• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 28 Шілде, 2022

Жаңа Қазақстанға – заманауи ашық архив

1205 рет
көрсетілді

Қай мемлекетте болсын архив – тарихи-мәдени мұраның сақталуын қамтамасыз ететін мемлекеттің міндетті атрибуттарының бірі. Жаһандық тұрақсыздық жағдайында қоғамның бүкіл саласында болып жатқан өзгерістер архивтерге жаңа міндет қойып отыр. ХХ ғасырдың және Тәуелсіздік кезеңнің әлеуметтік-саяси тарихының құжаттарын сақтаушысы ретінде 1994 жылы құрылған елдегі ең ірі архив – Қазақстан Республикасының Президенті Архивіне ерекше жауапкершілік пен міндет жүктелген.

2022 жылғы 21 шілдеде Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының IV Консульта­тивтік кездесуіне барған Прези­дентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Орталық Азия халық­тарының тарихи және мәдени мол мұрасын насихаттауды бір­лескен жұмыстың маңызды бағыты деп санаймын. Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялау мақсатымен елдеріміздің Ғылым академиялары ара­сында тығыз байланыс орнату ұсы­нылады. Ұлттық архив орталық­тары мен кітапханалардың ынты­мақ­тастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын. Бұл ғылым саласындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік береді. Бүкіл аймаққа зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін күш-жігер біріктірген жөн. Бұл жұмыстардың мақсаты – достығымызға сызат түсірмеу», деген сөзі бізге анық бағыт-бағдар ұсынып отыр деп білемін.

Осы тұрғыда, Президент Архи­вінің халықаралық жобаларды дамытудың бағыттары анық­талған 2035 жылға дейінгі Тұжы­рымдамасы әзірленді. Осы­лайша, архивтік сақтаудың әлем­дік практикаларын табысты енгізу, Қазақстандағы архивтік жұмыс­тың әдіснамалық орталығы функ­ция­сын орындау, еліміздің архив­терін тұрақты жетілдіру мен үдемелі өсірудің бастамашысы және интеграторына айналдыру көзделеді.

Архив жұмысын жетілдіру мақ­сатында жетекші республикалық және шетелдік ғылыми-зерттеу орталықтарымен ұзақ мерзімді әріптестік қатынас орнатылмақ. Тұжырымдамада архившілердің Конгресін өткізу жоспарланған. Кәсіби қоғамдастықтың өзара іс-қимылы мен сындарлы диа­логы, архивтерді дамытудың ин­но­вациялық идеяларын жасау, жобаларды іске асыру және үздік архивтік практикаларды тарату, жас мамандарды оқыту алаң­ына айналады. Бұл бағыт бойын­ша өзбек және қырғыз әріптес­терімізбен келіссөздер жүргізіп жа­тырмыз. Биылғы қазан айында алғаш рет Алматыда І конгреске өтпек.

Саланың жетекші мамандарынан және шет елдер мамандарынан тұратын сарапшылар клубының жұмысы – архив қызметін жетілдіру мен Архивті жетекші әдіснамалық орталық ретінде қарастырудың жаңа құралы. Сарапшылар клубы жаңа идеяларды, жобаларды жинақтауға, архив ісінің инновациялық шешімдерін практикада байқап көруге арналған заманауи зияткерлік алаң ретінде әрекет етуге бел буған. Бұл бағыттағы іс-қимылдардың бас­тамасы ретінде дәстүрлі түрде ұйымдастырып келе жатқан халықаралық Жас архившілердің жазғы мектебін атап көрсетсек болады. Онда Қырғызстан мен Өзбекстанның жас архившілері тұрақты қатысып, ТМД-ның үздік архившілерінің семинарларын тыңдап, еліміздің архив саласындағы жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасып келеді.

Архивтерді цифрландыру ісінде Президент архиві алдыңғы қатарда тұр. Қазіргі таңда 23 млн парақты құрайтын 192 мыңнан астам іс цифрланған. Архивтің даму тұжырымдамасында белгі­ленгендей Президент архиві қа­жырлы еңбектің арқасында жуырда ғылыми және ғылыми-тех­никалық қызмет субъектісі ретінде бес жыл мерзімге аккредиттелді. Енді Архив мемлекеттік бюджеттен және ҚР заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден қаржыландырылатын ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалар конкурстарына, бағдарламалық-нысаналы және гранттық қаржыландыру жобаларына қатыса алады. Сонымен қатар Архивтің жаңа бағыты шетелдік архивтер мен жеке коллекциялардағы Қазақстан тарихы бойынша архив материалдарын анықтау жөніндегі жұмысы қолға алынды.

Болашақта шетелдік архивтердің Қазақстан туралы қорларының анықтамасы берілген каталог әзірлеу жоспарланған. Бұл жұмысты шетелдік мамандармен және әріптестермен бірлесіп ұйымдастырып, оның ішінде Орталық Азия елдерінің архив мекемелерімен шығармашылық және кәсіптік байланыстарымызды одан әрі дамытуды осы тұжырымдама негізінде жүзеге асыру көзделіп отыр.

 

Нұрлан ТОҚСАБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің қызметкері