• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Шілде, 2022

Бір жоқты бір жоқ тапты

178 рет
көрсетілді

Таяуда үйінен қашқан 12 жастағы жасөспірімді іздеуге Петропавлдың полициясымен бірге еріктілер, қала маңының тұрғындары тартылған. Көптің көзі қырағы емес пе, ақыры баланы әлеуметтік желіге шыққан белгілерінен таныған тұрғындар полицияға ұстап берген еді.

Алайда бала үйіне қайта­рыл­ға­нымен екі күннен кейін қайта қашқан. «Арқада қыс жайлы болса арқар ауып несі бар» демекші, үйіндегі жағдайы жайлы болса, бала да үйінен кетпес еді. Ювеналдық полиция бұл жағына аса мән бермеген сияқты. Тек іздестіру шараларына қайта кіріскен.

Қызылжар тұрғындарының аптап ыстықтан паналайтын жалғыз жері – қала маңындағы «Пестрый» көлі. Осы көлдің жағажайында халық қаптап жүреді. Ювеналдық полиция 12 жасар қашқынды осы жағажайды сүзіп жүріп тапқан. Бала тағы да үйіне қайтарылды, бірақ бұл жолы қашанға дейін ата-анасымен бірге тұрары белгісіз...

«Пестрый» көлінің жағажайын сүзіп, үлкендердің бастауынсыз жүрген бала атаулыны қаққан полицейлер басқа да «жоғалған балаларға» тап болды. Еліміздің оңтүстігіндегі Түркістан облысынан солтүстікке «серуендеуге» келген кәмелетке толмаған 4 бала да осы жағажайда рахаттануда екен. Бұларды да ата-аналары жоғалтып, полицияға іздеуге беріпті. «Сер­уендеуші серілердің» жастары 16-дан аспаған. Бізде жеке бас­ты куәландыратын құжат 16 жастан беріледі ғой, мыналардың жолға билет алу үшін куәліктері болған сияқты. Ал ақшаны қайдан алғаны белгісіз. Ата-анасын алаңдатып, мұндай серуенге шыққандар ақша табудың криминалдық жолын іздейтіндігі де хақ. Демек, талай адамның қалтасына түсіп немесе сәл қараусыз қалған дүниелерін қақ­шып жүргендері де күмән туғыз­­бас...

«Қазір төртеуі де кәмелетке тол­ма­ғандарды бейімдеу орталы­ғы­на жеткізілді, ата-аналарына олардың жүрген жері туралы хабарланды», дейді Петропавл қаласы ПБ ЖПҚ бөлімінің бастығы, полиция майоры Рустам Садулов.

Сонымен бірге жасөспірімдер тарапынан тіркелген қылмыстарға бұлардың қатыстылығы да анық­та­латын шығар. Бір жоқтың арқа­сында табылған көп жоқтың бола­шақ тағдыры туралы ата-ана­ларына ой саларлық тәрбие жұмыстары да жүргізілуі керек-ақ...

 

ПЕТРОПАВЛ