Президент поштасынан
Мемлекет басшысының атына Қазақстан корейлері ассоциациясы Қызылорда филиалының мүшелері атынан ұжымдық хат келіп түсті, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Өз хаттарында корей диаспорасының Қызылорда облысында тұратын өкілдері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Корея Республикасына мемлекеттік сапарын мұқият қадағалағандары айтылған.
“Біздің тарихи отанымызда Сізді жан жылуымен қарсы алу корей халқы мен ел басшылығының Сізге деген терең құрметін, біздің мемлекеттеріміз арасындағы достық қатынастарды көрсетеді. Қазіргі кезде Корея Республикасында Қазақстан күндерінің өтіп жатуы да – Орталық Азиядағы көшбасшы ретіндегі біздің республикаға, сенімді іскер әріптеске, бай мәдени мұрасы және зор экономикалық әлеуеті бар елге деген құрмет пен сенімнің белгісі.
Біз Қазақстан мен Корея арасындағы достық және іскерлік байланыстардың нығайғанына қуанамыз, алайда, біздің отанымыз – бәрібір осы жерде. Республика тәуелсіздігінің алғашқы қиын жылдарында, көп адамдар өздерінің тарихи отанына кете бастағанда, корейлер өзге халықтардың өкілдерімен бірге жаңа Қазақстанды құру үшін осында қалды. Бүгінде, біздің еліміз аяғынан нық тұрған кезде біз мұнда біздің еңбегіміздің де үлесі бар екенін мақтан тұтамыз.
Қазақстан КСРО ыдырағаннан кейін соғыстар мен ұлтаралық қақтығыстарға ұрынған жоқ. Бүгінде барша қазақстандықтар бейбіт жағдайда және келісімде өмір сүріп отыр. Біз ертеңгі күнімізге сенімдіміз. Мұндай сенім өз халқын сүйетін дана саясатшы басқарған бақытты елде ғана болады.
Біз өзіміздің жайлы үйіміздегі бейбітшілік пен біздің отбастарымыздағы береке үшін Сізге шексіз алғысымызды білдіреміз. Мұндай бейбітшілікті Сіз орнаттыңыз, Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстанның барлық корейлері атынан Сізге құрмет тағзымын білдіреміз.
Қазақстан – біздің Отанымыз. Корейлердің қазіргі ұрпағы осында туған, сондықтан да біздің басқа отанымыз жоқ. Біз Қазақстанның өркендеуі үшін қолдан келгеннін бәрін де жасаймыз.
Сізге еліміз бен халқымыздың игілігі үшін зор денсаулық және ұзақ ғұмыр тілейміз”, – делінген хатта.