• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Шілде, 2022

Адам саудасына қарсы қадам

455 рет
көрсетілді

Төрт түлігін түлеткен атам қазақ үшін мал базары таңсық емес. Енді адам саудасына да етіміз үйрене бастағандай. Адами құндылықтар құнсызданып «құтырып» кеттік пе, құл ұстауға құлшынатын болыппыз. Ресми мәліметке сүйенсек, шалғайдағы фермерлік қожалықтарында өз ықтиярынсыз жұмысқа жегілген жандар аз емес көрінеді. Қаракөз қыздарымыз «жеңгетайлардың» жетегінде кетіп, бала сату деректері дендеп барады.

Бахрейн асқан «Бақыттар»...

Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде адам саудасына қа­тысты 100-ге жуық қылмыстық іс тіркелетін көрінеді. Биыл 6 айдың өзінде 57 қылмыс анықталған. Оның 32-сі – жез­өкшелік, притондарды ұйымдастыру және ұстау, жеңгетайлық қылмысы. Жез­өкшелікке салынған қыздардың орташа жасы – 18-25 жас аралығында. Отандастарымыз көбіне Бахрейн, Түркия және БАӘ елдерінде от басады екен. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қала­ларда жезөкшелік деректері жиі тіркеледі.

Таяуда «Адам саудасының алдын алу» мәселелеріне арналған дөңгелек үстел­де бұл бағыттағы жұмыстардың жай-жапсары айтылды. Естеріңізде болса, былтыр 2016-2020 жылдар аралығында қыз­дарды Бахрейн Корольдігіне жезөк­шелікке тартумен айналысқан транс­ұлт­тық ұйымдасқан қылмыстық топ құ­рықталған еді. Қазақстан, Ресей және Бахрейн азаматтарынан құралған топ­тың құрамында 19 адам болған. Ал жәбірленуші ретінде 39 азаматша танылды. Олар – Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тұрғындары. Бел­гілі болғандай, олардың алтауы қылмыскерлерден қашып кеткенімен, елге орала алмаған. Ішкі істер министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі бірлесе отырып, отандастарымызды тауып, Бахрейн, Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерінен елге қайтарған-ды.

– Бізді бөтен адам қарсы алды. Сосын қонақүйге апарды. Қонақүйге жайғастырғаннан кейін: «Құжаттарың менің қолымда болады. Мен сені сатып алғанмын», деді. Менен кейін де көптеген қыздың жезөкшеліктің жетегінде кеткеніне куәгер болдым. Олардың ара­сын­да кәмелеттік жасқа толмағандар да бар. Әбден қиналып, өздеріне қол жұмсап, тамырларын кескен жағдайлар да кездесті, – деп еске алған болатын жәбірленушілердің бірі.

Әттеген-айы сол, кейбір қыздар шетелге не үшін бара жатқанын алдын ала білген. Яғни мұндай қадамға өз еркімен баратындар да кездеседі. Осы ретте, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова әлеуметтік саясат бағытындағы жұмыстарды жандандыруға шақырды.

Омбудсмен сөзінің жаны бар. Әлеумет­тік әлсіз топтың мүшелері, қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектер қоғамнан алшақтап, оңай олжаға кенелгісі келеді. Көбіне бұл жолға алкогольге тәуелді және жеңіл жүріске салынған әйелдер түседі екен. Әлеуметттік саясат дегеннен шығады, еліміздегі отбасы институтын әлі де жандандыру керек сияқты. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын ұйымдастырумен іс бітпес. Ерте жүктілік, жасанды түсік, суицид сияқты деректердің көп тіркелуі кә­мелет жасқа толмаған қыздардың мек­теп қабырғасында жүргенде-ақ зорлық-зомбылыққа ұрынатынына дәлел. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көбіне жалғызбасты аналар жезөкшелік, ал әкелер ішкілік жолды таңдап жатады. Сарапшылар толық отбасында өспей, ерте жастан психикалық қысастыққа ұрынғандардың басым бөлігінің болашағы бұлыңғыр екенін айтады. Көбіне ондай отбасынан шыққандар жезөкшелік жолды таңдайтын немесе ішімдік, есірткі секілді тағы басқа нәпсінің құлына айналатын көрінеді. Сондықтан әлеуметтік саясат, отбасылық институт бағытындағы жұмыстарды жетілдіре түскен абзал.

Шаруаның ұлы да бар, «құлы» да бар

Елімізде жыл сайын ауыл шаруашы­лығы саласына қадам басқандар артып келеді. Бірі өсімдік шаруашылығын өркен­детсе, енді бірі төрт түлігін түлетіп отыр. Қай бағытқа қадам бассаңыз да жұмыс күші қажет-ақ. Елдің аузында жүрген шаруашылықтардағы өмір тамаша! Жұмыскерлерге арнайы үй салынып, бүкіл ыңғайлы жағдай жасалған. Тіпті өзі біреудің малын бағып отырып, өзіне тиеселі түліктің санын арттырып отыр. Отбасы қасында, балалары шағын балабақшаға, мектепке тасымалданады. Жалақысы жоғары, кигені былғары.

Ал кейбір шалғай жатқан шаруашы­лық­тардағы жағдай мүлдем басқаша. Ауылдың әкімі түгіл жақын туысы бара бермейтін шаруа қожалықтарында зор­лықпен жұмысқа жегілген жігіттер жетерлік. Көбінің құжаты жоқ, ішкілікке салынған. Бұрын сотталғандар, балалар үйінен шыққандар, ақыл-есі кем не дұрыс жетілмегендер. Алланың назарынан тыс қалдым деп қаланың базарында жүрген, өмірге өкпелі қаңғыбастар. «Жататын жерің болады, тамақ ағыл-тегіл» деген шаруашылық басшысының «қамқорлық» сөзіне иланып, ақ «Ниваның» салонына өздері-ақ секіріп мінеді. Әккі шаруалар әу баста жұмыскердің жағдайын жасайды. Уақыт өте келе арасында таңғы сағат 6-да тұрғыза бастайды. Содан түн ортасына дейін жұмыс істетеді. Сенбі мен жексенбі күндері қарастырылған демалысты жояды. Ауырып, жатып қалса, дәрігерге қаратпайды. Ақша беру былай тұрсын, тамақ та бермейді. Бұл деген – құлдық! Кейбір полицейлер «жұмыстың қиындығына қарамастан өзі істеуге келісті. Ұнамаса кетіп қалмай ма, қашып кетпей ме?» деп сылтауратады екен. Бірақ олар қайда қашады? Жапан далаға ма, әлде түзге ме? Қашып, ауылдың біреуіне көмек сұрап барса да, оны иесіне тапсырады. Ашуланған иесі өлермен етіп сабап тастайды. 2020 жылғы деректерге сенсек, мұндай жағдайлар Қарағанды облысының Қарқаралы ауданы, Балқаш, Шу өңірлерінде, Түркістан облысында шаш-етектен екен.

Сәби саудасы сәнге айналды ма?

Бұрындары сәби сату туралы кинолардан көріп, ондай сұмдықты шетел жақтан еститінбіз. Соңғы уақытта ел іргесінде де «іріген» жаңалықтар жарқ ететін болыпты. Сәби сату мен сатып алуға қатыстылар – жеке адамдар, яғни баланың анасы мен заңсыз жолмен балалы болғысы келгендер. Бала саудасымен айналысамын деп басы бәлеге қалған медицина қызметкерлері де кездеседі. Мамандардың айтуынша, көбіне жас қыз-келіншектер баласын саудалайды. Ал «тірі тауарды» сатып алушылардың дені – ана болу бақытынан айырылғандар. Құқық қорғау органдары дүние есігін енді ашқан сәбилерді саудаға салғандардың кінәлары толығымен дәлелденсе, екі жақ та жазасыз қалмайтынын ескертеді. Иә, жаңа туған нәрестелерді сату ауыр қылмысқа жатады. 2019 жылы елімізде адам саудасымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілген. Мәселен, Кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудаға салып, пайда көздегендерді он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді.

Бұл іске қатысты деректерді сүзіп шықсақ, жаңа туған нәрестелердің құны миллионнан басталып, 3-4 миллион теңгеге дейін бағаланады екен. «Әлі жарық дүниеге келмеген сәбиін анасы интернеттегі түрлі сайттар, әлеуметтік желілер арқылы сатып, ақша тапқысы келеді. Бала асырап алудың сан талаптарын орындап, уақытын жоғалтқысы келмейтін сатып алушылар да көбіне осы тәсіл арқылы «болашақ баласын» іздейді», дейді мамандар. Иә, бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу керек. Бұл – заң талабы. Оның үстіне кезекке тұру және біраз уақытқа созылатын бюрократиялық кедергілерден өту қажет. Қамқоршы органдар онсыз да туа салып, тағдырдан теперіш көрген сәбиді кім көрінгеннің қолына ұстата салмайтыны тағы түсінікті. Осындай кедергілерді аттап өту үшін ана бақытын сезіне алмай жүргендер түрлі қулыққа барады. Баласын асырай алмайтынына көзі жеткен қыз-келіншектер де сол жолды таңдайды.

Бұрындары әлеуметтік желілердің бірінде мынадай хабарлама жарияланыпты: «Үшінші баламды көтеріп ем, асырай алмаймын. Күйеуім жоқ. Балалар үйіне өткізіп, далаға тастағаннан гөрі бір мейірімді жан асырап алса деймін. Екі балама нан болуы үшін қаржылай көмек болса» депті. Астына «Мен алайыншы», «Бала асырай алмай жүрміз, маған беріңізші», «ЭКО-дан жол болмады, мен алайын, қаражатпен көмектесемін» деген мәндегі пікірлер көп жазылыпты. Соған қарағанда бала сату бір бөлек, заңсыз жолмен сатып алғысы келетіндер аз емес сияқты.

Жоғарыда шетел жайлы айттық қой. Шетелде мұндай оқиға күн санап тіркеледі. Тіпті криминогендік ахуал тұрақсыз мекендерде сәби саудасы негізгі табыстың көзі болып саналады екен. Оның артында не тұрғанын кім біліпті? Біздің ойымызға бала бақытын сезіне алмай отырғандар асырап алады деген ой сақ ете қалады. Шын мәнінде, сәбиді адам ағзасын сату үшін, құлдыққа салу үшін, педофилдікке пайдалану үшін асырап алуы мүмкін ғой. Осы ретте, БҰҰ-ның балалар саудасының жолын кесу бағдарламалары шеңберінде көптеген мемлекетте кешенді жұмыс қолға алынған.

Заң жобасы әзірленуде

Елімізде алғаш рет Адам саудасына қарсы күрес туралы заң жобасы әзірленіп жатыр. Ішкі істер министрлігі Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, бүгінде 2021-2023 жылға арналған кешенді шаралар жалғасып жатыр. Бұл іске мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың мамандары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері атсалысып, жоба жан-жақты зерттеледі. Заң жобасы 2023 жылдың сәуір айында Мәжілістің талқылауына ұсынылмақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында адам саудасы проблемасының өзектілігін, мұндай қылмыстарды тергеу және кінәлілерді сот тәртібімен жазалау рәсімін жақсарту қажетін, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестірудің маңызын атап өтті. Осыны негізге ала отырып, бүгінде уәкілетті органдар дәйекті жұмыс жүргізіп жатыр. Ішкі істер министрлігі жүйелі негізде осындай факторларды анықтауға бағытталған республикалық жедел алдын алу іс-шараларын жүргізеді.

– БҰҰ мәліметтері бойынша адам саудасының ең көп тараған түрі –жыныс­тық қанау. Бұл адамдардың трафигіне байланысты жағдайлардың 54 пайызын құрайды. Елімізде адам саудасының ең көп таралған түрі – әйелдерді жыныстық қанау, сондай-ақ притондар мен жеңгетайлық жасау. Ер адамдар, әдетте, еңбек нарығында жапа шегеді. Сонымен қатар жаңа туған нәрестелер мен жас балаларды асырап алу үшін сату фактілері анықталады. Бүгінде осы санаттағы қылмыстардың алдын алу, анықтау және тергеуде белгілі бір тәжірибеміз бар. Бұған адам саудасына қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия түрінде жұмыс істейтін мемлекеттік және азамат­тық сектор арасындағы диалог алаңы ық­пал етті. Осындай өңірлік комиссиялар облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жанынан жұмыс істейді. Әрбір 3 жыл са­йын профилактикалық және практикалық сипаттағы іс-шаралар кешенін қамтитын үкіметтік жоспарлар қабылданады. Зардап шеккендердің құқықтарын қорғау және оларға көмек көрсету үшін елімізде 20-дан аса үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олармен тығыз өзара іс-қимыл жолға қойылып, ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды, – дейді Қанат Нұрмағамбетов.

Елімізде 2016 жылдан бері адам саудасының құрбандарына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Алайда бұл көмекті тек Қазақстан азаматтары, елімізде тұрғылықты тұрып жатқан шетелдік азаматтар мен қандастар ала алады. Ал түрлі себептермен Қазақстанға уақытша келген еңбек мигранттары адам саудасының құрбаны болғанда атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Халықаралық сарапшылар бұл мәселені жиі тілге тиек етеді. Жалпы, бұл бағытттағы заңнамалық құжаттардың болмауы Қазақстанның кейбір халықаралық рейтингтерде төменгі сатыға жайғасуына себеп болып отыр.

Президент жанындағы Адам құқық­тары жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішевтің айтуынша, Адам сау­дасына қарсы күрес туралы заң жоба­сында шетелдік мигранттардың еңбек қатынастарын реттеу мәселесі қарас­тырылған. Өзге де маңызды бағыттар қамтылған. Заң қолданысқа енгізілсе, адам құқығы туралы ережелер халықаралық стандарттарға сай болмақ.

Адам саудасының алдын алу және атал­ған қылмысқа қарсы ымырасыз кү­ресте әлемдік тәжірибенің маңызы зор. Осы орайда білікті мамандардың қаты­суымен әзірленіп жатқан Заң жобасы түйткілдің түйінін тарқатады деген сенім мол.