Біреу жайылымдық жерге зар. Ал біреу иелігіндегі жерді игермей алаңсыз отыр. Мемлекеттің меншігі болғандықтан жайбарақаттыққа жол жоқ. Соңғы жылдары Павлодар облысында шаруа қожалықтарының иелігіндегі пайдаланылмай бос жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр.
Статистикаға көз жүгіртсек, Павлодар облысы аумағында 8,3 млн гектар жайылымдық жер тіркелген. Оның 4,7 млн гектары ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге үлестірілген. Әлі қаншама жер игерілмей жатқанын есептей беріңіз. Шаруаларға берілген жердің өзі банкке кепілдікке қойылғандықтан ондай жерлерді игеру жайлы әңгіме қозғаудың өзі артық. Бұл – республикаға ортақ проблема. Бүгінде елімізде 187 млн гектар жер мал жайылымы ретінде тіркелген. Өкінішке қарай, оның 80 млн гектары ғана игерілген, яғни 43 пайызы қолданыста. Салдарынан төрт түлікті түлетіп отырған ауылдағы ағайынға жайылым жерлер жетпей отыр. Малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылады. Осылайша, ауыл маңайындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі жыл сайын төмендеп келеді. Тіпті зоогигиеналық ахуал да шиеленісіп, мал арасында аурулардың көбеюіне әкеліп соқтыруда. Аталған факторлар толыққанды мал өнімдерін алу мүмкіндігін азайтып, саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында бұл проблема көтеріліп, жерді түгендеу жұмыстарын жеделдетуге тапсырма берілген еді.
Осы жылдың мамыр айына дейінгі деректерге сүйенсек, Павлодар облысында пайдаланылмай жатқан 904 мың гектар жайылым жер анықталыпты. Прокуратураның іске араласуы нәтижесінде 135 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Шаруаларға жасалған ескертудің нәтижесінде 258 мың гектар жерде «екінші өмір» басталыпты.
Облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Сайлау Оразбаевтың айтуынша, шалғай жерлерде жайылым алқаптарын қолданысқа енгізу маңызды.
– «Жайылымдар туралы» заң жобасына сәйкес, әр ауылдық округтің табиғи-климаттық ерекшеліктерін, тарихи қалыптасқан мал жаю дәстүрін ескере отырып, ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп, жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар әзірленген. Жоспарда ауыл округінің мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайылым пайдаланушылары мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестендіреді. Бір айта кетер жайт, малы бардың бағатын жері жоқ, ал жері бардың малы жоқ. Осы теңсіздіктерді шешу үшін ауылдың маңайындағы жерлер ұсақ малдардан, жылқылардан босатылып, тек қана сауын малға «қалдыру» көзделген. Ауылдық округтердегі жерлердің көбін ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіпорындары жалға алғаны белгілі. Бұлардың көбінде мал жоқ, бірақ малы бар шаруаларды, жоғарыда айтып кеткендей, өз жеріне жібермейді. Өйткені жерді 49 жылға жалға алған. Алдағы уақытта заң аясында бұл қарама-қайшылық шешімін табады деген сенімдемін, – дейді С.Оразбаев.
Елімізде жеке шаруашылықтар көптеп құрылып, мал саны артқан сайын жайылатын жер де тарылғаны жасырын емес. Бұрындары аталған проблема халқы тығыз орналасқан оңтүстік өңірлерге тән болса, соңғы жылдары солтүстіктегі ағайынның да ара-тұра жер дауымен басы қатып жүр.
Мәселен, Тереңкөл, Шарбақты және Павлодар аудандарындағы 36 ауылда мал жаятын жер жоқ. Басқа аудандарда да жайылымның аздығы байқалады. Успен ауданының тұрғыны Мұхтар Баймамыров мал басын арттыруды көздегенімен жер мәселесі алдан шығатынын жасырмайды.
– Аудандағы бос аумақтың барлығына егін егіледі. Әрине, астық өсірген дұрыс. Оған еш қарсылық жоқ. Бірақ бұл мал шаруашылығын шетке ысырып қою қажет дегенді білдірмесе керек. Төрт түлік ұстап отырған біз сияқты қарапайым тұрғындарға да жағдай жасалса екен дейміз. Қазір аудан орталығының маңында жайылымдық жер жоқтың қасы. Күнде таңертең қой мен жылқыны жолдың ар жағына шығарып, кешқұрым қайта қораға әкеліп қамаудан басқа амал болмай тұр. Шаруалар егін еккен соң жағдай тіпті қиындайды. Жыл сайын осы мәселені көтеріп, жайылымдық жер сұрағанымызбен, мәселе шешілмей келеді, – дейді М.Баймамыров.
Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Руслан Дәуітбаевтың айтуынша, биыл қарапайым халықтың қажеттілігі үшін 380 мың гектар жер пайдалануға берілмек.
– Жайылымдық жерлердің тапшылығы өткір тұр. Мысалы, Шарбақты ауданында аумақтың басым бөлігін орман, ал Павлодар мен Тереңкөл аудандары Ертіс өзенінің жағасында орналасқандықтан суармалы алқап алып жатыр. Бұл мәселені шешу үшін жалпы аумағы шамамен 100 мың гектар болатын 200-ге жуық жер учаскесі мемлекетке қайтарылады. Сондай-ақ жайылымдар көлемі жер қорының есебінен ұлғайтылады. Осылайша, 380 мың гектар аумақ электронды сауда арқылы немесе жер комиссиясы шешімімен тұрғындар мен шаруаларға ұсынылады, – дейді Р.Дәуітбаев.
Қорыта айтсақ, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді түгендеу жұмыстары жүйелі жүргізілсе, жайылым мәселесі де оң шешімін таппақ. Шаруаларды қолдаймыз деп ауылда жеке аулада мал ұстаған ағайын да ұмыт қалмауға тиіс.
Павлодар облысы