатын өңірлердің қатарына кіреді. Бұл өз кезегінде экологияға әсер етпей қоймайтыны белгілі. Сондықтан да өңірге газ тарту күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналды.

Өзекті мәселені Семейге келген Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының алдын­да жергілікті белсенділер тағы да көтерді. Мә­селен, қоғам белсендісі, Amanat партия­сының мүшесі Владимир Халиннің пікіріне сүйенсек, өңірдегі газдандыру мәселесі 2013 жылдан бері айтылып келеді. Алайда осы уақытқа дейін сең қозғалар емес.  

«Аталған мәселенің Парламент пен Үкі­меттің деңгейінде талқыланғанын, сондай-ақ Семей мен Шығыс Қазақстанда газдан­дыруды пысықтау жөніндегі комиссия құрылып, газ таратылатын желінің бір бөлігі Павлодарға дейін жалғасатыны тура­лы хабардармыз. Осы мақсатта көгіл­дір отынды таратудың бірнеше бағыты әзір­ленгені мәлім. Атап айтқанда, Орта­лық Қазақстаннан тарту мүмкіндігі қарас­ты­рылған еді. Алайда оның шығыны көп. Зайсан жақтан да газға қосылуға болады, бірақ онда қажетті отынның қоры аз. Үшінші нұсқа – Ресейдегі Алтай өңірін газдандырып отырған Веселояр құбырына қосылу», деді В.Халин.

Қоғам белсендісі қаланың экологиялық ахуалы көңіл көншітпейтінін және жылу қазандықтарынан ауаға шығып жатқан зиянды қалдықтың көлемі едәуір екенін жеткізді. Бұл ретте Қазақстан 2060 жылға қа­рай көміртегінен толық арылуды көз­деп отырғанын айта кеткен орынды. Сол се­бепті Жаңа Қазақстанда осындай түйт­кіл­ді мәселелер өз шешімін табу керек деп санайды жергілікті қоғамдық ұйым өкілдері.  

«Бұл мәселені біз міндетті түрде қарастырып, әріптестерімізбен ақыл­даса­мыз. Оны шешудің жолдарын пысықтау қажет. Аталған бағытта Үкіметпен бір­лесіп, барлық ықтимал жобаны жинақ­тап, ұсыныстарды жеткіземіз», деді Парла­мент Мәжілісінің депутаты Әмірхан Ра­хым­жанов.

Бұдан бөлек, өңірдегі тағы бір қорда­ланған проблемалардың бірі – әбден то­зығы жеткен жолдар мәселесі. Мәжіліс депу­таттары облыстың шалғай елді мекен­деріне сапар шегіп, расымен де жол инфра­құрылымы жіті көңілді қажет ететінін мойындады.

«Абай, Ақсуат, Көкпекті және Катон­қа­рағай аудандары мен Курчатов қалаларын аралап қайттым. Жол мәселесінің өзектілігі артып тұрғанын байқадым. Десе де сең қозғалды деп айтуға болады. Әлбетте, қалған уақыттың ішінде 405 шақырым жолды жөндеу мүмкін емес. Майқапшағайдан Зайсанға қарай, сол секілді Көкпектіден Қалбатауға дейінгі жолды жөндеу баста­лып кетті. Алайда Ақсуаттан бастап Көкпектіге де­йінгі жол учаскесінде адам аяғы бас­пағаны көрініп тұр. Егер де биыл кем дегенде 100 шақырымдай жолды жөндеп өтсе, оның өзі жаман емес», деді Ә.Рахымжанов.

Ал Жанат Омарбекова айтқандай, Се­мей еліміздің мәдени және тарихи орта­лығы саналатындықтан қаладағы көнеден сыр шертетін архитектуралық нысандарды сақтап, қалпына келтіруге көңіл бөлу керек.

«Мәдениет министрлігімен бірлесіп, қаладағы тарихи ғимараттарды сақтау мәсе­лесін көтердік. Өйткені Семей өзінің тарихи мұраларымен әйгілі. Семейліктердің қоқыс үйінділеріне байланысты шағымданып жатқанын білеміз. Айталық, мұндай көрі­ністі саябақтар мен үйлердің жанынан өт­кенде байқауға болады. Бұл орайда таза­лық­ты әркім өзінен бастап, балаларға үлгі көрсете білу керек», деді Мәжіліс депутаты.

 

Абай облысы