Спортсүйер қауым, соңғы жылдары сумо күресінің хас шебері Асасёрю Акиноридің Алматығы қайта-қайта келіп жүргенін біледі. Сөйтсек, оның да өзіндік сыры бар екен. Ең басты жүлде – Император Кубогын 25 рет жеңіп алған әйгілі моңғол жігіті қазақ жерінде сумо күресін дамытуды қолға алмақ.
Улан Баторда туған балуан ХХІ ғасырдың тұңғыш ёкодзуны (сумо күресінің ең биік дәрежесі). Яғни, Моңғолиядағы сумо тарихындағы алғашқы балуан және ёкодзун жоғары атағын алған үшінші шетелдік. Жасы әлі отызға жетпеген даңқты Асасёрю: «Кезінде менің күрестерім арқылы Моңғолия әлемге танылды. Енді мен қазақстандық спортшылар өз елінің даңқын арттыруы үшін бар білімім мен тәжірибемді осы өрелі іске жұмсағым келеді», деп ағынан жарылып отыр.
Көбінесе күреске «Көк айдаһар» деген лақап атпен шығатын сумошының шын аты-жөні – Долгорсурэнгийн Дагвадорж.
Улан Баторда ұлттық күрес стилі бойынша даңқы шыққан отбасында туған Асасёрю Акиноридің қалған үш ағасы да танымал спорт тұлғалары көрінеді. Сумо жекпе-жегі бойынша бүгінге дейін алдына жан салмаған алыптың бірі осының алдында Қазақстанға «Бес қару» атты ұлттық спорт түрлері Қауымдастығының президенті Дәурен Мұсаның шақыртуымен келген-ді.
Өткен жылы «Көк айдаһар» Қазақстанды аралап, талантты бір спортшы тауып, жапон ұлттық күресінің бүкіл қыр-сырына баулымақ ниетін білдірген еді. Оның ойынша, қазақстандықтар көбінесе Лондон олимпиадасында күшке салатын спорт түрлеріне бейімділігін көрсеткен. Сонымен әйгілі сумошы Алматы қаласы әкімінің қабылдауында болып, оңтүстік астанада күрестің осы түрін дамытуға ынталы екендігін білдірген. Өз кезегінде әкім Ахметжан Есімов бұл бастаманы қолдап: «Алматы – Қазақстанның спорт орталығы. Біздің мегаполисте спорттың көп түрі дамыған. Спортқа қолдау көрсету біздің басты міндетіміздің бірі. Сондықтан, қаламызда көптеген секциялардың, соның ішінде сумоның да ашылғанын қалаймыз», – деді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.