Ел аумағындағы жолдардың жайы ұзаққа созылған жырға айналғаны жасырын емес. Қазір ауыл-аймақтың арасын жалғайтын ішкі жолдарды былай қойғанда, республикалық маңызы бар күре жолдардың да сапасы сын көтермейтіндей жағдайда.
Ал өңірдегі өмірдің негізгі өзегі әрі экономиканың дамуына серпін беріп отырған маңызды қатынас жолының қиындығы тұрғындардың ашу-ызасын туғызғаны – заңды құбылыс. Мәселен, күні кеше Алматы облысындағы Кеген ауданының аумағынан өтіп жатқан Алматы – Нарынқол тас жолының сапасына наразы жұрт жолды жауып, көлік қозғалысын бірнеше сағатқа тоқтатты.
– Республикалық маңызы бар Алматы – Нарынқол тас жолының Кеген, Райымбек аудандары аумағындағы сапасы жақсы емес. Бұл екі ауданның ғана емес, осы жолмен жүретін барша ағайынның орынды наразылығын тудырып келеді. Былтыр күз айында «Қазавтожол» мекемесі Кеген ауылынан шыққаннан кейінгі әйгілі Қайқы асуындағы 15 шақырым жолдың асфальтын күреп, қырып тастаған болатын. Жол сол күйінде қалды. Қазір кедір-бұдыр, ойық-ойық шаңдақ жолмен жүру қиындап кетті. Әрі әрлі-берлі өткен жолаушылардың орынды ренішін туғызып келеді. Ал Кеген ауылынан Нарынқолға дейінгі жол мүлде ойылып, шұрық-тесік болып кетті. Бірлі-жарым жерлері жамалғанмен, жалпы жағдайы сын көтермейді.
Бұл мәселе Парламент депутаттарына, облыстан келген мәртебелі қонақтарға аз айтылған жоқ. Оны өздері де көздерімен көріп, жандарымен сезіп жүр. Бірақ сең қозғалар емес. Бұған наразылық ретінде Райымбек пен Кеген аудандарының тұрғындары Қайқы асуындағы жолды жауып тастады. Ондағы ойлары, мақсаттары – қырылып, сүріліп қайтадан қолға алусыз қалған жолдың жайын ел Президенті естісе деген үміт. Бұл жол азабын тартқан халықтың шын мәніндегі орынды талабы, жанайқайы, – деді бізге оқиға ортасында болған жергілікті тұрғын, журналист Қанат Біржансал.
Ақиқатында, аудан тұрғындарының талабы орынды. Өйткені бұл жол – екі аудан тұрғындарын орталықпен байланыстырып отырған жалғыз қатынас құралы. Әсіресе Нарынқол ауданының тұрғындары үшін жол сапасының төмендігі аумақтағы тіршіліктің өркендеуіне кедергі болып отырған көрінеді. 89 шақырымға созылып жатқан Кеген – Нарынқол автомобиль жолын қалыпта ұстау міндеті «Қазавтожол» ұлттық компаниясына жүктелген екен.
Компанияның баспасөз қызметі оқиғаға орай түсініктеме де берді. «Республикалық маңызы бар Кеген – Нарынқол автомобиль жолының жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды, сипаты бойынша III техникалық санатқа жатады. Жол 1970 жылы салынған, Алматы облысындағы Кеген және Райымбек аудандары арқылы өтеді. Жолды орташа жөндеу жұмысы 2016-2017-жылдары жүргізілді. Қазір тас жолдың 35 шақырымы бойынша іргелес елді мекен тұрғындарынан бірқатар шағым түсті. Жолды қайта жөндеу 2023 жылға жоспарланған. Орташа жөндеу жұмысы жүргізілген кезде ресайлдеу әдісі қолданылмақ. Жолды күтіп-ұстаумен «Қазақавтодор» мекемесінің мердігер ұйымы айналысады. Биыл жолдағы 9000 шаршы метр шұңқыр жөнделіп, жол белгілері, белгі бағаналарын ауыстыру сияқты жұмыс жүргізілді», деп жазылған «Қазавтожол» компаниясы таратқан баспасөз мәлімдемесінде.
Нарынқол мен Кеген аудандарын облыс орталығымен байланыстырып тұрған күре жолдың жырымен өңірге арнайы іссапармен келген депутаттар да жіті таныс екен. Алайда биік мінберлерден бірнеше рет айтылған жолдың жайы бәрібір шешімін таппай келеді. Аудан тұрғындарының жаппай наразылық танытып, жолды жабуына осы жағдай да себепші болса керек.
– Кез келген мемлекет әлеуетінің көрсеткіші – сапалы жол. Еліміздің дамыған елдердің қатарына қосыламыз деген үлкен мақсаты бар. Жан-жақты жұмыстар жасалып та жатыр. Алайда жүйелі түрде шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – осы жолдардың жағдайы. Бұл туралы жиі айтылып та жүр. Еліміздің түкпір-түкпірінде көтеріліп те жүр. Соны ескере келе күні кеше өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы сапасыз жолды сынға алып: «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласын жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Тіпті басқа жерді айтпаған күннің өзінде Ақордаға апаратын жолдың өзі жамау-жамау құрақ көрпеге ұқсайтын болды», деуі бекер емес, – дейді Мәжіліс депутаты Мақпал Тәжмағамбетова.
Үлкен қалалардағы жағдай солай болса, шеткері орналасқан өңірлерде ахуал тіпті нашар, дейді әрі қарай депутат. Әсіресе шекара аймағында орналасқан Кеген – Нарынқол күре жолына қатысты мәселе шешілмей-ақ қойды. Осы жолғы Райымбек ауданына барған сапарымда қарттың да, жастың да ашына айтқаны осы болды. Ел ішінде қалаға адам тасымалдап жүрген жүргізушілердің де көлігі қайта-қайта бұзылып, жолақыны да көтеріп жіберген. Жұрт ашынып отыр. Бұл мәселені Парламент мінберінде бірнеше рет көтердік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бізге жіберген жауабы бойынша биылғы жылы шұңқырларды жамау жұмыстары жүргізілуде, келер жылдары орташа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде екен. Осыған байланысты орташа жөндеу мәселесі 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде қаралады делінген.
Жалпы, шекаралы аймақтың әлеуетін көтеру – ауданның, облыстың емес, республикалық деңгейде назар аударылуға тиіс стратегиялық міндет. Одан бөлек бұл өңірдің ауылшаруашылық, туристік әлеуеті өте үлкен екені белгілі. Сол әлеуетті тиімді пайдалану да жолдың сапасына тікелей тәуелді. Бұл мәселе қойыртпақтанып қайта ысырылмау керек. Ендігі жерде бұл проблема депутаттардың да, ашынған халықтың да жіті бақылауында болмақ.
Айтпақшы, Алматы – Нарынқол тас жолының сапасына наразы жұртпен Кеген ауданының әкімі Талғат Байедилов пен «Қазавтожол» ұлттық компаниясы Алматы облысы филиалының өкілдері келді. Ашық әңгіме барысында тұрғындар былтыр басталған жолдың жөндеу жұмыстары аяқсыз қалғанын алға тартып, тағы да шағымдарын жеткізді. Бүгінде республикалық жолдың құрылысына салғырт қараған мердігер мекеме жұмыстан шеттетіліп, құрылыс жұмысын жалғастыру үшін тағы да конкурс өтпекші екен. Ал «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері негізгі жұмыс басталғанға дейін жолды грейдермен тегістеп отыруды міндеттеріне алды. Бұл шешім тұрғындардың талабымен сай келіп, наразылық білдірген жұрт тарады.
Алматы облысы