АСТАНА. 5 мамыр. «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымы президиумының төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров Ұлы Отан соғысында от кешкен қазақстандық 528 Кеңес одағының батыры жайлы сериал түсірілетінін айтты. Бұл туралы gazeta kz хабарлады.
Рүстем Қайдаровтың сөзіне қарағанда, аталған фильмде әрбір батырдың өмірі мен еңбегі, ерлігі қамтылады. Бұл сериалды түсіру барысында әр облыстағы мемлекеттік органдар мен архив қызметкерлері көмекке шақырылмақ.
Қазір қазақстандық 510 Кеңес одағының батыры жайлы мәліметтер жиналған. Олар туралы мағлұматтарды толықтыра түсу үшін жергілікті учаскелік инспекторлар жұмылдырылуда.
Генерал-майор Рүстем Қайдаров: «Екінші дүниежүзілік соғысқа барлығы 72 мемлекет қатысты, 60 миллион адам ажал құшты, 110 миллион адам жараланды. Ал Қазақстаннан қан майданға 1 200 000 адам аттанды. Оның ішінде 600 мың адам қаза болды. Бір ғана Шығыс Қазақстан облысынан 111 Кеңес одағының батыры шыққан. Осыдан-ақ, Қазақстанның отанын қорғауға қосқан үлесінің зор екендігін көруге болады», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: gazeta kz.
Фото: kargoo.gov.kz.