• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2014

Ел аумағында сібір жарасының 2 мыңға жуық ошағы бар

382 рет
көрсетілді

АСТАНА. 4 мамыр. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов ел тұрғындарын толғандырып жүрген бірқатар мәселелерге тоқталды. Бұл туралы Bnews.kz хабарлады. Брифингте Болатбек Қуандықов алдымен сібір жарасы туралы сөз қозғады. Өз сөзінде Агенттік төрағасы: «Қазақстан аумағының 40 пайызы обаның табиғи ошағы болып табылатынын естен шығармауымыз керек. Ел аумағында 2 мыңға жуық сібір жарасы мен басқа да аса қауіпті індеттердің ошағы орналасқан. Сондықтан, біздің басты мақсатымыз – халық арасында жұқпалы дерттің таралуының алдын алу, жекелеген індеттер ұясын жою», – деді. Бұдан кейін жұртшылық көбірек тұтынатын тағамдардың санитарлық- гигиеналық  мәселелерін әңгіме арқауына айналдырған ол: «Фаст-фуд жөнінде айтып өтейін... Бұл жылдам дайындалатын тағам түрлерінің бірі. Кейінгі уақытта халық ас әзірлеуге уақыты болмағандықтан, көше бойында сатылатын арзан әрі дәмді фаст-фуд өнімдеріне құмар болып алды. Оны дайындайтын мекемелер өз жұмыстарын бастайтын уақытта өзгелер сияқты санитарлық-гигиеналық қорытынды алуы тиіс. Ал олардың дайындаған өнімдеріне шағымдар түсіп жатса, жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Сондықтан, фаст-фуд тағамдарына күмәндарыңыз болса, кез келген уақытта сол өнімді бізге алып келулеріңізге болады», – деді. Сондай-ақ, Болатбек Қуандықов тұтынушылардың құқын қорғау жүйесін толығымен жаңғырту керектігіне тоқтала отырып, заңдық, құқықтық, тіпті, нормативтік актілерді қайта қараудың уақыты келгенін, қолданыстағы құжаттардың басым бөлігіндегі талаптар осы заманғы өзгерістер мен технологиялық үдерістерге мүлдем сай емес екенін жеткізді. Жолдыбай Базар. Дереккөз: Bnews.kz. Фото: med.kz.ucoz.com.