АСТАНА. 4 мамыр. Қазақстан қазірдің өзінде кейбір көрсеткіштерді алып қарағанда әлемдегі дамыған 30 елдің қатарында тұр. Орталық коммуникациялар қызметінің Тәуелсіздік сарайында өткен көшпелi брифингінде Дамушы нарықтар форумының аға зерттеушiсi, Дүниежүзілік банктің өңірлік бұрынғы вице-президенті Йоханнес Линн осылай деді. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады.
Брифингте Йоханнес Линн «Қазақстан-2050» стратегиясына тоқтала келе: «Қазақстан-2050»: қазiргi заманғы инклюзивтiк қоғам жолында» кiтабында стратегияны жүзеге асырудың жеті басым бағыты белгіленген. Олар: тұрғындардың білімі мен денсаулығына ерекше көңіл бөле отырып, адам әлеуетін дамыту, тиімді энгергетика, «жасыл» өсім, аймақтар мен қалаларды дамыту, әртараптандырылған заманауи инновациялық экономика, аймақтық және ғаламдық экономикалық интеграция мен ынтымақтастық, тұрақты және ашық экономикалық әрі саяси институттар құру», – деді.
Өз сөзінде Қазақстанның әлеуетін жоғары бағалаған маман Мемлекет басшысының ойларынан озық 30 елдің қатарына қосылумен ғана шектеліп қалмайтынын аңғарғанын жеткізді.
Йоханнес Линн: «Президент қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырудың маңыздылығын, әлеуметтік институттарды дамыту мәселесін және қоршаған орта туралы айтты. Егер, қазіргі күні халықаралық өсімге, индекстер мен көрсеткіштерге, сосын Қазақстанның жағдайына қарасақ, онда алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін елдегі өмір сапасын қаншалықты деңгейде жақсарту керек? Бұл жерде әңгіме жан басына тиетін табыста ғана болып отырған жоқ. Сондықтан да, біз Қазақстан қазірдің өзінде бірқатар көрсеткіштер бойынша озық 30 елдің қатарында тұр деген пікірге келеміз», –деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: Bnews.kz.
Фото: Toptj.com.