• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 25 Шілде, 2022

Петропавл әуежайы жекеменшікке сатылды

197 рет
көрсетілді

Төрт айдан бері сатып алушы табылмай, иесіз тұрған Петропавлдың әуежайы әйтеуір төртінші тендер өткізілгенде сатылып, жаңа иесін тапты. Түпкілікті сатып алу құқымен сенімді басқаруға алған жаңа иесі оны жарты бағасына ғана алды. Өйткені наурыз айынан бері өткізілген үш конкурста алушы табылмағандықтан шу дегендегі 5,640 млрд теңге бағасы мемлекеттік мүлікті сатудың ережесі бойынша екі есе арзандатылған еді.

Сатып алушы – Алматы қаласында тіркелген «МАК» ЖШС. «МАК»-ты тарқататын болсақ – «Международный аэропорт Кызыл-Жар» деген сөз шығады. Демек бұл фирма осыған дейін әуежайдың жұмысын жүргізіп келген екен, енді нақты иесі болады. Бірақ конкурстың шарты бойынша нысан бес жыл бойы мемлекеттің иелігінде қала береді, тек бес жыл өткен соң конкурстың барлық шарты орындалса ғана әуежайдың толық билігі иесіне түпкілікті беріледі. Ал «Түпкілікті сатып алу құқы» деген шартты мағыналы сөз осы үшін жазылады.

Конкурстың шарты бойынша жаңа иесі әуежайдың мүлкін тиімді басқара отырып, авиатасымалдың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қаржылық іс-әрекетін де тұрақтандыруы керек. Сатып алушыға алғашқы қойылған талаптар – осы. Қазір әуежай тұрақты режімде жұмыс істеп тұр. «МАК» ЖШС былтырдан бері бірлескен іс-әрекет жөніндегі келісілген келісімшарт бойынша жұмыс істеп, әуежайды қалыпты жағдайда жұмыс істетіп келген. Қазір халықаралық рейстерді қабылдау және оларды авиаотынмен толықтыру жұмыстарына сертификат алу шаруаларымен айналысуда.

Конкурстарға қатысу үшін «МАК» ЖШС бюджеттің кіріс бөлігіне 850 млн теңге жарна төлеген. Әуежайдың осы күнге дейін басқарушысы болып келген Солтүстік Қазақстан облыстық жолаушылар тасымалдау және автомобиль жолдары басқармасынан оның мүлкін актпен қабылдап алған соң «МАК» ЖШС-ы кәсіпорынның жұмысын жақсарту бойынша өзінің жоспарын жариялайды.

Осы күнге дейін еліміздің көптеген қаласының әуежайлары жекеменшікке берілген. Атап айт­қан­да, Алматы, Түркістан, Ақтау, Атырау және т.б. қалалардың әуежайлары жекеменшікте. Енді со­лар­дың қатарына Қызылжар әуежайы да қо­сы­ла­тын болды.

 

ПЕТРОПАВЛ