• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Мамыр, 2010

ЕР БАУКЕҢНІҢ ҚЫЗЫ ЕЛЕНА АТАМЕКЕНІНЕ КЕЛІП, ӘРУАҚТАР РУХЫНА ЗИЯРАТ ЕТТІ

1334 рет
көрсетілді

Жазылған жайдың жаңғырығы 2005 жылғы ақпанда “Егемен Қазақстан” газетіне “Ер Баукеңнің қызы Елена” деген кө­лемді мақала жарияла­ған­быз. Тың дерек бол­ғандықтан болар, оны қалың көпшілік іздеп жүріп оқыды, тіпті “ас­ыл­дың сынығы табыл­ды” деп бір-бірінен сүй­інші сұрап, қауқыл­дас­қан қарияларға да куә болғанбыз. Батырдың қы­зын елге шақыру кі­сілік екенін айтып, сол кездегі облыс бас­шы­лығына мақала авторы ретінде хат та жаз­­ған­быз. Көп ұзамай Елена Бауыржанқызы Кор­кина Алатаудың бөкте­ріндегі Алматыға келіп, бауыры Бақытжанмен кездесті. Әке қабіріне зиярат етті.Бірақ уақыттың тығыздығынан болар, әкесінің кіндік қаны тамған қасиетті Жуалы өңіріне жолы түспеді. “Сабыр түбі сары алтын”. Жа­қында Елена әпкеміз қасиетті Та­раз-Әулиета-Жамбыл жеріне келіп, батыр Баукең туған Жуалы ауда­нын­дағы Момыш бұлағының ба­сына барып зиярат етті. Батырдың туғанына 90 жыл толу құрметіне орай осыдан он жыл бұрын Серік Үм­бетовтің қолдауымен тұрғызыл­ған, бүгінде Тараз қаласының тө­рінде өрлік пен ерліктің символына айналып тұрған батыр ескерткішіне қос бауыр Бақытжан мен Елена гүл шоқтарын қойып, әке рухына бас иді. Еленаның жүрегінде әкесі Мәс­кеуге келген сайын құлағына құя­тын “Айналайын” деген қазақтың алтынға пара-пар сөзі мәңгілікке қалып қойған. Одан кейін Момыш­ұлы отбасы мұзарттарының бірі - “Музей апаның” суреті көз алды­нан кетпейді. Әлбетте, “Бақытжан бауырым мен асқар шыңды Ала­тауды бір көрсем” деген арман да көзіне жас алдыратын. Әкесі айт­пақшы, айналайын, қазақ елінің кең жүрегі мен бауырмал туыс­қандар пейілінің арқасында, міне, сол арман да орындалды. Қараңыздаршы, бірі Мәскеуде, екіншісі Алматыда тұратын қос бауырдың қатар жүргені қандай жарасымды! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы. Суретте: Баукеңнің көп жылдан кейін табысқан ұрпақтары Бақыт­жан мен Елена Тараз қаласының төрінде.