• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2014

Көктемгі шақыру

687 рет
көрсетілді

Азаматтық борышты өтеуге құлшыныс артып келеді

Жастарды әскерге шақыру маусымы басталысымен қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жұмысы қыз-қыз қайнай бастайды. Осы маусымда Атыраудан қанша жас әскер қатарына шақырылады? Газет тілшісінің осы және өзге сауалдарына Атырау облысындағы Қорғаныс ісі жөніндегі департамент басшысы, полковник Ардақ КУКАТОВ жауап берді. – Ардақ Құлымжанұлы, биыл­ғы әскер қатарына шақы­руда нендей өзгерістер бар?  – Жастарды Отанды қорғау, оларға қатысты отаншылдық рухта тәрбиелеу шараларын жүр­гізу қорғаныс ісі жөніндегі депар­таменттердің күнделікті айналысатын  негізгі міндетіне жатады. Өйткені, бабаларымыздың ақ найзаның ұшымен қорғап, бү­гін­гі ұрпаққа аманаттаған  кең-бай­тақ жерімізді, тәуелсіз еліміз­дің тұтастығын сақтау әр аза­маттың конституциялық міндеті. Қазір бұл міндетті ойдағыдай атқаруға толық мүмкіндік бар. Қазақстанның Қарулы Күштерінің әлеуеті артып, жаңа әскери техникалармен толықты, әскери институттарымыз бәсекеге қабілетті маман даярлауда жетістіктерге жетіп келеді. Енді жастарымыздың әскер қатарында азаматтық борышын өтеуіне де көп көңіл бөліне бастады. Биыл көктемде  Атырау облысынан 500-ге жуық жасты әскер қатарына шақыру көзделген. Әрине, әскери міндетін өтеу­ге тиіс жастарды шетінен меди­ци­налық тексеруден өткізіп, әскер қатарына жібере бермейміз. Әсіресе, биылғы жылы әскерге баратын жастарды іріктеуге ерекше мән беріліп отыр. Осы орайда, алдымен, әскерге шақырылатын әрбір жастың отбасылық жағдайына, мектепке барғаннан бергі тәртібіне талдау жасалады. Тұрғылықты мекеніндегі учаскелік инспекторлардан, мектеп басшыларынан, орта арнаулы және жоғары оқу орындарында оқыған болса, сол мекемелер басшыларынан ақпараттар алынады. Ата-анасымен әңгіме жүргізіледі. Әскерге шақырылатын әрбір жас­пен жеке әңгімелесеміз. Бұл жерде алдымен психологтар көп жұмыс атқарып отыр. Ең басты мәселе – әскерге шақырылушының толық отбасында тәрбиеленуі. Ата-анасының екеуінің де бар болуы, сонымен бірге, психологтың кеңесі бас­ты рөл атқарады. Психолог-мамандар әскерге шақырылушыға оң баға бермесе, онда әскер қатарына алынбайды. Сондай-ақ, ата-анасының келісімі алынады. Ең бас­тысы, бұл күндері Қазақстанның Қарулы Күштерін әскери міндетті орындауға психологиялық тұрғыдан толық дайын сарбазбен қамтуға баса көңіл бөлініп отыр. – Ал жастардың өздерінің тарапынан әскерге баруға ынта қалай? – Шындығын айтсам, бұрынғыдай емес, жастардың тарапынан әскерге баруға құлшыныс артып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, тәуелсіз еліміздің Қарулы Күштеріндегі ахуал жақсарды. Екіншіден, әрбір әскери бөлімдегі тәрбие жұмысы жолға қойылды. Үшіншіден, әскери бөлімдердегі офицерлер, жалпы басшылық тарапынан сарбаздардың бір-біріне әлімжеттік жасау фактілерін болдырмауға жете көңіл аударылып отыр. Міне, осындай оң себептер жастардың арасында әскерге баруға құлшынысты арттырды деп ойлаймын. – Әскерге шақырылатын жас­тардың бойына, дене салма­ғы­­на назар аударылатын шығар? – Әрине, Қазақстанның Қару­лы Күштеріне бойы  ұзын, келбетті, күш-қуаты мол жас­тар алдымен шақырылады. Мә­се­лен, жаяу әскер, шекара қыз­меті қатарында әскери борышын өтеу үшін бойы 155 см-ден, ал аэроұтқыр бөлімдерінде қыз­мет ету үшін бойы 175 см-ден кем болмайтын жастар алынады. Себебі, әскерге шақырылып жатқан әрбір жас біздің айбынды армиямыздың айнасы болуы тиіс. Сондықтан медициналық комиссия әрбір жастың денсаулығын толық тексереді. – Әскерге барып, кейін тұ­­рақты қызмет етуге ынта таны­ту­шылар бар ма? – Бар. Мәселен, былтыр әскери борышын толық өтеген 4 сарбаз әскер қатарында тұрақты қалуға шешім қабылдады. Биылғы көктемде әскер қатарында тұрақты қызмет етуге тағы  да 6 сарбаз түпкілікті шешім қабылдап отыр. Бұған қоса, соңғы жылдары келісімшартпен әскери қызметке алынып жатқандар қатары да көбейді. Өйткені, әскер қатарында  келісімшартпен қызметке шақырылғандарға мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың аясы кеңейіп келеді. Жыл басынан бері Атырау облысынан келісімшартпен 124 жас әскерге алынып, қазір батыс аймақтағы әскери бөлімдерге жіберілді. Әңгімелескен Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». Атырау облысы.