Үкіметтің есебі бойынша 2023 жылы Қазақстан бірқатар өнімдермен бірге қант өндірісі бойынша да азық-түлік қауіпсіздігіне қол жеткізуі тиіс еді. Бүгінде қанттың 60 пайызы сырттан импортталады. Алайда Үкіметтің жуырдағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы атап өткендей, шынайы көрініс мүлдем басқаша. Мәселен, бұрын іске қосылған жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның үстіне жүктемесі де 30 пайыздан зорға асады.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі 2026 жылға қарай қант қызылшасының үлесін 6 есеге (7 пайыздан 43 пайызға дейін) арттыруды жоспарлап отыр. Алайда соңғы төрт жылда қант қызылшасының аудандары үштен бірге азайды. Біз импорттық қантқа 90 пайызға тәуелдіміз. Бұл жерде ЕАЭО аясындағы шешімдерді алға тартуға болады. Бірақ кез келген жағдайда бұл Үкіметтің кемшілігі болып қалмақ. Демек, мемлекет ұстанымын қорғай алмады», деген Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайды реттей алмаған екі министрліктің басшысына сөгіс жариялады.
Президент Үкімет шұғыл түрде қант саласын дамыту жөніндегі жеке салалық жобаны әзірлеуі керек екенін жеткізді. Ондағы мақсат – импортқа тәуелділікті барынша қысқарту, өзін-өзі қамтамасыз етуге біртіндеп көшу.
«Бұл салаға ішкі және шетелдік инвесторлардың қызығушылығы айтарлықтай жоғары. Сондықтан дұрыс тәсілдер қажет. Бұл ішкі саяси маңызы бар үлкен мәселе», деді Мемлекет басшысы.
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Әбілхайыр Тамабек Жамбыл және Жетісу облыстарына арнайы барып, жағдаймен танысты. Вице-министр Көксу қант зауытында жетісулық фермерлермен кездесу өткізді. Ол бұл өңірге елдегі қантқа қатысты қалыптасқан жағдайды талқылау, оны тұрақтандыру үшін нақты қадамдар жасау және қант саласын дамыту мәселесін өндірушілермен бірлесіп қарастыру мақсатында келгенін атап өтті.
Шаруалар мен зауыт басшылығы ведомство өкілдерімен саладағы қордаланған мәселелерді талқылап, өз ұсыныстарын айтып, сұрақтарын қойды. Атап айтқанда, кездесуге қатысушылар зауыттың қант қызылшасының сатып алу бағасының төмен екенін айтты. Жыл сайын жиналған өнім қант зауыттарына өңдеуге тапсырылады. Зауыттар төлейтін баға қызылша өсірушілердің жұмсайтын шығындарына сәйкес келмейді. 2021 жылы зауыт пен мемлекет бір кило қызылша үшін 20 теңге төлеген екен.
– Шаруаларды қолдау мақсатында биыл мемлекет қант зауыттарының сатып алу бағасын ұлғайтты. Енді зауыт 15 теңге, ал мемлекет субсидия ретінде 15 теңге төлейтін болады. Осылайша, бір тонна қант қызылшасы үшін шаруалар 30 мың теңге алады. Орта есеппен облыста фермерлер қант қызылшасынан гектарынан 350-ден 400 центнерге дейін өнім жинайды. Биылғы жоспар – 200 мың тонна, – деді Ә.Тамабек.
Сондай-ақ кездесуге қатысқан өндірушілер қызылша егетін аймақты сумен қамтамасыз ету, фермерлер мен қайта өңдеу зауыттарын техникалық жабдықтау мәселелерін талқылады. Өңірдегі ең ірі қант зауыттарының бірі «Көксу қант зауыты» ЖШС тәулігіне 2 мың тоннаға дейін қант қызылшасын өңдейді. Күніне 200 тоннадан астам дайын өнім алады. 2022 жылдың басынан бері кәсіпорын 29 мың тонна қант өндірді. Зауыт жылына 250 мың тонна қант өндіреді. Сондай-ақ құрақ қантының жылдық қуаты 35 мың тонна шикізатты құрайды. Көксу қант зауыты 1932 жылы құрылған. 2015 жылы зауыт жөнделіп, іске қосылды. Оны жөндеуге шамамен 4 млрд теңге жұмсалды. 2017 жылы 1,5 млрд теңгеге зауыт жаңғыртылып, өнімділігі жоғары жаңа жабдықтар орнатылды.
Вице-министр қатысушыларға жүйелі сипаттағы проблемалар мен ұсыныстар үкіметтік деңгейде қаралатынын айтты. Сондай-ақ барлық жинақталған проблемаларды сындарлы, ашық диалог пен өзара сенім арнасында ғана шешуге болатынын атап өтті.
Ә.Тамабек мұның алдында Жамбыл облысының Меркі, Жамбыл, Байзақ және Талас аудандарындағы шаруалармен кездескен еді. Кездесуге қатысқандар агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелерін, күзгі дала жұмыстарының барысын талқылады. Сонымен қатар вице-министр қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Айта кетейік, Жамбыл облысы – Қазақстандағы қант қызылшасын өсіретін негізгі өңірлердің бірі. Өнімді қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттар да осы өңірге тиесілі. Жамбыл облысы әкімдігінің деректеріне сүйенсек, 2022 жылы қант қызылшасының егіс алаңы 6,1 мың гектарды, ал 2021 жылы 5,6 мың гектарды құрады. Статистикалық деректерге сәйкес, былтыр Жамбыл облысы бойынша өнімділігі гектарына 310,9 центнерден 160,3 мың тонна (2020 жылмен салыстырғанда 26,8 мың тоннаға артық) қант қызылшасы өндірілді. Қант қызылшасының көпжылдық өндірісінің орташа көлемі шамамен 171 мың тоннаны құрады (2017 жылы – 206,1 мың тонна, 2018 жылы – 192,9 мың тонна, 2019 жылы – 162,2 мың тонна, 2020 жылы – 133,5 мың тонна, 2021 жылы – 160,3 мың тонна).
Кездесуде қант қызылшасы алқаптары азаюының негізгі себептері де аталды. Бірінші себеп – өндірістің жоғары шығыны және экономикалық тиімсіздігі (төмен рентабельділік). Яғни, қызылша өсіруге қызығушылық төмен. 1 гектар қант қызылшасын себуге жұмсалатын тікелей шығын орта есеппен 500 мың теңгені құрайды. Жанар-жағар май, пестицидтер, суаратын су тарифтері бағасының айтарлықтай өсуі жұмсалатын жұмыс күшіне қарамастан, қант қызылшасын өсірумен айналысатын аграршылардың сатып алу бағасы төмен болған кезде рентабельділігі төмендейді.
Екінші себеп – ылғалмен қамтамасыз ету мәселелері. Республиканың оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы дақылдарын ылғалмен қамтамасыз ету проблемасы байқалады. Сондай-ақ шаруаларды техникалық жабдықтау мәселесі бар. Өткен ғасырдың 30-жылдары салынған қант зауыттары әбден тозған. Зауыттардың технологиялық жабдықтарын жаңғырту үшін көп инвестиция қажет.
– Фермерлердің проблемалары мен ұсыныстарын назарға ала отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі қант саласын жаңғырту жоспарын пысықтап жатыр. Жоспарда келесі тармақтар қарастырылған: жаңа суармалы жерлерді іске қосу есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын 60 мың гектарға дейін ұлғайту; қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шараларын күшейту, қант қызылшасын қайта өңдеу бойынша қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру, қант зауыттарын салу және жаңғырту; су үнемдеу технологияларын енгізу; тұқым шаруашылығын дамыту, – деді Ә.Тамабек.
Бүгінде мемлекет қант саласын жандандыруға қомақты қаржы ресурстарын салып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері аталған шараларды іске асыру бәсекеге қабілеттілік деңгейін едәуір арттыруға және отандық қант өндірушілердің өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді деп пайымдайды.