• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әлем 31 Шілде, 2022

Солтүстік Корея тағы да әлем назарында

817 рет
көрсетілді

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын АҚШ пен Оңтүстік Кореяға қарсы ядролық күш қолдануға дайын екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, «дұшпандар» Корей түбегін іс-қимылымен және арандатушы әрекеттерімен соғысқа мәжбүрлеп отыр.

Associated Press таратқан мәліметтерге сәйкес, Ким Чен Ын Корей соғысының аяқталғанына 69 жыл толуына орай ардагерлер алдында сөйлеген сөзінде Солтүстік Корея ядролық күштерін бір арнаға тоғыстырып, АҚШ-тың шабуылына кез келген уақытта тойтарыс беруге  дайын екенін айтқан.

«Біздің қарулы күштеріміз кез келген қақтығысқа жауап беруге толық дайын, ядролық күштеріміз де дәл әрі жылдам қимылдап өз миссиясын атқармақ», деді Солтүстік Корея көшбасшысы. Сонымен бірге Ким Чен Ын Оңтүстік Корея үкіметі мен оның президенті Юн Сок Ёлға ескерту жасаған. Егер Оңтүстік Кореяның қарулы күштері қарсы келсе, Сеул мен оның әскерлерінің көзі жойылады деп сес көрсетті. Сондай-ақ ол бұған дейін Сеулде бірнеше рет әзірленуі талқыланған Kill Chain зымыранына қарсы әрекет ету платформасы құрылатынын атап өтті.

Yonhap агенттігі Солтүстік Корея көшбасшысы осы жылдың мамыр айында билікке келген Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёлды атымен бірінші рет атап отыр дейді. Юн Сок Ёл – Оңтүстік Корея президенті болып сайланар алдында ұлттық қауіпсіздікке қатысты қатаң ұстанымға ие болған тұлға. Ол Солтүстік Корея қауіп-қатерлеріне қарсы елінің қауіпсіздік қызметіне алдын ала соққы беру үшін әскер дайындауға рұқсат берген. Америка Құрама Штаттары «рес­публиканың іргелі мүдделерін» өрескел бұзып, ал Оңтүстік Корея КХДР әскери қуатының бір бөлігін «жоюға» ұмтылады деген пікірін білдірді КХДР басшысы.

«Сеул Солтүстік Кореяға «алдын ала соққы беру» және оның әскери әлеуе­тінің кем дегенде бір бөлігін бейта­рап­тандыруға үміттенетін болса, қателеседі», деп қайталады Ким Чен Ын. 

Корей соғысының аяқталуының мерейтойы – КХДР-дың ұлттық мерекесі. Корей түбегіндегі ұрыс 1950 жылы 25 маусымда басталып, 1953 жылы 27 шілдеде атысты тоқтату келісімімен аяқ­талған болатын. Оңтүстік Кореяны АҚШ бастаған 17 мемлекеттің коали­циясы қолдады, ал Солтүстік Корея жа­ғында Қытай, Кеңес Одағы және ком­му­нистік жүйенің бірнеше елі, соның ішінде Чехословакия мен Германия Демократиялық Республикасы болды. Корей соғысы бітіммен аяқталса да, Сол­түстік Корея Америка Құрама Штаттарын үнемі жеңдік деп мәлімдеп келеді. Елде жыл сайын атап өтілетін Жеңіс күні әскери шерулермен, отшашулармен және ұлттық билерімен атап өтіледі.

Шындығына келгенде, бірқатар ел Солтүстік Корея жетінші ядролық сынаққа дайындалуы мүмкін деп алаң­даушылық танытып отыр. Өйткені маусым айында АҚШ тарапы Пхеньян мұндай сынақты кез келген уақытта өткізе алатынын ескертіп, оған күмән­данбау қажетін айтқан болатын. Сондай-ақ Батыстың бірнеше медиасы қазір Пунгери полигонында наурыз айынан бастап дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Еске салсақ, Сол­түстік Корея соңғы рет ядролық сынақты 2017 жылы өткізді.

Бүгінде «Корей түбегіндегі шиеленіс күшейіп келеді», дейді сарапшылар. АҚШ-тың Солтүстік Кореядағы арнайы өкілі Сунг Кимнің ресми мәліметі де Солтүстік Кореяның әлеуетін айқындай түседі. Ол 2019 жылы 25 зымыран, ал биыл бұрын-соңды болмаған 31 зымыран сы­налғанын айтады. Ал ВВС жариялаған ақпарат бойынша маусым айында Оңтүстік Корея Солтүстік ағайындарына жауап ретінде өзінің сегіз зымыранын ұшырған.

Кейбір сарапшылар Ким Чен Ынның Корей түбегі «соғыс шегінде» деген ескертуі өте қорқынышты көрінгенімен, оның мүмкін нәрсе екенін айтады. Бір жағынан Пхеньян АҚШ президенті Джо Байден билікке келгеннен кейін Вашингтонмен арадағы келісімінің жоқтығына өте наразы. Сарапшылар оның Оңтүстік Кореяға қатысты айт­қан сөзі де Оңтүстік Кореяның жаңа пре­зиденті Юн Сок Ёлға қаншалықты ашулы екенін көрсететінін алға тартады.

«Біз Солтүстік Кореяның техно­ло­гиясын бағаламаймыз және қазіргі уақытта олар зардап шегіп жатыр деп ойлаймыз. Шындығында, Солтүстік Корея өзінің әскери әлеуетін біз ойла­ғаннан да тезірек арттырып жатқаны сөзсіз», дейді Оңтүстік Корея әскери-теңіз күштерінің бұрынғы қолбасшысы, профессор Ким Донг Юп ВВС-ге берген сұхбатында.

Ғалым осы жылдың 5 және 10 қаң­тарында Пхеньян «гиперсоникалық сырғанау көлігі» (HGV) мен «маневрлі көлік» (MARV) деп аталатын әуе техни­каларын сәтті сынақтан өткізгенін айтты. Ал бұл Солтүстік Кореяның Америка мен Жапонияның аймақта орналастырып жатқан қымбат әрі күрделі зымыранға қарсы қорғаныс жүйелерін жеңе алатын технологияларды дамытып жатқанын білдіреді.

«Пхеньян мақсаты зымыранға қарсы қорғанысты айналып өтетін, маневрлігі жоғары және Америка Құрама Штаттары үшін анықтау былай тұрсын, алдын алу қиынырақ болатын қаруды жасау екені анық. Олардың көздегені – шабуыл жасау емес, қорғаныс. Сондықтан бұл ел әртараптандырылған кедергілерге қа­бі­летті технологияларды қамтамасыз етуге тырысады», деп қосты Ким Донг Юп.

Сонымен қатар Оңтүстік Корея­ның Пусан қаласындағы Донсео уни­вер­ситетінің профессоры Брайан Р.Майерс Пхеньянның ядролық және зымырандық бағдарламалары бойынша әлдеқайда амбициялық мақсаты бар деп есептейді. Оның пайымдауынша, Солтүстік Корея өзінің арсеналын Оңтүстік Кореямен бейбіт келісімге отыру және Корей түбе­гінен АҚШ әскерін шығаруға пайда­ланудан үміттенеді. Осыдан кейін ғана КХДР оңтүстіктегі көршісін бағындыру еркін болады деп ойлауы мүмкін екенін алға тартады.

Енді бір сарапшылар тарихқа көз жүгіртіп, бұған дейін Вашингтон Пхеньянның назарын аудару үшін қару саласында дағдарыс тудырғанына тоқталады. Сондықтан КХДР осы әре­кетті тағы да қайталауы мүмкін екеніне алаңдаулы.

«Ким Чен Ын қазір зымыран сынақ­тарын барынша арттырғысы келеді. Содан соң ол Джо Байденді нақты жол картасын ұсына отырып, байыпты келіс­сөздерді бастауға итермелегісі келеді. Дегенмен Джо Байден Ким Чен Ынды тиран деп атағаны белгілі. Менің ойымша, ол Ким мырзамен келісімге келіп, саяси жағынан ұтатын пайдасы шамалы», деп пікір білдірді Оңтүстік Кореяның Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі консультативтік кеңесінің мүшесі, профессор Ким Ён Джун.

Сарапшылар Солтүстік Кореяның белгілі бір елдерге қақтығыс тудыруы, қалыпты нәрсе деп есептейді. Өйткені мұны 2010 жылы Пхеньян Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштерінің «Чхонан» корветін суға батырғанда, содан кейін бірнеше ай өткен соң Оңтүстік Кореяның шеткі аралдарының бірін бомбалай бастағанынан аңғарғанын жеткізді.

«Сондай-ақ 2017 жылы Солтүстік Корея Жапонияның үстінен ұзақ қашықтықтағы зымырандарды атып, Гуамға шабуыл жасаймыз деп қорқыт­қанын да білеміз. Сондықтан осыған ұқсас жағдайларға тап болуымыз әбден мүмкін. Алдағы айларда тағы да ұқ­сас нәрсені көруіміз мүмкін», деді Ха­лық­аралық бейбітшілік үшін Карнеги қорының өкілі Анкит Панда.