Шуы көп Маңғыстауда суға қатысты кезекті дау туындады. Мұнайлы өңірде, көк теңіз жағасында отырып ауыз суға жарымайтын өлкеде суға қатысты дау-дамай бұрыннан бар. Бірақ бұл жолғы талас-тартыстың жөні де, жосығы да бөлек. Бұл шу айдаладағы фонтан басынан шықты. Нарықтың қиын кезінде күнелтудің қыспағына түскен байырғы тұрғындар малының ізін жоғалтпай, кеңшарлардан қалған құдықтар мен фонтандар төңірегінде бала-шағасының нәпақасын айырып, қалаға жөңкіле көшіп үйсіздер мен жұмыссыздар санын арттырмай, шаруашылығын шалқыта дамытып отыр. Шуға себеп – фонтанға кенеттен «UNDERGROUND WATER» (Жерасты сулары) ЖШС-ның килігуі еді.
Әлдекімдердің бұлайша алдын ала халыққа ескертілмей, мақсат-мүддесі түсіндірілмей, сыртынан барымталағандай етіп бір күнде келіп фонтан басында өз жұмыстарын бастап кетуі тұрғындардың табанды қарсылығын ғана емес, ашу-ызасын тудырды.
– Серіктестіктің Маңғыстау ауданы әкімдігінен Шайыр ауылы Тасмұрын ауылдық округі аумағынан жалпы ауданы 105 шаршы метр жер учаскесіне 2017 жылғы 27 желтоқсандағы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске сәйкес су өндіру негізінде жер қойнауын пайдалану жұмыстарын жүргізу үшін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін геологиялық зерттеу, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін алған рұқсаты мен Экология, геология және табиғи ресурстарды пайдалану министрлігі Геология комитетінен жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензиясы бар. Тұтынатын су көзін молайту мақсатында Тасмұрын ауылындағы су фонтанынан су тұшытатын зауыт ашу көзделеді, – дейді аталған серіктестіктің басшысы Қ.Махамбет.
Аталған серіктестіктің Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаровпен «Альбсеномандық сулы горизонт кешенінің жерасты суларын гидрогеологиялық зерттеу жобасын» іске асыру және Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын тәулігіне қуаты 50 мың-100 мың (жылына 18-36 млн) текше метрге дейін су шығару үшін Түңерекшін кен орнын игеруге, сондай-ақ тәулігіне қуаты 25-50 мың текше метрге (жылына 9-18 млн) дейін су шығару үшін Солтүстік Ақтау кен орнын игеруге бірлескен кәсіпорын құру бойынша тараптардың ынтымақтастығын орнату, ілгерілету және нығайту үшін арнайы меморандумы да дайын болып шықты.
Фонтан демекші, Маңғыстаудың ойында, Бозашының бойында қаншама жыл бойы төрт түліктің өрісте қаптай жайылып келіп, шөлін қандырып, басында үйездеп аунап-қунап жататын су құбырлары – халық үшін де, мал үшін де құтты мекен. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін мал шаруашылығына басымдық беріліп, мал басын көбейту мақсат етіп қойылғаны белгілі. Нәтижесінде, мал да, отарларды шоғырландырған кеңшарлар да көбейді, тіпті қазаннан ақтарылған астай Маңғыстаудың ойына сыймаған малды қырға, сонау Үстірт, Сам, Қарақұм бетіне шығарып, тың жерлерді шаруашылық мақсатта игергені мәлім. Бұл су фонтандарының тарихы осы мал басы артқан аста-төк кезден бастау алса керек. Кейбір көнекөздер «Жармыш-Тұщықұдық арасындағы фонтандар 1976 жылдары біздің жасаңдау кезімізде бар еді, ол кезде де суға қанып бүйірі шығып, мамыражай күнде бейқам жайылған мыңғырған малдан басы бір босамайтын» деп еске алады. Көзкөргендердің айтуынша, су фонтандары Тұщықұдық, Жармыш, Шебір кеңшарларының шаруашылық әлеуетіне, көлеміне қарай өлшеніп, есептеліп қазылған. 10-бекеттен Тұщықұдыққа дейін өзара арақашықтықтары 10-15 шақырымнан аспайтын 10-бекет фонтаны, Сарыой фонтаны, Ақшоймақтың фонтаны, Ауыздыбастың фонтаны, Нысаптың фонтаны, Ұзынкөзе, Қарақойсойған, Садақтыой, Көшек, Терісбауыр, Тасмұрын, Қабақты фонтаны, Жармыш аумағындағы Аманқызылит, Нақпай, Нысап деген атаулармен танылған су фонтандары бар өңірлер – бұрыннан мал шаруашылығына нағыз қолайлы жерлер. Нысап жерінде бүгінде Түркиядан әкелінген арнайы аппарат техникалар көмегімен өте үлкен көлемдегі жерге жоңышқа егу жұмыстары қолға алынған, бұл мал азығын дайындау үшін жақсы бастама. Ауыздыбаста, Жетікүпте, Сарниязда, Ұзынкөзеде бүгінге дейін жеке шаруа қожалықтары мал өсіруде, Маңғыстауға сырттан тасымалданатын қауын-қарбыз бағасын арзандату үшін бірқатарында егін егу жолға қойылған және бұл өнімдердің игілігін халық көріп келеді.
Қазіргі таңда бес-алты үй тұрғыны бар, барлығы өз алдына жеке мал шаруашылығын ұстайтын Тасмұрын ауылындағы су фонтаны тек тасмұрындықтардың емес, жалпы, Бозашы бойының алтын кіндігі деуге болады. Тұрғындары әлеуметтік мәселелерге байланысты аудан орталығы Шетпеге көшкенімен, шаруашылығын жоғалтпай, арасында келіп түгендеп, суарып, көздеп кететін екінші Тасмұрын мен төңіректегі өзге де ауылдарды, тау қуысындағы Аңдықара, Ақсай, Қызылсай, Керімді, Қызылауыздағы қожалықтарды қосқанда қазір Тасмұрын тұсында шамамен 2-3 мың бас мал жайылып жүр деуге болады. Былтырғы қуаңшылық салдарынан өзге облыстарға қоныс аударып кеткен мал оралған кезде су басы нағыз құртша қайнаған базарға айналады. Бұған даланың жабайы аң-құстарының шөлін осы фонтан суына қандырып жүргенін қоссақ, Тасмұрындағы фонтандарды табиғаттың халық пен аң-құсқа берген сыйы деуге болады.
Қызан, Ақшымырауда су фонтандары жоқ болғандықтан уақ малдар мен қолдағы сауын малдар қазылған құдықтардан суарылады, ал бойдақ малдың барлығы Тасмұрын бағытындағы фонтандардан су ішеді. Тұщықұдық, Шебір, Жармыш, Таушық ауылдарының малы, «Сарыой фонтанының» өрісі қашық болғандықтан Шайыр ауылының малы да Қаратауда жайылып, су ішуге Тасмұрын жағындағы үш фонтанға келеді. Республикалық трасса бойында орналасқан Онды, Бекі бетінде фонтан емес, қолдан қазылған құдықтар болғандықтан аудан орталығы Шетпенің тұрғындары да малын Тасмұрын бағытына жіберуді қолай көреді. Қазақтың «төсекте басы, төскейде малы қосылған» деуі осы Тасмұрын беттегі фонтанға жарасып кететіндей.
Осылайша, халық айрандай ұйыған тіршілігіне кәсіпкердің араласуына наразы. Олар жылдар бойы малы тойынып жайылып, қанып су ішкен фонтандардан айырылып қалудан қорқады. Халықтың қорқуы да, сенбеуі де дұрыс. Өйткені жылдар бойы ешкімнен жанашырлық сезінбей, өз күнін өзі көрген, ұрлық пен сыбайластықтан, жемқорлықтан запы болған ел үркек, ешкімге сенбейді. Халықтың жайын ойлайтын ешкім бұған дейін кезіккен жоқ, сондықтан халық өзіне ешкімнің болсын демейтінін, кім-кімнің де алдыңғы кезекте өз құлқынын, өз қамын ойлайтынын біліп болған. Фонтандардың күні бүгінге дейін көзі бітелмей ағыл-тегіл ақтарылып тұруы – оған қамқор болып сақтап келген иесі, мұрагері – халықтың еңбегі.
«Бұған дейін ешкімнің меншігі емес, жеке құжаты да жоқ нысандардың күні ертең кәсіпкердің меншігі болып кетуі де ғажап емес. Ол кезде мынау мыңғырған мал мен нәпақасынан айырылған елдің күні не болмақ?» дейді жұрт.
Тапшы болғандықтан, ауыз су күйіп тұрған мәселе болып тұрған Маңғыстауда бұл бағыттағы әрбір жұмыс, кез келген бастамалар мен жобалар маңызды деп бағаланып, кедергісіз қолдау тауып кетуі әбден мүмкін. Халықпен келісілмей, «берсе – қолынан, бермесе – жолынан» дегендей белден басқандай-ақ кәсіпкердің құжаттарды дайындап бір-ақ келуінің себебі де осында. Нарықтың талабы – кәсіп ету, сондықтан кәсіпкер су салатын зауыт ашқысы келсе, тұрғындардың кәсібі – шаруашылығы, яғни егіні мен малы. Айырмашылық – «су жалпыхалықтық өнім, игілігін ел көреді» дейміз. Ал мал ше? Мал да маңызды, біріншіден, бұл – халықтың қалаға үдере көшпей, ауылда тұрақтауының кепілі, екіншіден, бала-шаға, қойшы-бақташы, жұмысшысымен қосқанда қыруар адамның күнелту өзегі, яғни жұмыссыздықты шешудегі үлкен тетік. Сондай-ақ мал жекенің меншігі болғанымен, еті мен сүті, жүні халықты жергілікті өніммен қамтамасыз етіп отырған қабырғалы қызмет, сүбелі сала. Маңғыстауда онсыз да төрт аяғы төрт жаққа кетіп құлап-тұрып, есін жия алмай салбөкселеніп жүрген ауыл шаруашылығы саласына соққы беруге болмайды, біржолата күйретіп алуымыз мүмкін. Мал жекенікі болса да – мемлекеттің байлығы, сондықтан әрбір шаруашылыққа, олардағы малға қолдау әрдайым керек.
Маңғыстау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы берген мәліметке қарасақ, өңірдегі ауыз су тапшылығы, әсіресе жазғы кезеңде білінеді және тәулігіне 51 мың текше метрді құрайды екен. Өңірдің даму деңгейін ескергенде, 2025 жылға таман су қажеттілігі тәулігіне 250-260 мың текше метрді құрайды, ал тапшылық тәулігіне 100-110 мың текше метр болмақ.
Өңірде бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу үшін «Қазмұнайгаз» АҚ «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су тұшыту зауытының құрылыс жобасы, тәулігіне 40 мың текше метр ауыз су өндіруді ұлғайту бойынша Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұшыту зауытын кеңейту жобасы, Кендірлі ауылында қуаты тәулігіне 50 мың текше метр су тұшыту зауытын салу жобасы, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағындағы қосымша қуаты тәулігіне 24 мың текше метрлік су тұшыту қондырғыларының құрылысын салу жобасы, Форт-Шевченко қаласындағы қуаты тәулігіне 5 мың текше метрлік су тұшыту қондырғысының құрылысын салу жобасы, «Құйылыс» кен орнынан «Каспий» су тұшыту зауытына дейінгі су таратқыштың құрылысы объектісі бойынша ЖСҚ әзірлеу» жобасы секілді ірі жобалар жоспарланған.
Байқағанымыздай, «UNDERGROUND WATER» ЖШС-ның Төңірекшін мен Тасмұрындағы су фонтанына ауыз су зауытын салу жобасы облыстық әкімдіктің жобаларына кірістірілмеген. Сонымен әкімдіктермен біріккен кәсіпкердің бұл жобасының астарында не бар? 2021 жылдың 22 қыркүйегінде Президент Қ.Тоқаевтың Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңесте Үкіметке Маңғыстау және Қызылорда облыстары үшін құдықтарды бұрғылауға кеткен шығындарын субсидиялау мөлшерін 80%-ға дейін арттыруды қамтамасыз етуді тапсыруы түрткі болды ма? Желіде тұрғындар тарапынан ащы сынға ұшыраған кәсіпкердің тосын әрекеті «бұл осы субсидия үшін жасалып жатқан қам» деп бағаланды.
Енді кәсіпкер мен Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы әкімдіктері мәселені, мақсат пен мүддені бүкпесіз ашық айтып, халықтың уәжін тыңдап және тұрғындарға, малға обал жасамайтындай жағдайда шешімге келуге тиіс. Таяқтың екі ұшы бары белгілі, халықпен санаспаса, әкімдік қолдауына сүйенген кәсіпкер «артық қыламын деп тыртық қылуы» мүмкін. Халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге көмек бергісі келген кәсіпкердің халық игілігіндегі және иелігіндегі фонтандардан бөлек іздестіру, зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы жаңа су көзін анықтап, су тұшыту нысанын ашуға қауқары қаншалықты? Барға жармасқаннан жаңа су көзін анықтау маңызды болмақ. Әйтпесе, елдің аузындағы күлшеге жармасу ұят.
Маңғыстау облысы