АЛМАТЫ. 5 мамыр. Алматы қаласы Алмалы аудандық соты дүйсенбі күні бұрынғы судья Күлпаш Өтемісованы (суретте) 4,5 жылға бас бостандығын айырып, жалпы режімдегі колонияда отыру жазасына кесті. Бұл туралы «Қазақстан жаңалықтары» хабарлады.
Сот оған соңы ауыр зардаптарға апарып соқтыратын заңсыз сот актісіне жол берді деген айып тақты. Бұған қоса, бұрынғы судья үш жылға дейін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айрылды.
2013 жылғы наурыз айының соңында Алматының арнайы ауданаралық сотының үкімімен ресейлік белгілі бизнесмен, «Silicium Kazakhstan» ЖШС-ның бұрынғы бас директоры Александр Сутягинский кісі жалдап адамды өлтіруді ұйымдастырғаны және оқты қару мен оқ-дәрі сақтағаны үшін 12 жылға сотталды. Алайда, Алматы қаласы апелляциялық сот алқасының судьясы Өтемісованың 2013 жылғы 12 тамыздағы қаулысымен бұл әрекет «кісі өлтіруді дайындауды ұйымдастыру» болып өзгертіліп, Сутягинскийдің жазасы 6 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылу болып өзгертілді. Ал оқты қару мен оқ-дәріні заңсыз сақтады деген айып дәлел жетіспеді деген желеумен алынып тасталды.
Содан кейін Алматы қаласының кассациялық сот алқасы Өтемісованың қаулысын бұзып, 2013 жылғы 28 наурыздағы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, сондай-ақ Өтемісованың өзіне қатысты қаулы шығарды. Алқа судьяның қылмыстық заң нормаларын дұрыс қолданбай, жинақталған дәлелдемелерді дұрыс бағаламау көрініс тапқан үкім шығару арқылы заңнамасы қасақана бұзып, өрескел кемшілікке жол бергенін атап көрсетті. Судья Өтемісова қабылдаған заңсыз шешімнің нәтижесінде Сутягинский қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетті. Қазір оның жүрген жері белгісіз. Қылмыскерге іздеу жарияланды.
Қазақстанның бас прокуроры 2013 жылғы қыркүйекте соңы ауыр зардаптарға апарып соқтырған заңсыз сот актісін шығарған судьяға қатысты Қылмыстық кодекстің 350-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғады. Прокуратураның мәліметі бойынша, ол 6 қыркүйекте уақытша ұстау оқшаулағышына қамалған.
Құрыш Нұрымбет.
Дереккөз: «Қазақстан жаңалықтары».
Фото: rus.azattyq.org.