Жақында Алматы облыстық экология басқармасының мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Қонаев қаласында және Іле мен Талғар аудандарындағы ауылдар маңына зерттеу жүргізген болатын. Алайда оның нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені аймақтағы ахуал асқынып, ауылдардың маңы қоқыс алаңына айналып бара жатқаны анықталған.
Заңсыз қоқыс алаңдарын анықтау жұмысы космомониторинг бақылауы арқылы жүзеге асырылған екен. Зерттеу барысында арнайы бақылау жүйесі бұған дейін анықталып, жойылуға тиісті қоқыс ошақтарына қатысты немқұрайдылықты да ашып беріпті. Яғни Қонаев қаласынан табылған 62 қауіпті үйінді әлі күнге сол күйінде жатса, Іле ауданындағы 72 апатты қоқыс үйіндісінің 66-сы және Талғар ауданында 44 қауіпті үйіндінің 20-сы ғана жойылған. Мұнан бөлек қабылданған шараларға қарамастан заңсыз қоқыс полигондарының саны өсіп жатыр.
– Қазірге дейін облыс аумағындағы 149 қауіпті қоқыс үйіндісі жойылды. Алайда ауылдық округ әкімдерінің санитарлық тазалық жұмысына жеткілікті көңіл бөлмейтінін мойындауымыз керек. Өңірде қоқыс тастағандарды жауапқа тарту жұмысы өте төмен деңгейде. Салдарынан елді мекендер қалдықтарға көміліп жатыр. Аудан әкімдері мен жергілікті полиция қызметкерлері бұл мәселені қатаң бақылауға алуға тиіс деп есептеймін, – дейді Алматы облысы әкімдігі аппаратының басшысы Төлеген Сәрсембаев.
Бүгінде Алматы облысында жинақталған қатты тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемі 9 млн тоннаны құрайды. Жыл сайын бұл көрсеткіш 1 млн тоннадан астам қоқыспен толығады деген болжам бар. Ал оның 440 мың тоннасы тек қана Алматы қаласының аумағынан тасымалданатын қоқыс түрлері болып отыр. Демек осынша көлемдегі қоқысты жинақтау, сақтау қыруар қаржы мен арнайы орындарды қажет ететіні сөзсіз. Қазір облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды уақытша сақтайтын 313 арнайы орын бар және 14 қатты тұрмыстық қалдық полигоны жұмыс істеп тұр.
Мәліметке сүйенсек, қазір тұрмыстық қалдықты көп шығаратын қаланың көш басында Алматы тұр. Мегаполис тұрғындары 2020 жылы ғана 414,4 мың тонна қоқыс тастаған. Яғни қоршаған ортаға осынша көлемде зиян келгені анық. Өйткені бүгінде Алматы маңында қоқыстың кез келген түрін қайта өңдеп, залалсыздандыратын зауыт жоқ. Есесіне, үлкен қаланың қалдығы Алматы облысының аумағындағы қоқыс полигондарына тасымалданып, аймақтағы экологиялық ахуалдың асқынуына әсер етіп отыр. Бұған облыстың өз ішіндегі қатты қалдықтардың көлемін қосқанда, өңірдегі қоқыс жинау мен қайта өңдеу ісінің дабыл қағарлық деңгейге жеткенін байқауға болады.
Алматы облысы