Сайлау десе жұртшылықтың елең ете қалатыны рас. Дауыс беруге бармағандардың өзі «кім жеңіске жетті екен?» деп сайлаудың қорытындысын білуге асық. «Менің дауысым не шешеді?» дегендердің үйдің сыртында саясат жайлы сайрай жөнелетінін көрдік. Сайып келгенде, елдің тағдыры шешілетін маңызды науқан жайлы әр тұрғынның өзіндік пікірі бар. Ендігі жерде сайлаушылардың белсенділігін арттырып, баянды болашаққа деген сенімді қалыптастыру маңызды.
Саяси орта қалыптасады
Бұл мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында көтеріп, сайлау жүйесін жаңғыртуды тапсырған болатын. Себебі көпшілік депутаттарға сену былай тұрсын, танымайды да. Мәжіліс депутаттары өз алдына жергілікті атқарушы билік тұрғындармен дұрыс байланыс орнатпаған. Салдарынан халық сайлауға селқос қарайды. Әр дауыстың маңызды екеніне сенбейді. Осылай деген Президент аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынған болатын.
– Сайлаудың осы тәсіліне оралу біз үшін өте маңызды. Бұл қадам – партиялардың Мәжіліс пен мәслихатқа өту шегін төмендету үшін осыған дейін қабылданған шешімнің заңды жалғасы. Бұдан былай мажоритарлық жүйе бойынша әрбір аймақ Парламенттің төменгі палатасына өзінің кемінде бір депутатын сайлай алады. Жаңа үлгі көзқарасы әртүрлі азаматтардың Мәжіліске келуіне мүмкіндік береді, – деген еді Мемлекет басшысы.
Осылайша, бұдан былай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы – пропорционалды (партия атынан), 30 пайызы мажоритарлық негізде жасақталады. Демек үміткердің қандай да бір партияда болуы маңызды емес. Тікелей сайланады. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайлауына да аралас үлгі енгізілді. Аудандар мен қалалардағы сайлау толығымен мажоритарлық жүйеге көшті. Яғни әр депутат тікелей сайланады. Бұл бәсекелі саяси орта қалыптастыру үшін маңызды. Ендігі жерде ел алдында беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашылмақ.
Бүгінде Мәжіліс депутаттары, облыс әкімі бастаған жергілікті атқарушы билік өкілдері шалғай ауылдарға атбасын бұрып, тұрғындардың ұсыныс-тілегіне құлақ түрген. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының көздегені де сол. Осылайша, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір нығая түсуде. Алдағы сайлауларда дауыс берушілердің үлесі артып, тұрғындар Жаңа Қазақстанды гүлдендіруге белсенді атсалысады деген сенім мол.
Ауыл әкімдерін сайлағаннан ұтарымыз не?
Өткен жылы елімізде тұңғыш рет ауыл әкімдері тікелей сайланып, тұрғындардың белсенділігімен есте қалған еді. Жаңа форматта ұйымдастырылған саяси науқан тиімділігін дәлелдеді. Таңдау тұрғындардың өзіне берілсе, кез келген тұрғын өз ауылының болашағына бей-жай қарамайтынын аңғардық. Көпшіліктің күткені де сол.
Әу баста бұл тың тетік жіті сараланып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа Жолдауында ауыл және кент әкімдері тікелей сайлануға тиіс деген тапсырма берген болатын. Соның негізінде кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізіліп, елімізде бұрын-соңды болмаған саяси науқан өткізілген еді.
Бұған дейін ауыл әкімін халықтың өкілі болып саналатын жергілікті мәслихат депутаттары сайласа, бұдан былай жұртшылық елге басшылық етуге лайық азаматты өзі таңдайды. Мұндай жүйе дауыс берушілерге де, әкім «креслосынан» үміткерлерге де таңсық дүние болғаны рас. Жаңа үлгідегі ауқымды реформа өтеді дегеннен бері атқарушы органдар мен кандидаттар өз алдына, тұрғындардың өзі де қобалжығаны рас. Сарапшылардың айтуынша, кез келген жаңа бастамада қателік, жобаға жатсыну болады. Бірақ бұл реформа дұрыс әрі дер кезінде іске асты. Ұтымды шешім! «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осылай жүзеге асуға тиіс. Билік пен қоғам арасында нәтижелі диалогтың басталғаны қуантады.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сайлау өтті. Бояуы сіңді. Жаңа әкімдер жылы орындарына жайғасты. Бүгінде үйіп-төккен уәделер орындалып жатыр ма?
Сайлаудан кейін көптеген ауылдың тұрғындары өздері сайлаған әкіммен бірлесіп, туған жерін көркейту жоспарына кірісіп кетті. Шағын ауылдың бюджеті елді мекенді абаттандыру жұмыстарынан әрі аспас. Үлкен жобаларды жүзеге асыруға облыстық, республикалық қазынадан қомақты қаражат бөлініп, әр ауылда қызу өмір жалғасуда. Жасыратыны жоқ, кейбір ауылдарда негізгі мәселелер әлі күнге дейін шешілмей келеді. Қаражат бөлінсе де, мердігерлердің салғырттығы салдарынан сумен қамту жобалары тоқтап тұрған жайттар кездеседі. Жоба аяқталса да, үйге су дұрыс жетпейтін фактілер де аз емес. Біздің мысал келтіргеніміз су мәселесі ғана. Ауыл әкімдері сайлауға дейінгі уәдесін ұмытпауға тиіс. Уәде орындалмаса, сенімге селкеу түсіп, сайлаушылардың белсенділігі төмендеп кетпей ме?
Не десек те, ауыл әкімдерінің сайлау идеясы демографиялық қоғамды қалыптастыруға оң әсер еткенін сезіне бастадық. Алысқа бармай-ақ, күні кеше Жетісу облысы Ескелді ауданы Көкжазық ауылының тұрғындары бас көтерді. Олар жергілікті әкімнің қызметтен кетуін талап етіп отыр. Ауылдағы ағайынның айтуынша, ауылдық округ әкімі Сағади Талдыбаев 20 жылдан бері әкім қызметін атқарып келеді. Мінсіз атқарса бір жөн, тағайындалғаннан бері жұмысының нәтижесі көрінбейді. Ауылда интернет ұстамайды. Көшелер, жолдар мен балалар алаңдарында жарық та жоқ. «Ол бізді тыңдамайды. Әкім креслосында 20 жылдан астам уақыт отыр, бірақ ауыз толтырып айтар жұмысы жоқ. Бізге жақын көрші ауылдарда интернет бар. Бұл мәселе көтерілгеннен бері 3-4 жыл өтті, бізге тек уәде беріп келеді. Әкімнің отставкаға кетуін талап етеміз», дейді жергілікті тұрғындар.
Қорыта айтсақ, ауыл әкімдерінің сайлауы – демократиялық қоғамға нық қадам. Қала берді, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іс жүзінде орындалуының айқын көрінісі. Саяси науқанның қорытындысына көз жүгіртсек, ауыл тұрғындарының жоғары белсенділігі байқалады. Бұл – азаматтардың өзі туған мекеннің тағдырына бей-жай қарамайтынына дәлел бола алады. Бұған дейін тұрғындар әкімнің жұмысына қанағаттанбаса, оны тағайындаған өкілдерді кінәлайтын еді. Ендігі жерде әкімді өздері сайлаған ағайынға да артылар жүк ауыр.
Сайлауға қатыспау – еліңнің елдігін елемеуің!
Кез келген сайлау өтетіні алдын ала белгілі болады. Маңызды науқанға дайындық жұмыстары ерте қолға алынады. Дауыс беру күні ұйымдастырушылар ақ тер, көк тер болып жанталасып жүргені. Мемлекеттің болашағына бей-жай қарамайтын тұрғындар да таңнан таңдауын жасап, белсенділік танытады. Мұны айтып отырғанымыз, «Үкімет жаман. Сайлау өтірік. Бәрі шешіліп қойған» деп ақылсынатын топ бар. Еліміздің Әнұраны шырқалып, маңызды іс-шара басталғанда мамық төсегінен тұруға ерінетіндер кейін елді дамыту жайлы әңгіме айтып отырады.
Дауыс беруге ниет болса жеткілікті. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтарға олардың өтініші негізінде комиссия мүшелері үйлеріне барады. Тіпті уақытша ұстау изоляторларында дауыс беру орны қарастырылған. Сонда темір тордың ар жағындағы азаматтың өзі таңдау жасап жатқанда тепсе темір үзетін азаматтың дауыс беруден қалыс қалуы қаншалықты ақылға сыйымды? Сайлау учаскелеріне ағылған жұрттың бәрі ақымақ емес шығар. Сайлауға қатыспайтындардың дені қит етсе Үкіметті жамандайтын, еңбек етуге әлі келсе де әлі күнге дейін ата-анасына масыл болған жандар. Оларсыз-ақ Қазақстан жаңғырады! Десе де, еліңнің көркеюіне үлес қосып, арайлы күндерді көппен бірге қарсы алғанға не жетсін?!
Жалпы, кез келген дауыс беруші мемлекеттік қызмет саласында еңбек етпесе де ел басқару ісіне араласып жатқанын естен шығармаған жөн. Әр адам жеке азамат ретінде жергілікті мәслихаттар, парламент депутаттары мен елдің президентін сайлау арқылы таңдау жасау құқығына ие. Бұл азаматтың мемлекетті басқару саласына тікелей араласуы болса, өзі сайлаған өкілі ретінде сол депутаттар немесе президент арқылы мемлекетті басқару саласына араласуы жанама қатысу болып саналады.
Қазақстанда сайлауға бару немесе бармау әр азаматтың жеке таңдауы. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» заңның 3-бабы, 3-тармағына сәйкес Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ. Десе де мемлекеттік маңызы бар шаруалар айқындалып жатқан сәтте үйде қол қусырып отырған жарамас.
Үстемдік құрған үш тәсіл
Сайлау – халықтың ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы өзі өмір сүретін ортаны басқарушы, халықтың атынан өкілдік етуші тұлғаны таңдау және оған өкілеттілік беру үдерісі. Ал өкілеттік алған тұлғалар мемлекеттік маңызды мәселелерде халықтың атынан өкілдік етіп, оның мүддесін қорғауға міндетті.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 3-бабында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп жазылған. Сайлау арқылы халықтың мемлекетті басқару саласына араласуы әлемдегі көптеген халықаралық шартпен бекітілген. Атап айтқанда, 1948 жылғы 10 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында қабылданған «Адам құқығының жалпыға ортақ декларациясының» 21-бабында «Әрбір адам өз мемлекетін басқаруға тікелей және еркін таңдалған өкілдері арқылы араласуға құқылы» деп жазылған. Сонымен қатар Адам құықықтары және негізгі бостандықтарын қорғау туралы конвенция, Адам және халықтардың құқықтары туралы Африка хартиясы, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт және тағы басқа көптеген мемлекет ратификациялаған халықаралық құқықтық келісімшарттар адамдардың сайлау құқығына қатысты таңдау құқығын мойындайды.
Әлемде кең таралған қағидаға сәйкес, азаматтардың сайлауға қатысты құқығы белсенді және бәсең болып екіге бөлінеді. Қазақстан Республикасы Сайлау туралы заңының 4-бабында бұл ұғымдарға былайша баға берілген. «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы», ал «Бәсең сайлау құқығы – Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң, мәслихатының депутаты немесе жергiлiктi өзiн-өзi басқару органына мүше болып сайлану құқығы» деп анықтама берілген.
Сайлау туралы тілге тиек етілген терминдер қарапайым халықтың бәріне бірдей ұғынықты болмауы мүмкін. Жалпы, сайлаудың әлемде кең таралған негізгі үш түрі бар. Олар: мажоритарлық, пропорционалдық және гибридтік жүйе.
Мажоритарлық сайлау жүйесінде кандитаттар партия атынан емес жеке тұлға ретінде сайысқа шығады. Ең көп дауыс жинаған кандидат мәслихатқа немесе парламентке депутат атанады.
Ал пропорционалдық сайлау жүйесінде электораттар жекелеген кандидатқа емес партияға дауыс береді. Партиялардың дауысқа түсу рейтингісіне қарай парламент пен мәслихаттан орын саны бөлінеді. Ол орындарға кімдер баратынын партияның өзі ішкі тәртіппен таңдайды. Сондай-ақ аралас сайлау жүйесі де бар екенін айта кеткен жөн. Бұл – мажоритарлық-пропорционалдық сайлау жүйесі. Яғни депутаттардың жартысы партиялық тізіммен, қалғаны жеке кандидаттар арасында өтетін бәсеке нәтижесінде анықталады.
Гибридтік сайлау жүйесі мажоритарлық және пропорционалдық сайлау жүйелерінің синтезі, яғни кандидаттарды мажоритарлық жүйедегідей сайласа, оларды ұсыну жағы пропорционалдық сайлау жүйесіне сәйкес ресімделеді.
Жүйені жаңғырту жалғасады
Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровті қабылдады. Президентке Орталық сайлау комиссиясының сайлау жүйесін жетілдіруге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар және Қазақстанның сайлау органдарын кәсіби тұрғыдан күшейту әдістері жөнінде баяндалды. Сонымен қатар аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау науқанын өткізуге қатысты өңірлердегі сайлау органдарының жұмысы туралы айтылды. Кездесу қорытындысы бойынша Президент Орталық сайлау комиссиясына сайлауаралық үдерістердің заңға сәйкес толық ашық болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сайлау процесін толықтай цифрландыру мүмкіндігіне баға берген болатын.
«Келешекте учаскеге тіркеу мен шығаруды онлайн жасауға болады. Бұл процесс күрделі емес. Ол үшін технологиялық тұрғыдан дайындық болуға тиіс. Орталық сайлау комиссиясы да дайындалуы қажет. Процестерді бірнеше қырынан зерделеу де керек. Дауыс беру процесінің өзін ғана емес. Біз бәрін түгел автоматтандыра аламыз. Ал байқаушылар қалай қадағалайды оны? Яғни дауыс беру процесінің бірнеше қыры бар. Байқаушы бір адамның қағазды алғанын, қол қойғанын, нөмірлегенін көреді. Ал электронды түрде мұның бәрі қалай ұйымдастырылады? Цифрландырушы ретінде біздің дайын екеніміз түсінікті. Бірақ мәселе басқада. Бүкіл процесті цифрландырған тым болмағанда бір елді атаңыздаршы. Дауыс беру процесін халықаралық әдістер тұрғысынан да зерделеу керек. Өйткені тек цифрландырып, енді осылай болады деп айта алмаймыз. Процедураның өзін электронды түрде жасау қиын емес. Алайда бүкіл халықаралық қоғамдастық оны растайтындай етіп жасау керек», деген еді Бағдат Мусин.
Қорыта айтсақ, азаматтармен кері байланыс арқылы олардың сеніміне ие болу өте маңызды. Қоғамдық мәселелерді талқылауларда пікірі ескерілмеген ағайын өзін қоғамнан бөлек сезініп, сайлау сияқты маңызды шараларға сенімсіздікпен қарауға еті үйреніп кететінін естен шығармаған жөн. Атқарушы билік тұрғындармен баянды байланыс орнатса, сайлаушылардың үлес салмағы артатынына күмән жоқ.