• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2014

Cөз сойыл

383 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ Ауылда өмір «тамаша» Еркіндік тиді өзіме, Тәуелді емен ешкімге. Сондықтан маған бәрі бір, Таңертеңнің, кештің де. Оянамын асықпай, Әбден ұйқым қанғасын. Басталады «жұмысым» Теледидар жанғасын. Аздық етіп төрт канал, Қойғыздым «Отау ТВ»-ны. Тәулік бойы көрсең де, Қалтаны қақпас шығыны. Бір каналды қосып ап, «Малды жайып, бағамын». Арасында бір дорба, Шемішкені шағамын. Қойып басқа каналды, «Астықты да орамын». Шіреніп жатып диванда, «Пепси-Кола» сорамын. Жұмыс қалды жайында, Өмір тапты үйлесім. Қалауымша көремін, Корей, түрік киносын. Ауылда өмір «тамаша», Кеңге салдық арқаны. Санамызға кірмейді, Жатса да шығып талқаны. Саудадан шықты бір шатақ Жемістерді баудағы, Балықтарды аудағы, Сөрелерге шығарып, Қыздырып қойдық сауданы. Керуен жолын тағы аштық, Тарбағатай таудағы, Қараөткелдің базары, Қазақстан аумағы... Жанарымыз суланып, Дабыл қағып шуладық. Ойыншықтан, жемістен Жатқандар бар уланып. Саудадағы шатақтың Нәтижесі кетті буланып, Мойындамас кінәсін Саудагер алған қуланып. * * * Ойыншықтар «қашты» сөреден, Жемістер бітті туралып. Қойшыбай ШӘНИЕВ. Солтүстік Қазақстан облысы. Мұндай да болады Мерейтойын атап өткен бір ағамыз құдасына: – Өткендегі сыйлығыңа рахмет, кезінде саған берген шапаным өзіме қайта айналып келіпті, – депті. * * * Үйлену тойындағы жағдай: «Тойдың нағыз қызған шағында қонақтардың жартысынан көбі орындарынан тұрып, үйді-үйіне тарап кетеді. Сөйтсе, сүйікті сериалдарының уақыты келіп қалған екен...» * * * «Бір асаба жігіт үйленіпті. Өз тойын өзі басқарып, өзі беташар айтып, өзі ән салып, өзі фокус көрсетіп, өзі билеп, кәдімгідей ақша тауыпты». * * * Жұмысына қатты берілген жол полициясының қызметкері түн ішінде ұйықтап жатса да түсінде қызметін ұмытпайды екен. Оның ол жағдайына әйелі де әбден үйреніп алыпты. Кей түндерде ұйқысырап жатып таяғын қолына ала салып орнынан атып тұрады екен. Сол кезде күйеуінің сырына қанық әйелі погонды жарын оятпаған күйі: – Жаным, жата ғой. Әуре болма, ол бос КамАЗ, – деп жатқызып қояды екен. Ауылдың айтқыштары Айса мен Қараноғай Бұл 30-жылдарғы оқиға дейді білетіндер. Торғайлық Айса мен ақтөбелік Қара­ноғай деген кісі кездесіп қалып: – Не жаңалық? – дейді Қараноғай. – Депутат сайлайық деп жатырмыз, Қарасаев, Богданов дегендерді, – дейді Айса. – Оларың ертең-ақ халық жауы болып шығады ғой әлі, – дейді Қараноғай. Айса: – Сен не деп тұрсың, халық қалаулыларын халық жауы десең, өзіңнің қайдан шығатыныңды білесің бе? – деп оны қорқытады. «Сақтықта қорлық жоқ» деген, Қараноғай: «Қой, шынымен айтып қойып, масқара болып жүрермін», – деп үйіне апарып қонақ етіп, бір шыны арақ құяды. Арада көп өтпей-ақ Қарасаев пен Богданов халық жауы атанып, орнына басқа адам сайланады. Айса мен Қараноғай тағы жолығысып қалады. Сонда Қараноғай Айсаға қулана қарап: – Айсеке, сен енді екі жарты келтір, – депті. Айсаның ағайыны Бірде асырып айтудан алдына жан салмайтын Айсекеңнiң ағайындарының бiрi – көлік жүргiзушi Асқар: – Өзендер тасып, ағыл-тегiл болып жатқан жазғытұрымғы мезгiл едi. Терең судан ағызып өте шығып, машинамды үйдiң қасына қойып, қайта шықсам, машина қорабы толған адам... “Бұлар не iстеп жатыр?” деп қастарына барсам, бәрi жабылып балық жинап жүр... Сөйтсем, өткелден өткен кезде суға батқан қорап балыққа толып шыққан екен ғой... – депті. Сақтық Құдамыз Досан деген кiсi қартайған шағында қысы-жазы тоңып ауыратын болды. Сол кiсi бiр күнi кемпiрiне: – Егер мен өлiп қалсам, үстiме қара тонымды жаба салшы, – дейдi. – Неге? – деп таң қалады кемпiрi. Сонда ол кiсi: – Тоңып қаламын ғой, – дептi. Кезекте Атақты халық ақыны Нұрхан Ахметбековтің Мәлiкзада деген ақын ұлы болған. Сол кiсiнiң әйелi Тұрағал келiнiмен дүкенде кезекте тұрса, тағы бiр келiнi келiптi. Қасындағы келiнi жаңа келгенiне: – Ал, кезекке тұра қал! – дейдi. Анау қысылып: – Ой, апайдың атын айтып қойдың ғой, – десе, қасындағы келiнi: – Мұндайда сен не дер едiң? – дептi. Сонда екiншiсi: – Өзiмiз енемiздiң атын атамаймыз. “Стой!”– деймiз, – деп, үн-түнсiз күлмей тұра берiптi. Тонның жазасы Молдекең қоңыр күзде жолға шығып, күн суытып кетсе қажет болар деп арбаға тонын сала салса керек. Арба ойлы-шұқырлы жерлерде теңселiп соққан кезде тонның бiр жеңi салбырап түсiп кете берiптi. Қайта-қайта түзеп қояды, қайта-қайта түсiп кетедi. Әбден ызаға булыққан Молдекең: “Түскiң кеп келе жатыр екен, түскендi көрсетейiн мен саған!” – деп тонның салбырап келе жатқан бiр жеңiн кесiп алып, лақтырып жiберiптi. Серікбай ОСПАНҰЛЫ. ҚОСТАНАЙ. Қашан аппақ  атанамыз? Жаратқан тіршілікті жаратқанда, Түрлі-түсті бояудың Ағын, көгін, Жұртқа таратқанда, Қазекеме қарасы қалса керек. Бізде ақ, сары, сұры да жоқ, Бәрі қара! Бауырым-ау, Сенбесең айналаңа қара, Шал, кемпір, қыз, бала тұтынған Затымызға дейін қара. Мысал керек пе? «Қара шаңырақ», «Қара домбыра», Қара күзде қараша үйде қара – Кемпір қалып кетіп, Баласы Қосшығұлды іздеп, Зарлап отырады. Мұны көріп жаның ауырып, Көзден жасың парлап отырады. Алысқа бармай, қара өлеңді-ақ алайық, Негізі, бізге осы «лайық» – «Қара шал», «Қара бала», «Қара қыз!» Қара бала қара қызды іздеп, Қай жерлерге бармайды, Қыз мойынын да бұрмайды. Сосын бала: Қара қыз «Бізге де бір қараңыз» деп, Соңынан қалмайды. Соған қарағанда, бізге түсті бояу жетпеген. Жайбасарлыққа салынып жүргенімізде, Жаратқан «обедке» кетіп, Нетіп, Бізді қара бояумен ептеген. Мынаны қара: Биіміз бен әнімізге дейін қара: «Қара жорға», «Қарабура», «Қара торғай!»... Ырымға ақ таппайсыз, Ойбай-ай, бәрі қара. Қараның жүрмейтін жері бар ма? Мас-қа-ра! Киномызда: Құлаған үйдің ішінде жылаған қара бала отырады. Қисық итарбақ, Қара нар боздайды. Қайғыңды қозғайды. Құмнан сықырлаған арба шыға келіп, Стандарт! Ішінде қара шапанды қара шал отырады. Тіпті болмаса, Қара бұрышта екі-үш кісі ішіп отырады. Газетімізде: «Қара мақала» – Сотталғандар мен соттан аман қалғандарды жазып жатады. Жүз жылғы, «Қара тақырыпты» қазып жатады. Әрине, жаныңа батады. Телеарналарымызда: Айнала атыс, Айналайын, батыс! Қара киімділер мен қара көзілдіріктілер, Бірін-бірі атып жатады. Өлсе де мейлі ғой, «Оқ» тисе де, Қисайып, қызықтарға батып жатады. Біз қараға құмармыз, Сонда нені ұтамыз? Ал көршілеріміз адамдарын аққа теңеп, Мақаласын Мадридке балап жатады. Мақтасын мақтап, Жүзімін жүз сағат көрсетеді. Сөйтіп өзі туралы, Түсінігіңізді өзгертеді. Қаласын қойып, көшесін мақтағандар да жетерлік. Енді бұған не делік? Әне, факті! Бізде барлығы да қара, қара тақыр, Бұл не қылған заманақыр?! Мақтасақ, бізде ақ жоқ па, Анасынан артық туған Ұл не қыз жоқ па?! Жеріміз жер шарында тоғызыншы орын, Қазбаларымыз да жетерлік, Ал ісіміз кісі күлерлік, Айналамыздың бәрі қара болған соң, біз қайда барамыз? Қара «түнекте» сипаласып, Бір-бірімізді әрең табамыз. Айтыңызшы, сіз, Сонда біз, Қашан жарыққа шығып, Аппақ қазақ атанамыз? Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы. «Көзжұмар» Менің бір ауруым бар. Ол төсекке жайғасқан соң міндетті түрде кітап оқуым керек. Қасиетім – ешқандай кітап, жорнал таңдамаймын. Әліппеден бастап, әрі қай тілде жазылса да бәрі бір. Қолыма ұстап қарап жатсам болды, екі минөттен соң қор ете түсемін. Оныма үйдегілер әбден үйреніп алған. Басым жастыққа тиісімен: «Әй, менің «көзжұмарымды» әперші десем, үйдегілер қолына ілінген жазуы бар «дүниені» ұстата салады. Бірақ, кейінгі кездері оқитын «көзжұмарымның» сыр­тына қарайтын болып жүрмін. Неге дейсіз ғой, айтайын. Қаладағы ұл оқуын бітіріп, үйленген. Таяуда хат жазып пәтер алғанын, келіннің аяғы ауыр екенін білдіріп, келіп кетіңдер депті. Жемдеп отырған тоқты­м­­­­ды алып жетіп барайын. Құр­қылтайдың ұясындай екі бөлмелі үй екен. Қуанып жатырмыз. Келін мен апарған «шикізаттан» қуырдақ жасап мәре-сәре болдық. Сонымен жататын мезгіл де болып, маған төсекті төргі бөлмеге салыпты, жатарда әдеттегідей үстел үстінде жатқан бір «көзжұмарды» жетектей кеттім. Содан мен шешініп жайғас­қанша көрші бөлмеден бір тасыр-тұсыр, тартпаларды ашып жатқан дыбыстар естілді. – Мына жерде тұр еді ғой, көрген жоқсың ба? – деген келіннің дауысын естідім. – Бір жерде жатқан шығар, қарасаңшы, – деді біздің «ноян». Мен «көзжұмарыма» қарап жатып «жүріп» кеттім. Ертесінде ерте тұрдым. Ұлым қала аралатпақ. Жуы­нып, шайға қанып алып, тәуір киімдерімді киіп сы­қиып алдым. Келін мен жат­қан бөлмені жинастырып жүрген еді, аяқ асты ұлымды ша­қырып алып, екеуі ал кеп күлсін. Аздан соң қолында кітап бар ұлым шығып: – Әке, сіздің әдетіңізді ұмы­тып қалыппын, ана келініңіз түні бойы іздеп таппаған, оқып жүрген кітабын сіз алыпсыз ғой, – дейді. – Иә, жақсы кітап екен, – деп періп қалдым. – Ендеше міне, оқыңыз, – деп алдыма «көзжұмарды» тас­тай салды. Сыртына көз салсам, мас­қара, «Советы беременным женщинам» деген бадырайған жазумен бір бақырайған әйелдің суреті тұр... Ләм деуге күй жоқ, келінмен қоштаспастан сол беті ауылға қайттым. Серік ЖҰМАТ. Шығыс Қазақстан облысы. Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР