Қызылордада пробация қызметінің есебіндегі 32 сотталғанға электронды білезік тағылды, деп хабарлайды Egemen.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің аудандық, қалалық пробация қызметінің есебіндегі сотталғандарға электронды білезіктер тағылды. Электронды бақылау құралы ең алдымен жаза өтеу тәртібін үнемі бұзып, қайта қылмыс жасаған 32 сотталғанға тағылды.
«Қармақшы аудандық пробация есебіндегі А. есімді азаматқа электронды білезік тағылды. Ол әкімшілік аумақтық бірлік шегінен тыс жерге кетіп, бірнеше рет жаза өтеу шарттарын бұзған. Ендігі жерде сотталғанды жаза өтеу мерзімі аяқталғанға дейін электронды бақылау құралы арқылы бақылап, күндізгі және түнгі мезгілде қадағалау жұмыстары жеңілдей түспек. Келесі сотталған да Жалағаш аудандық пробация қызметінің есебіндегі азамат ҚР ҚК-нің 120-бабының 1-бөлігімен сот үкімімен кінәлі деп танылып үш жыл шартты жазаға сотты болып, пробация есебінде жүріп, тәртіп бұзғаны үшін жаза мерзімі үш айға ұзартылған. Бұл азаматқа да электронды білезік тағылды», деді пробация қызметіне басшылық жасау тобының аға инспекторы Сәбигүл Тлеуова.
Оның айтуынша, бұл электронды білезік сотталғандарды бақылау жасауға, тұрғылықты мекенжайын тастап кетпеуге, қайта жасауы мүмкін қылмыстың алдын алуға септігі мол. Білезік тағылған сотталғандарды пробация инспекторлары арнайы планшеттер арқылы бақылайды. Егер сотталған жаза өтеу тәртібін бұзса, немесе білезікті өздігінен шешуге тырысса дабыл сигналы тәрізді белгі түседі.