Бірақ кейбір шектеулер толық шешілген жоқ
Қазақ жұрты құдайы көршілеріне қашаннан қырын қарамаған. Әсіресе, қырғыздармен ауылы аралас, қойы қоралас. Қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда болып жатқандар да жетерлік. Сол қырғыздың біразы бүгінде Астана, Алматы, Тараз, Қордай базарларында сауда-саттықпен айналысып жүр. Қазақстан, Ресей кәсіпкерлері де күн сайын қырғыз шекарасынан өтіп, Дордой базарын бетке алып жатқаны.
Бұл, әрине, өзара татулық пен түсіністіктің арқасы. Бұл татулық пен түсіністікке, әрине, қырғыз еліндегі “қызылды-жасылды” төңкерістер де кедергі бола алған жоқ. Қазақстан тарапынан гуманитарлық көмек көрсетіліп, халықаралық жүк керуендері мен жолаушылар қатынасы толас тапқан жоқ. Ал шекара жабылса мемлекет қауіпсіздігі, шекара бекемдігі үшін уақытша жабылды. Енді, міне, екі ел арасындағы ол шекара да ашылып отыр.
– Көрші елдегі саяси жағдай мемлекетіміздің ішкі және сыртқы қауіпсіздігіне кері әсер етпес үшін Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментіне қарасты негізгі кеден бекеттері күшейтілген тәртіпте жұмыс жасап, кедендік шекарада бірнеше шектеулер қойылған болатын. Айыр қалпақты ағайындар бір-бірімен тіл табысқанша қырғыз еліндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың құлдырап бара жатқанын білген Елбасы Үкіметке Жамбыл облысындағы Қырғыз Республикасының үш облысымен шектесетін “Қордай”, “Сыпатай батыр” және “Айша бибі” кеден бекеттерінің орталық өткізу пункттерін ашу туралы тапсырма берді, – дейді Жамбыл облысы бойынша кедендік бақылау департаментінің баспасөз қызметкері Құдайберген Рысдәулет.
Қазіргі уақытта аталған бекеттердің тек орталық өткізу пункттері ғана ашылған. Бекеттерге қатысты бақылап-өткізу пункттері болса күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп тұр. Ондағы шектеулер алынған жоқ.
Шекарадағы кедендік және көші-қон бақылау жұмыстары күшейтілген тәртіпте жүргізілуде. Бекеттер арқылы халықаралық көлік транзитіне, яғни жүк және жолаушылар қатынасына және азық-түлік пен ауылшаруашылық өнімдерін тасымалдауға рұқсат етілген.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.