• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 28 Шілде, 2022

Ерліктері ескерусіз қалмады

174 рет
көрсетілді

Таяуда Ертісте батып бара жатқан адамды құтқарып қалған семейліктердің ерлігі ескерусіз қалмады. Атап айтқанда, Абай облысының Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушы Алексей Штыкель бейбіт күннің батырларына құрмет көрсетті.

Алдымен департамент басшысы жуырда «Понтон көпірі» ауданында суға ағып кете жаздаған бала­ның жанын сақтап қалған Дархан Мұха­мед­жа­новты арнайы грамотамен марапаттады. Ол балық аулап жүрген кезінде өзенде тұншығып жатқан баланы байқап, дер кезінде көмекке келген. Анықтай келе жасөспірім ағын сумен қалқыған аяқкиіміне қарай ұмтылған, алайда өзеннен шыға алмай қалған. Абырой болғанда, оның қасынан Д.Мұхамеджанов табыла білген.

Екінші оқиғаға келсек, шілденің 24-де «Нефтебаза» ауданындағы Ертіс өзенінің оң жағалауында 1983 жылғы ер адам шомылып жүріп суға бата бастаған. Оны жағалауда демалып жатқан Сергей Фоминых, Ержан Жәңгіров және Виктор Глинских байқап, жанына араша түскен. Зардап шеккен азаматты жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көр­се­тіп болған соң жедел жәрдем дәрі­гер­леріне тапсырған.

«Реанимациялық әрекеттің 4-ші мәртесінде ер азамат есіне келіп, оны жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырды. Белгілі болғандай, зардап шегуші досымен бірге өзеннің белгіленбеген жерінде шомылып жүргенде есінен танып қалған», делінген төтенше жағдайлар департаменті таратқан ақпаратта.

Белгілі болғандай, қала тұрғыны Сергей Фоминых суда ешбір қимылсыз қалқып бара жатқан ер адамды байқап, сол сәтте көмекке ұмтылады. Оған ер азаматты өзеннен алып шығуға Ержан Жәңгіров көмектескен. Олар зардап шеккен адамға бірден алғашқы медициналық көмек көрсете бастаған. Құтқарушылардың қатарына Виктор Глинский есімді қала тұрғыны да қосылып, реанимациялық әрекеттер жасауға жәрдемдесіпті.

«Адамдардың жанын сақтап қал­ған­дарыңызға мың алғыс. Сіздер­дің ерліктеріңіз тек құрметке лайық. Нағыз батырсыздар. Ерліктің, батыл­дық­тың, қайсарлықтың айқын үл­гі­сі осындай болса керек», деді А.Штыкель.

Әлбетте, мұндай азаматтардың қарекеті қанша айтсақ та мақтауға жарасады. Десе де төтенше жағдайлар қызметі шомылу маусымында судағы қауіпсіздік ережелерін мейлінше қатаң сақтау керектігін ескертеді. Әсіресе ішімдік ішкен азаматтарға шомылмауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, жалғыз суда жүзбеуге, бейтаныс жерлерде шомылудан аулақ болуға, жүзу дағдыларын мең­гермегендерге суға жақындамауға және шектеу белгілерінен әрі жүз­беу­ге кеңес береді. Егер де қауіп төнген жағдайда немесе жазатайым оқиғаның куәгері болсаңыз 112 нөміріне дереу қоңырау шалған жөн. Құтқарушылар өзіңіздің және өзгенің өміріне бейжай қарамауға шақырады. «Сақтансаң ғана сақтайды», деген қағиданы естен шығармаған абзал.

 

Абай облысы