• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 28 Шілде, 2022

Қазақстан Орталық Азияның криптохабына айналады

318 рет
көрсетілді

Пандемия жаһандық цифрландыруды жеделдетті. Бұл өз кезегінде қаржы және қор нарықтарының өсуі үшін жаңа мүмкіндіктер туғызды. Әлем осы бағытта белсенді дами бастады. Жаңа қаржы құралдарын қалыптастырып, үздіксіз өзгеру үстінде. Өзгерістер негізінен дамыған елдерден басталатыны анық. Алайда мұндай құралдардың алдағы уақытта үлкен сұранысқа ие болатынын түсінген дамушы нарықтар да қатардан қалар емес. Бұл қатарда біздің Қазақстан да бар.

Жаңа қаржы құралдары экономиканы сапалы түрде жақсартуға жол ашады. Бұл дегеніміз – жаңа жұмыс орындарын ашу, кәсіпкерлікті нығайту, ха­лықтың әл-ауқатын жақсарту, бюд­жет­ті толықтыру. Осы ретте елімізге инвестиция ағынын жеделдету, сонымен қатар ұлттық экономиканың өсуіне қажетті жаңа қаржы құралдарын тарту мақсатында «Астана» халықаралық қар­жы орталығының (АХҚО) құрыл­ғаны белгілі. АХҚО негізінде пруден­циалдық реттеуді жүзеге асыратын және орталық қатысушыларының қар­жылық тұрақтылығын қамтамасыз ететін қаржылық реттеуші – Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті жұмыс істейді. Қазақстандағы бизнесті дамытуда, жаңа қаржы құралдарын енгізуде және қаржы нарығының өсуіне қол жеткізуде Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің алар орны да ерекше.

FinReview.info сарапшыларының пікір­іне қарағанда, реттеушілік база дамы­ған қаржы нарығының негізі болып сана­лады. Қаржы нарығын реттеудің маңы­зы зор. Әсіресе әлемде сұраныс әсері­нен жаңа өнімдер мен қызметтер пай­да болып жатқан дәл қазіргі уақытта. Оның үстіне қаржы нарығы алаяқтық шабуыл­дардың алдында әлі де болса қорғансыз.

Тиісінше, нарыққа қатысушылар қателіктерінің құны да өте жоғары әрі бұл бизнес, халық және экономика үшін қайтымсыз зардаптарға әкелуі мүмкін. Сондықтан нарық субъектілерінің қауіпсіз қызметін және мемлекеттің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған реттеушілік жұмыс­тардың жүргізілуі қажет-ақ. Әрине, оны жүзеге асырудың тетіктері мен ерек­шеліктері сан алуан. Десе де, әдетте олар қаржы нарығына қатысты сегмент­тің қызметі туралы заңнаманы әзір­леуге, компаниялардың жұмысының тиі­с­ті ережелерін қалыптастыруға, олар­ға қызметті жүзеге асыруға рұқсат құ­жат­тарын беруге және жұмыстарының заң­ды­лығын қадағалауға қатысты болады.

АХҚО-да әлемнің жетекші жеке капиталды басқару орталықтарының оң тәжірибесіне негізделген қолайлы жә­не сенімді нормативтік база қалып­тасқан. Қаржы орталығының басты артық­шылығы да осы – ағылшын құқығы негізінде жұмыс істейтін реттеу режімінің болуы. Осыны жете түсінгендіктен, АХҚО юрисдикциясында өз бизнесін тіркейтін компаниялар көбейіп келеді. Жаңа ойыншылар келген сайын олар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде іске асырғысы келетін жаңа қаржы құралдары пайда болады. Сондықтан Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті үнемі осы құралдарды жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық базаны әзірлеумен айналысады. Алдымен реттеуші ұсынылған құралға қойылатын негізгі талаптарды белгілейді. Әрі қарай ол арнайы әзірленген «реттеуші құм жәшігінде» сыналады. Онда оның жұмыс істеуі мен ықтимал тәуекелдерін зерделеу арқылы заңнамалық база қалыптастырылады. Яғни заңдар теориялық білім негізінде емес, тәжірибе жүзінде дайындалады. Міне, осылайша, Қазақстанда несиелік және инвестициялық краудфандинг платформалары жұмыс істей бастады. Сондай-ақ криптовалюта биржаларының қызметі мен цифрлы активтерді сақтаудың құқықтық негіздері пайда болды.

FinReview.info-ның хабарлауынша, елімізде қаржылық технологиялар саласында жаңа өнімдерді игеру олардың ерекшелігіне байланысты айтарлықтай қиын. Өйткені олардың сұранысқа ие боларын иә болмасын алдын ала болжау мүмкін емес. Сонымен бірге бұл елдегі іскерлік белсенділіктің өсуін ынта­ландырады және экономиканың нақты секторына қолдау көрсетеді. Мыса­лы, Шығыс Еуропа елдерінде, АҚШ пен Жапонияда дамыған FinTech нарығы­ның нәтижесінде, ішкі жалпы өнімдегі инновациялардың үлесі 25 пайыздан жоғары қалыптасады. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 3 пайыздан төмен.

«Елде жаңа қаржы құралдары мен өнімдерін әзірлеуді және енгізуді ынталандыру үшін AFSA FinTech Lab «реттеуші құм жәшігін» іске қосты. Ол компанияларға инновациялық қаржылық қызметтерді сұраныс пен тәуекелге сынау үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді. Сонымен қатар тестілеу режімі уақытында компаниялардан АХҚО-ның барлық нормативтік талаптарын орындау талап етілмейді. Керісінше, инновациялық өнімді немесе қызметті енгізу бойынша эксперимент барысында бұған кедергі болуы мүмкін қаржы орталығының қолданыстағы заңнамасы жұмсартылады. «Реттеуші құм жәшігі» қазірдің өзінде ондаған перспективалық идеяларды жүзеге асырды. Мысалы, қазіргі уақытта криптовалюта нарығының қызметтері «құм жәшігінде» алты криптобиржасы, бір криптоброкер және токенделген бағалы қағаздардың бір биржасы арқылы тексерілуде. Басқаша айтқанда, FinTech Lab – тәжірибесі жоқ бағыттарды реттеуші құралын жылдам қалыптастырудың сәтті мысалы. Яғни нормативтік база әзірленгенше күтуге болады. Бірақ бұл әдетте ұзақ процесс. Кейде он жылға созылады немесе жаңа бағытты енгізуді қазірден бастап, оны жүзеге асырудан толық пайда алуға болады. Кем дегенде, алдағы бес жылда FinTech индустриясының кейінгі уақыттағы үдемелі дамуы арқылы ішкі жалпы өнімдегі инновациялардың үлесі 7 пайызға жетуі мүмкін», дейді FinReview.info сарапшылары.

Тәжірибе көрсеткендей, сапалы нарықтық инфрақұрылымды құру үшін ақпарат алмасудың тиімді механизмін ұйымдастыру қажет. Өйткені қаржылық реттеу – бұл ақпараттың белсенді алмасуы себебінен тиімділігі арта түсетін өте күрделі және ауқымды сала. Әртүрлі елдердің қаржылық реттеушілері бір-бірімен байланыса отырып, жаһандық нарықтарды әлсіретіп, инвесторлардың оларға деген сеніміне нұқсан келтіруі мүмкін трансшекаралық алаяқтыққа және қаржылық қылмыстардың басқа түрлеріне қарсы тұру құралдарын қалып­т­­астырады. Дүниежүзілік қаржы нарықтарын нығайтумен айналысатын негізгі құрылымдардың бірі – Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымы (IOSCO). Ол дүние жүзіндегі бағалы қағаздар нары­ғын реттеушілерді біріктіреді және оларға халықаралық стандарттарды бел­гілейді. IOSCO мүшелері 115-тен ас­там юрис­дикциядағы әлемдік бағалы қа­ғаздар на­рығының 95 пайыздан астамын рет­тейді және олардың стандарттары баға­лы қағаздар нарығын нор­мативті қа­дағалауды қамтамасыз ету, ин­вес­тор­ларды қорғау, әділ, тиімді әрі ашық на­рық­тарды қолдау және жүйе­лік тәуекел­дерді шешу үшін жаһан­дық дәйекті тәсілдердің сақталуын қамта­масыз етеді.

IOSCO мүшелері консультациялар, ынтымақтастық және ақпарат алмасу бо­йынша өзара түсіністік туралы көпжақты меморандумды (MMoU) қабылдады. Құжатта қандай ақпарат алмасу және қандай форматта, оны тарату, мәжбүрлеп беру және пайдалану шарттары қандай екені анықталады. Осылайша, күш біріктіру және ақпарат алмасу арқылы қаржылық алаяқтық тәуекелдері азаяды. Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті IOSCO-ның қауымдасқан мүшесі және MMoU меморандумының қатысушысы болып саналады. Бұл бастамаларға қатысу қаржы орталығының толық ашықтығын және жаһандық ұйымдармен өзара әрекеттесуге дайындығын көрсетеді. IOSCO-мен ынтымақтастық сонымен қатар АХҚО реттеуші ортасының жоғары халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды. Бұл өз кезегінде жүйелік тәуекелдердің туындауын азайтады және тұтастай алғанда инвесторлардың юрисдикцияға деген сенімін арттырады.

Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті Еуропа мен Азиядағы реттеу­шілермен қаржылық қадағалау жөніндегі 43 келісімнің қатысушысы болып сана­лады. Құрылым АХҚО-ға қаржы нары­ғындағы құқық бұзушылықтармен күре­суге мүмкіндік беретін кең ауқымды жаһандық серіктес желісіне ие. Атап айтқанда, халықаралық бизнес алаңы қызметін атқаратын қаржы орталығы ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (FATF) стандарттарын қатаң сақтайды. Олардың стандарттары мен ұсынымдарына сәйкес, АХҚО-ның ақшаны жылыстатуға, лаңкестікті қар­жыландыруға және санкцияларға қарсы күрес ережелері әзірленді. Бұл стандарт­тар жаһандық қаржы жүйесін ақша­ны жылыстату, лаңкестікті қаржы­лан­дыру және жаппай қырып-жою қа­руы­ның таралу қаупінен қорғауға бағыт­талған. Мысалы, АХҚО арқылы заңсыз қар­жылық ағындардың өтуіне жол бермеу үшін түпкілікті бенефициарлық меншік иесін анықтау ережелері енгізілді.

АХҚО қатысушыларының саны өскен сайын Қазақстан юрисдикция­сында қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін құжатты әзірлеудің рөлі артты. Ал мұндай келісімге өткен жылы Қаржылық қызметтерді реттеу комитеті, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасында қол жеткізілген болатын. Құжат «АХҚО-дағы валюталық реттеу және жүргізілетін валюталық операциялар туралы мәліметтерді беру қағидалары» деп аталды. Оның шеңберінде Қазақстан резиденттері үшін қолжетімді қаржылық қызметтердің нақты тізімі анықталды. Бұл инвестициялық қорлардың, сақтандыру компанияларының, ислам банктерінің, брокерлік компаниялардың қызметтері, сонымен қатар кәсіби қызметтер – заңгерлік, бухгалтерлік есеп, аудит. Мәселен, қаржы орталығында тіркелген банктер енді Қазақстандағы заңды тұлғаларға несие беріп, ұлттық экономикаға 2 млрд доллардан астам инвестиция салу жоспарын жүзеге асыра алады. Ережелер қабылданғанға дейін олар корреспонденттік шоттарды да аша алмайтын. Реттеуші органдар қол жеткізген келісім елдің қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтып, тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді. Өйткені қаржылық қызметтер тізбесінің кеңеюі нарықтың нығаюына, инфляция қаупінің азаюына және валютаға қысымның төмендеуіне әсер етеді.

Биылғы Astana Finance Days 2022 аясында Қазақстандағы банктер мен АХҚО-да тіркелген криптобиржалардың өзара әрекеттесуіне арналған қанатқақты жоба ресми түрде іске қосылды. Тиісті ережелерді криптоиндустрия мен блокчейн технологияларын дамыту шаралары аясында арнайы жұмыс тобы бекітті. АХҚО-дағы криптобиржалар мен қазақстандық банктердің өзара әрекеттесуі Қазақстанның аймақтық криптохаб ретінде әлеуетін одан әрі дамыту үшін тиісті нормативтік базаны қамтамасыз етуге бағытталған. Жоба 2022 жылға дейін қанатқақты режім­де жұмыс істейді. Оған Қаржылық қыз­мет­терді реттеу комитетінде цифрлы активтер платформасын басқаруға лицензиясы бар криптобиржалар қатысады.

– Біз барлық күмәнді транзакция бо­йынша ақпараттың 95 пайызын екінші деңгейлі банктерден аламыз. Олар ең көп тартылған қатысушылар және оларда ақшаны жылыстауға қарсы комплаенс жүйесі жақсы құрылған. Қанатқақты жобаның криптоиндустрияны одан әрі дамытуға және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арт­тыруға үлкен бетбұрыс береріне сенемін, – дейді Қаржы мониторинг агенттігінің департамент басшысы Ғабит Лесбеков.

Қанатқақты жобаның жағымды тұсы – бөлшек және кәсіби инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететін реттелетін салада Қазақстанда цифрлы активтермен сауданы ұйымдастыру. Жоба сәтті іске асырылған жағдайда ұлттық заңнамаға және АХҚО актілеріне өзгерістер енгізіледі.