Қостанайда ХІІ «Золотой микрофон» халықаралық балалар ән байқауы аяқталды. Бұл шараның жыл өткен сайын қанаты қатайып, аясы кеңейіп келеді. Биыл оған 60-тан астам жас әнші қатысты.
Ең жас әнші төрт жасар Мәдина Қабжәлел байқауға Торғайдан келіп қатысты. Байқаудың мақсаты мәреден көріну болса керек. Үшінші орынды Астана қаласынан келген Егор Кривенко, алматылық Рауан Жолдасова, Ақтаудың «БиС» дуэті, қостанайлық Ардақ Ердәулет және Ресейдің Челябі қаласынан келген Елизавета Грек бөлісті. Екінші орынды алматылық жас әнші Ақниет Сүйіндікова, қостанайлық Нұрилә Қоқанбекова, «Байтерек» тобы, Беларусьтен келген Владислав Старченко алды. Бірінші орын ақтаулық Луиза Нұрқуатоваға, Алматы облысынан келген Қанат Перизатқа, болгарлық Антонина Димитроваға және қостанайлық Айдар Жазықбаевқа бұйырды. Айдарды халықаралық байқаудың ұйымдастырушылары Белорусьтегі ән фестиваліне шақырды. Ал ән бәйгесінің бас жүлдесін Жандос Мухаммади жеңіп алды. Ол облыстың Лисаков қаласындағы орта мектептің жоғары сыныбында оқиды. Оған облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов 300 мың теңгенің сертификатын тапсырды.
– «Золотой микрофон» халықаралық балалар ән байқауы деңгейінің өскені сонша, мұндағы қазылар алқасы іріктеген жас әншілердің дүниежүзіндегі осындай кез келген байқауда бағын сынатуға болады. Мұнда да Еуропадан, Азиядан жас дүлдүлдер, жас бұлбұлдар келді. Талант жасқа қарамайды екен. Екіншіден, әр жақтан келген балалар үш күнде достасып, кетерде қимай, жылап тарқасты. Мұны көрудің өзі де ғанибет! Бір өкініштісі, Украина тарабы жас таланттарды байқауға қатыстырмай билеттерін қайта өткізді, – дейді байқауды ұйымдастырушылардың бірі Вячеслав Авдеев.
Белгілі композитор, қазылар алқасының төрағасы Кеңес Дүйсекеев байқауда қостанайлықтарға Қостанай облысының әнұранын тарту етті. Байқаудың гала-концерті осы шығармамен қорытындыланды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.