Батыс Қазақстан облысында 5 жасар бала суға батып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Облыстық ТЖ департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға 28 шілде күні Бәйтерек ауданы Жайық ауылында «Saya» демалыс базасында болған.
«Сағат 19.30-да бес жасар баланың жоғалып кеткені туралы хабар түскен. Іздестіру жұмыстарына жедел құтқару жасағынан 4 адам (1 жүзу құралы) тартылды. Сағат 19.40-та куәгерлер баланың денесін судан шығарып алды. 2017 жылғы ұл бала шомылу үшін жабдықталған жағажайда ата-анасымен, туыстарымен бірге болған. Анықталғанындай, бала суға үрлемелі шеңбермен кірген. Ата-анасы мен туыстары сол кезде жағадан 50 метр жердегі жазғы кафеде болған. Баланың жоғалғанын байқаған ата-ана іздестіруді бастаған. Құтқарушылардың бірі баланың мәйітін тапты», деп хабарлады ведомстводан.