• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
02 Мамыр, 2014

Қызылорда облысында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды

280 рет
көрсетілді

АСТАНА. 2 мамыр. Бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев бірқатар кадрлық өзгерістер жасалды. Бұл туралы облыс әкімі баспасөз қызметінің дерегіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Қазақстан Республикасы Президентінің және облыс әкімінің өкімдерімен Қожаниязов Серік Салауатұлы облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі болып тағайындалды. Облыс әкімінің өкімімен Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы - Жалағаш ауданының әкімі, Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы Шиелі ауданының әкімі болып бекітілді. Серік Қожаниязов 1965 жылы Қызылорда қаласында туған. Кузбасс политехникалық институтын - инженер-механик және Н.Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог болып бастаған. 2001-2004 жылдары облыс әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, 2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2012 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болып келді. Осы кезге дейін облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін атқарып келген Нұртаев Рзақұл Сәденұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды. Талғат Дүйсебаев 1973 жылы туған. Қызылорда политехникалық институтын - бухгалтер-экономист, Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын Жалағаш аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде дене шынықтырушы ретінде бастаған. 1994-1998 жылдары аудандық білім бөлімінің есепшісі, 1998-2004 жылдары аудан әкімі аппаратының экономика және кәсіпкерлікті қолдау секторының бас маманы, 2004-2006 жылдары облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы, 2006-2011 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 2011 жылдан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып келді. Осы кезге дейін Жалағаш ауданының әкімі болып келген Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды. Қайратбек Сәрсенбаев 1961 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында туған. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын - инженер-гидротехник, Қазақ ауылшаруашылық институтын - ауылшаруашылық кәсіпорындардың ұйымдастырушысы-экономист, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист-бухгалтер мамандықтары бойынша бітірген. Еңбек жолын 1983 жылы Сырдария аудандық суландыру жүйелері басқармасының инженері ретінде бастаған. 1986-1996 жылдары аудандық комсомол комитетінде, халықтық бақылау комитетінде және халық депутаттары аудандық кеңесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 1996-1999 жылдары «Қазагропромбанк» АҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басқарушысы, Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің аппаратында бөлім меңгерушісі, 1999-2012 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. 2012 жылдан осы кезге дейін облыстық қаржы басқармасының басшысы болып келді. Осы кезге дейін Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келген Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды. Мұрат Айтқожа. Дереккөз: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фото: wikimapia.org.