«Қазақстан-2050» Стратегиясы міндеттерін тиімді жүзеге асыру және басты мақсат – әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына ену үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі тарапынан Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға бақылауды күшейту және саяси қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру бойынша жұмыстардың жаңа пішіні енгізілді.
Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінде сараптамалық топтар құрылып, Мемлекет басшысы тапсырмаларының сапалы және уақтылы орындалуын бақылау бойынша жаңа жүйе жасалды.
Үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап Мемлекет басшысының актілері мен тапсырмаларын орындау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Премьер-Министр Кеңсесі басшылығының, министрлердің орынбасарларының, жауапты хатшылардың, облыс әкімдері орынбасарларының, ұлттық компаниялар жетекшілерінің есептері тыңдалатын апта сайынғы кеңес тәжірибесі енгізілді.
Кеңес қорытындылары бойынша Президент Әкімшілігі Үкіметке Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы және уақтылы жүзеге асыру бойынша, қажет болған жағдайда орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың саяси мемлекеттік қызметкерлерін жауапкершілікке тарту туралы ұсынымдамалар жолдайды.
Бірінші кеңестің қорытындылары бойынша Үкіметке Мемлекет басшысының орындалу мерзімі есептік кезеңге сәйкес келген 33 тапсырмасының жүзеге асырылу барысы туралы ұсынымдамалар жолданды.
Үкімет енгізілген ұсынымдамалар мен ұсыныстарды орындау бойынша жедел түрде шаралар қабылдады.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің осы өкімінің негізінде Үкіметтің 2014 жылға арналған заң жобалау жұмыстарын орындау жоспарының мерзімін бұзғаны үшін Қаржы вице-министрі Р. Дәленов пен Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі М. Әбілқасымоваға, Моноқалаларды дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға бақылауды әлсіреткені үшін Өңірлік даму вице-министрі С. Жұманғаринге ескертулер жарияланды.
Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы және сапалы орындау бойынша бірлескен жұмысы жалғастырылатын болады.