Денсаулық сақтау министрлігінің Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан аумағында маймыл шешегі инфекциясының пайда болуына жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан шаралар жайында баяндап берді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдын ала деректеріне қарағанда, әлемде маймыл шешегін жұқтыру деректері жоғары қарқын алып өсуде. Бүгінгі таңда әлемнің 81 елінде 18 954 жағдай тіркелсе, оның 18 915-сі расталды. Бұл ретте, ДДҰ өкілдері Нигерия мен Конгодағы жағдайға ерекше алаңдаушылық білдіріп отыр.
Еліміздің аумағында инфекцияның таралып кетуіне жол бермеу мақсатында санитариялық-профилактикалық іс-шаралар іске асырылып келеді. Министрліктің деректеріне сәйкес, республиканың мемлекеттік шекарасында орналасқан әуежайларда, теміржолдарда, теңіз порттарында және автоөтпе жолдарда санитариялық-карантиндік пункттер жұмыс істейді. Аталған пунктерде қашықтықтан жүзеге асырылатын термометрияның көмегімен шетелден келген азаматтар тексерістен өтеді.
«Бүгінгі таңда республикада маймыл шешегінің белгілері бар ауру жағдайлары тіркелген жоқ. Африка елдерінен және аталған инфекцияны жұқтыру жағдайлары тіркелген басқа мемлекеттерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Инфекция таралған елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады», делінген комитет ақпаратында.
Ведомствода атап өткендей, қазіргі уақытта «жұқпалы аурулар» бейіні бойынша маймыл шешегін диагностикалау мен емдеудің клиникалық хаттамасы әзірленіп жатыр.
Айта кетсек, Қазақстанда маймыл шешегін анықтауға арналған арнайы тест жүйесі бар. Медицина қызметкерлері де аталған дертті анықтау және емдеу бойынша арнайы оқытудан өтіп, семинар-тренингтерге қатысты.
Айта кетсек, әлемде вирусқа қарсы арнайы препараттар әлі де әзірленбеген. Алайда Ұлыбританияда науқастармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне кәдімгі шешекке қарсы вакцина салынады. Ондай вакцина маймыл шешегі вирусынан да қорғайды екен.
Ал еліміздің инфекциялық ауруханаларына келетін болсақ, олар вирусқа қарсы, науқастарды симптоматикалық күтуге арналған дәрілік препараттардың, жеке қорғаныш құралдарының және дезинфекциялық құралдардың резервтік қорымен қамтамасыз етілген. Зертханалық қызметті жүзеге асыру бағытында түрлі диагностика жүргізу үшін қажетті реагенттер қоры құрылды.
Биыл министрлік ДДҰ мамандарымен бірлесіп Денсаулық сақтау ұйымдары үшін маймыл шешегінің этиологиясы, патогенезі, клиникасы, диагностикасы және оны емдеу, эпиданамнез бен алдын алу шараларының ерекшеліктерін ескере отырып, маймыл шешегін диагностикалау кезіндегі жағдайдың стандартты анықтамасын қолдану бойынша онлайн-семинарлар өткізген еді. Бұл іс-шаралар кешені де қазақстандық мамандарды кәсіби жетілдіріп, елімізде инфекцияның пайда болуына жол бермеуге ықпал етеді деген сенім бар.