Әр баланың бойындағы қабілетті оятып, қатарының алды болуға жетелеу – ата-ана мен мектеп мұғалімдерінің қоғам алдындағы өзектілігін жоймайтын қарызы мен парызы. Бірақ осынау көкейкесті мәселені қозғау бар да, оны нақты іске асыру оңай іс емес. Бұл алтын уақытты ғана емес, айтарлықтай капиталды да қажет ететін шаруа.
Осы игі іске қолғабыс етіп келе жатқандар да бар екенін айтқан ләзім. Мәселен, 2021 жылы Болат Өтемұратов қорының Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы Түркістан облысы мен Шымкент қаласының 50 мектебінде іске қосылған-ды. Биылғы оқу жылында 5-11-сыныптардың 12,5 мыңға жуық оқушысы сыни тұрғыда ойлауға, топпен бірге жұмыс істеуге, көпшілік алдында сөз сөйлеп, өз пікірін дәлелді жеткізуге машықтанды. Осылайша, бағдарлама аясында белсенділік танытқан 450 мектеп оқушысы Алматыда екі лекпен өткен бірінші Jas Leader форумынан табылды.
I Jas Leader форумына қатысқан кішкентай көшбасшыларға Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов: «Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы сіздердің шығармашылық және көшбасшылық әлеуеттеріңізді аша отырып, қазіргі сұранысқа ие дағдыларды дамытуға арналған құралдар ұсынды. Енді алған біліміңізді қалай пайдаланатыныңыз өздеріңізге байланысты. Сіздердің Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлкен үлес қосатындарыңызға сенемін!» деген құттықтауын жолдады.
Қысқасы, қызықты оқиғаларға толы бес күнде мектеп оқушылары түрлі жаттығулар мен ойындарға қатысып, көшбасшылық, шешім қабылдау, қарым-қатынас жасаудағы білім-дағдыларды меңгерді. Мысалы, Түркістан қаласындағы №14 мектептің 11-сынып оқушысы Айару Бақытжанқызын көшбасшылық бағдарламасының дәрістері көпшілік алдында сөйлеуден қаймығудан арылтқан.
«Қыркүйек айынан бастап мектебіміздегі Jas Leader Akademiіasy-ның барлық факультатив сабақтарына қатыстым. Осы уақыт ішінде шешендік өнер туралы білім алғандықтан, топ алдында сөз сөйлегенде, өз пікірімді айтар кездегі қорқуды қойдым. Басқаларды тыңдауды, көпшілікпен араласуды үйрендім. Бір-бірімізді құрметтеу арқылы біз шешімдерді де бірге табамыз», дейді Айару.
Ең бастысы, Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы ең маңызды міндеттердің біріне – қазақ тіліндегі заманауи білімге қол жеткізіп отыр. Қордың директоры Марат Айтмағамбетовтің айтуынша, үздік шетелдік тәжірибелерді жинақтау және бейімдеу бағытында сарапшылармен бірлесе отырып, бірқатар жұмыс атқарылған.
«Алғаш рет мектептерде ана тілінде оқытылатын халықаралық озық тәжірибені бір бағдарламаға жинақтадық. Форумға қатысушылармен кездесіп, олардың құлшынысын көрдім, жетістіктері мен жеңістерін естідім. Демек біздің бағытымыз дұрыс және өскелең ұрпаққа арналған жобаларды дамытуды әрі қарай жалғастырамыз», деді М.Айтмағамбетов.
Сол сияқты жобаға тартылған мұғалімдер де жаңа дағдыларды меңгергенін айта кету керек. Түркістан қаласындағы №23 мектептің мұғалімі Гүлжан Сәуленбекова мұндай білім мен дағды оқушылармен жұмыс істеген кезде ғана емес, өзінің балаларымен қарым-қатынас барысында да көмектесетінін мойындап: «Мұғалімдердің жұмысы әрқашан да көп, кейде күнделікті қым-қуыт тіршіліктен басты міндетіміз – балаларға білім алу жолында көмектесу екенін ұмытып кетеміз. Jas Leader Akademiiasy бағдарламасы бойынша мұғалімдерге арналған оқытудан өткеннен кейін оқушыларды сөйлетуге, талқылауға ынталандыра бастадым, сабақтарымыз қызығырақ өтетін болды. Өз мамандығыма деген махаббатым қайта оралды, тіпті оны өз балаларым да байқапты. Енді балаларымның еркеліктерін дұрыс қабылдап, айтқандарын мұқият тыңдап, үй шаруасын тындыруды талқылауға жұмылдыра бастадым», дейді.
Айтқандай, жаңа оқу жылынан бастап Болат Өтемұратов қоры аталған бағдарламаны Жамбыл және Қызылорда облыстарында да қолға алуды жоспарлап отыр. Осы айдың өзінде іріктелген 50 мектепте мұғалімдердің біліктілігін арттыру басталады. Бір аптаға созылатын тренингте мұғалімдер Jas Leader Akademiiasy бағдарламасымен танысып, заманауи білім беру тәсілдерін меңгереді.
АЛМАТЫ