• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

БИЛІКТЕГІ ХАНЫМДАРДЫҢ ҮЛЕСІ 30 ПАЙЫЗҒА АРТПАҚ

509 рет
көрсетілді

Бұл жөнінде Алматыда Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен БҰҰ Даму бағдарламасының бірлескен жобасы аясында “Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдері” ҚР Заңын іске асыру тетіктері” тақырыбына арналған дөңгелек үстелде айтылды. Ұлттық комиссияның мүшелері, барлық деңгейдегі мәслихаттардың, жергілікті атқару органдарының депутаттары, БҰҰДБ, ҮЕҰ, ғылыми қоғамдастық өкілдері қатысқан бұл басқосудың мақсаты – елімізде гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі ұлттық тетікті қал­ыптастыру жөнінде ұсынымдар мен сол бойынша мемлекеттік орган­дарға арналған нұсқаулықты талқылау. Ол үшін тараптар аймақтарда төрт дөңгелек үстел өткізуді жоспарласа, соның пилоттық жиынын Алматыдан бастауды жөн көріпті. – Себебі, Алматы Қазақ­стан­ның интеллектуалдық астанасы, – деді Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының мең­герушісі Серік Ахметов. – Оған қоса, оңтүстік облыстардан да өкіл­дер жинадық. Ондағы мақсатымыз, мемлекеттік органдарға нақты жұмыс істеу үшін идеялар, жобалар ұсынылады деп күтеміз. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген гендерлік теңдік стратегиясы қабылданған. Соны іске асыратын шараларды үкімет органдары дайындау үстінде. Сол іс-шараға екі гендерлік ин­ди­каторды ойластырып, ен­гізудеміз. Бірі – елімізде 2016 жылға дейін биліктегі әйелдердің санын 30 пайызға жеткізу, екіншісі, бүгінде Қазақстанда әйелдердің орташа жалақысы ерлермен са­лыс­тырғанда, республика бойынша 64 пайыз, біз осы индикаторды 2020 жылы 80 пайызға көтеруді мақсат етіп отырмыз. Бүгінде Қазақстандағы әйел­дердің қоғамдағы рөліне тоқталсақ, саяси биліктегілер 10,3 пайызды құраса, мемлекеттік қызмет­те­гі­лердің 58 пайызы нәзік жан­ды­лардың үлесінде. Мәселен, 2 министр, 5 вице-министр, 4 аудан әкімі бар. Бұл Қазақстан дамуының индикаторы болып саналса керек. Басқосуда “Нұр Отан” ХДП Пар­ламентаризм институты дирек­торының бірінші орынбасары, жобаның ұлттық сарапшысы Жанаргүл Құсманғалиева “ҚР гендерлік теңдікке қол жеткізу жөніндегі ұлттық тетікті қалып­тасыру бойынша ұсынымдар” таныстырылымында бірқатар маңызды мәселелерге тоқтала кетті. – Бізде гендерлік саясатты жүр­гізетін құзырлы орган құрылмай, бұл саладағы жағдай көп өзгере қоймайды. Осыған орай, құзырлы мекеме құрылса, оның мәртебесі Президенттің жанындағы агенттіктен төмен болмауы, яки қоғамдағы барлық саланы қам­титын, халыққа гендерлік теңдік жөнінде дұрыс мағлұмат беретін, әдістемелік нұсқаулар әзірлейтін өз алдына жеке министрлік болуы қажет, – деді ол. Ал Ұлттық комиссия мүшесі, “Экомед” клиникасының же­текшісі Салтанат Байқошқарова талқылаудың дұрыс екендігін айта келе: “Бүгінде әлеуметтік жағдай дегеніміз не? Ол, меніңше, әйел­дердің мәселесі. Өйткені, әлеу­меттік мәселені әйелдер жетік біледі. Сондықтан неғұрлым Пар­ламентте депутаттарымыз көбірек болғаны абзал. Әзірге бізде халық қалаулылары 17 пайыз ғана, ал дамыған елдерде 50 пайызға дейін барады. Мәселен, Финляндияда 64 пайыз, яғни, 19-дың 12-сі әйел министр. Жалпы әйелдер таби­ғатынан әлеуметтік мәселені, өз отбасының тағдырын көбірек ойлайтын, жемқорлыққа баруға бейім емес деп айтылады. Өйткені, жаратылысынан жаны, жүрегі жұмсақ әйел-ана жақсылық жасауға көбірек ынталы. Мәселен, Из­раильде бедеулікті емдеу мәселесі түгелімен шешілген. Өйткені, бедеулікті емдеудің қай түрін, жоғары озық технологияларды қабылдайсыз, бәрі тегін. Өйткені, Парламенттегі отырған әйелдер отбасы мәселесіне сергек қарайтын көрінеді. Сол себепті әйелдің, бо­лашақ аналардың денсаулық мәселесі өте жоғары деңгейге көтерілген, – деді ол. Еліміздің әр аймағынан 50-ге жуық сарапшылар қатысқан алқалы жиын жұмысының нәтижесінде олардың ұсыныстары қолданыстағы гендерлік теңдік жөніндегі ха­лық­аралық нормалар мен ұлттық заңнаманы жетілдіру үшін құзырлы органдарға жіберілмек. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.