• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2022

Әлеуметтік жобалардың әсері

287 рет
көрсетілді

Балаларды қолдауға 2,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл сомаға осы жылдың бірінші жартысында Samruk-Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 18 мыңға жуық балаға арналған қайырымдылық жобаларын жүзеге асырды. Жобалар денсаулық сақтау, білім беру, бұқаралық спорт салаларына, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына бағытталды.

Корпоративтік қордың басшысы Альфия Адиеваның айтуынша, қор өскелең ұрпаққа жағдай жасау бағытына айрықша назар аударып келеді. Мақсат – елдегі балаларға денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік деңгейіне қарамастан, сапалы білім алу үшін алаңсыз, бақытты, саламатты өмір ортасын қалыптастыру.

Белгілі болғандай, қордың 2022 жылға арналған Қайырымдылық бағдарламасы 10 млрд теңгені құрайды. Әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға өтінімдер Samruk-Kazyna Trust сайтында орналастырылған Қайырымдылық көмек көрсету ережесіне сәйкес, үкіметтік емес ұйымдардан қабылданады. Мақұлданған жобалар арасында аутистік спектрдің аурулары мен ментальді бұзылыстары бар балаларға арналған 8 орталық құру, дамуы бұзылған және олардың туындау қаупі бар балаларға ерте диагностикалық және абилитациялық көмек көрсету бойынша 13 ерте араласу орталығын құру, Жаңаөзен қаласының мектептерін жиһазбен және интерактивті панельдермен жабдықтау, отбасылық аула клубтарын демеу арқылы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін түрлі секциялар ұйымдастыру, сондай-ақ Атырауда ерекше балаларға тегін көмек көрсету бастамасы бар.

– Samruk-Kazyna Trust қоры бүгінде Қазақстанның шалғай елді мекендеріне сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» пойыздарын табысты іске қосты. Қарағандыда «Басқарылатын гипотермия» инновациялық жобасы нәрестелердің шетінеуі мен мүгедектігін азайтуда. Шымкент қаласында нейро-ортопедиялық бұзушылықтары бар балаларды оңалту қолға алынса, «Балаларға өмір сыйла», «Аутизмді жеңеміз!», «Жетім балаларсыз Қазақстан» жобалары да жалғасын таппақ. Аға буын өкілдеріне қамқорлық танытуда «Тағылым» және «Жеңіс» жобалары жүргізіледі. Бұдан басқа, Samruk-Kazyna Trust мемлекеттік тілдің көкжиегін кеңейтуде Soyle жобасын қолдауды жөн деп тапты, – дейді А.Адиева.

Оның айтуынша, өзгерістер тұрғысында қор қызмет бағыттарын оңтайландырып, жобаларды қаржыландыру жайын бекітетін Қамқоршылық кеңес құрамын кеңейтуде. Сонымен бірге қор сайты жаңарып, «Самұрық-Қазына» АҚ Қоғамдық кеңесіне есеп беру жолға қойылды.

2023 жылдан бастап қайырымдылық жобаларын іске асыру кезінде олардың 30 пайызында елдік жобаларға көңіл бөлінсе, ал 70 пайызында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялары бар өңірлердегі жергілікті жобалар мен әлеуметтік инвестициялар бағдарламаларына басымдық беріледі. Жобаларға байланысты қордың өзі бастама көтере алғаннан тыс, жергілікті үкіметтік емес ұйымдар да оған өтінім бере алады.

– Үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс үшін іске қосылған +7 (7172) 57-68-98 жедел желі нөмірінде қор қызметкерлері өтінімдерді қабылдау қағидаларын түсіндіріп, кері байланыс орнатқан. Қордың қызметін түсіндіру үшін тұрақты негізде тікелей іс-шаралар өткізіледі. Жыл басынан бері 7 облыста және елордада 600-ден астам үкіметтік емес ұйымның қатысуымен кездесулер ұйымдастырылды. Аймақтық үкіметтік емес ұйымдардан еліміздің ең шалғай жерлеріндегі адамдардың өмірін қалай жақсартуға болатыны туралы қызықты идеялар күтеміз. Бұл тұста қор азаматтық секторды шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге шабыттандыруға күш салмақ. Мысалы, шағын қаланың бастамалары бүкіл облыс, тіпті барша ел үшін игілікті болуы мүмкін. Сондықтан белсенді үкіметтік емес ұйымдарды ынтымақтастыққа шақырамыз, – дейді қордың бас директоры.