• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 26 Шілде, 2022

Биржадағы белсенділік біркелкі емес

131 рет
көрсетілді

Маусым айында АІХ-тегі («Астана» халықаралық қаржы орталығының биржасы) сауда-саттықтың көлемі 16 444 269 долларды құрап, мамырмен салыстырғанда 2,2 есе артты. Бұған борыштық құралдар бойынша сауда белсенділігінің артуы, «Қазатомөнеркәсіптің» және Kaspi.kz-тің жаһан­дық депозитарлық қол­хат­тары мен акциялары бойынша сауда көлемінің артуы себеп болды.

2022 жылғы маусымның соңындағы жағдай бойынша, АІХ-тің ресми тізіміне әртүрлі 87 эмитенттің 131 бағалы қа­ғаз­дар шығарылымы, оның ішінде 19 ETN (Exchange traded notes) кірді. 17 қазақстандық және 12 халықаралық брокер АІХ-тің сау­да мүшелері болып саналады. АІХ Орталық депозитарийінде инвесторлардың 344 мыңнан астам шоты ашылды.

Мамырдың соңында АІХ-те үлестік құралдар лис­тин­гі бар компаниялардың («Қаз­атом­өнеркәсіп», Polymetal, «Халық банк», Ferro-Alloy Resources Limited, «ЦентрКредит банкі», Kas­pi.kz) жалпы нарықтық капиталдандыруы 20,4 млрд доллардан асып отыр. Маусымда АІХ-тің ресми тізімі «Қазақстанның Халық Банкі» АҚ-ның 100 млн долларының купондық мөл­шер­лемесі жылдық 2,5 пайыз­ды құрайтын үш жылдық обли­га­ция­ларының листингімен толықты. Қазақстанның аса ірі банкінің бұл облигациялар шығарылымы 500 млн доллар көлеміндегі об­лигациялық бағдарламасын іске қосу шеңберінде өтті. 30 маусымда Finbox микроқаржы ұйымы 3 млн доллар көлемінде дол­лар­лық облигацияларын шығарды.

Биржалық өнімдер желісін кеңейту бойынша жұмыс жалғас­ты­ры­луда. Осы жылғы маусымда екі биржалық нота (ETN) – iX Isla­­mic Exchange Traded Notes және iX China Equities BR іске қо­сылды.

Сонымен қатар маусымда АІХ жа­ңа құрал – Коммерциялық қағаздарды іске қосты. Бұл – өздерінің қысқа мерзімді айналым капиталына қажеттіліктерін қаржыландыру үшін расталған кредитке қабілеті бар компаниялар шығаратын қамтамасыз етілмеген қысқа мерзімді міндет­темелердің кең таралған түрі.

Қазақстанның қор нарығы айтар­лықтай құбылмалы нәти­же­лер көрсетуде. Маусымның нәти­желері бойынша, AIXQI индек­сі 1,41 пайызға, 754.22 пункт­тен 764.87 пунктке дейін өсті. Ин­декске қарайтын 8 компанияның төр­теуі айды жасыл аймақта аяқ­тады. Олардың үшеуі екі мәндік өсу көрсеткіштерін көрсетті.

«Халық банк» акциялары жақсы өсім көрсетті (+17,01 пайыз). Қазақстанның аса ірі банкі 2022 жылдың І тоқсаны бо­йынша есебін жариялады. Оның нәтижесі бойынша банктің таза пайдасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 96,8 млрд теңгеден 124,2 млрд теңгеге дейін өсті. «ЦентрКредит банкі» де жақсы нәтижелер көрсетті. Ол І тоқсанның қорытындысы бо­йынша, өзінің таза пайдасын бір жыл бұрынғы деңгеймен салыс­тырғанда 74,7 млрд теңгеден 102,7 млрд теңгеге дейін арттыр­ды. Бұл «ЦентрКредит бан­кі» ак­цияларының баға белгі­леу­лерінің өсуіне әкелді (+14,73 пайыз).

«Қазақтелеком» қызметінің жақсы нәтижелері Kcell-дің алдыңғы айдағы құлдырауының есе­сін қайтарды (маусымда +11,05 пайыз). Бірақ негізгі компа­нияның акциялары айдың қорытындысы бойынша төмендеді (-6,25 па­йыз). Уран фьючерстеріне қатысты бағаның оң динамикасы «Қаз­атом­өнеркәсіп» акцияларының өсуіне ықпал етті (+2,44 пайыз). Kaspi.kz акцияларының құны, компанияның таза пайдасы 2021 жылдың І тоқсанындағы 74,7 млрд теңгеден 2022 жылдың ІІ тоқ­санында 102,7 млрд теңгеге де­йін өскеніне қарамастан, тө­мен­деді (-4,53 пайыз). S&P Global Ra­tings рейтинг агенттігі Kas­pi Bank-тің ұзақ мерзімді және қыс­қа мерзімді кредиттік рей­тинг­­­терін «ВВ-/В» деңгейінде рас­­тады.

Компания шығарған есептілік инвесторлар үшін нанымсыз бо­лып шыққандықтан, маусым­да KazTransOil акциялары өз құ­нының -6,16 пайызын жо­ғалтты. Таза пайда 2021 жыл­дың І тоқсанындағы 16,7 млрд теңгеден 2022 жылы 10,2 млрд теңгеге дейін төмендеді. Fitch Ra­tings рейтинг агенттігі KazTrans­Oil дефолтының шетелдік ва­лютадағы ұзақ мерзімді рей­тингін «Тұрақты» болжамымен «ВВВ-» деңгейінде растады. Central Asia Metals акция­лары мыс, қорғасын және мырыш баға­лары төмендеуінің жалғасуы жағ­дайында және Ұлыбритания инвес­торларының рецессиялық күту­лерімен байланысты мау­сым­ның қорытындысы бойынша төмендеді (-8,40 пайыз).