• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Тамыз, 2022

Ірі компания акцияларын қалай сатып алуға болады?

886 рет
көрсетілді

Қазақстанның қор нарығы биыл қыз-қыз қайнайын деп тұр. Еліміздегі аса ірі ұлттық компаниялардың бірі «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары IPO-ға шығарылмақ. Яғни акцияны қарапайым азаматтар да иеленіп, жыл сайын дивиденд алып отыра алады. IPO «акцияларды бастапқы жария орналастыру» деп тәржімаланады. Бұл кездегі акция құны қолжетімді болады және осы арқылы компаниялардың да ел алдындағы жауапкершілігін ұштай түсу көзделеді.

QazaqGaz – қауқарсыз

Алдын ала жоспар бойынша биыл қор биржаларында «Эйр Астана» АҚ және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, 2023 жылы – «KEGOC» АҚ және «QazaqGaz» ҰК АҚ акцияларын орналастыру жоспарланған. Осылардың ішінен жыл соңына дейін «ҚазМұнайГаз» акциялары IPO-ға шығарылады. Бұл туралы бірер апта бұрын ресми түрде жарияланды. Енді нақты қашан және компанияның қанша пайыз акциясы жеке инвесторларға ұсынылатыны алдағы уақытта қосымша хабарланбақ. Ал «Эйр Астананың» IPO-ға биыл шығуы тиімсіз болмақ. Мұны «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Алмасадам Сатқалиев айтты.

«Портфелді компаниялар ішінде бәрінен бұрын Air Astana IPO-ға дайын. Бірақ құрлықтың еуропалық бөлігіндегі қақтығыстарға байланысты туындаған жағдайды бақылай отырып, екінші акционер – BAE Systems-пен бірге Air Astana-ны IPO-ға биыл шығарудың тиімді бола қоймасын түсіндік. Біз келесі инвестициялық терезені күтеміз», дейді А.Сатқалиев.

IPO-ға 2023 жылы шығарылуға тиіс болған QazaqGaz компаниясы да аталған мерзімге үлгермейтін түрі бар. Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Санжар Жаркешов инвесторларға бағалы қағаздарды ұсынбас бұрын, әуелі өзіміз дағдарыстан шығып алайық дейді. Оның сөзінше, компания қазір дефолт жағдайында.

«QazaqGaz-дың барлық бағыты бойынша дағдарысқа қарсы шаралар жүргізілуде. Қазір 22 млрд теңгеге артық шығыстар анықталды. Күн тәртібіндегі ең басты мәселе – тауарлық газға баға белгілеу жайы. Қазір оның бағасы тым қатты төмендетілген, соған байланысты өндірушілер газ өндіруге құлықсыз болып отыр. Бұрын Қытайға газ экспорттап пайда тауып, халық үшін арнайы бағаны ұстап отырсақ, қазір экспорттайтын да газ қалмады. Бұл жағдай елдегі газ тапшылығына алып келді. Әрбір текшеден біз 11 теңге жоғалтып отырмыз. Соңғы бес жылда 587 млрд теңге көлемінде шығын жинақталған. Бұдан әрі осылай жалғаса берер болса, 3 жылдан соң шығынымыз 1 трлн теңгеге жетеді. Оны қалай жабамыз? Республикалық бюджеттен көмек сұрауға тура келеді. IPO-ға қолайлы жағдайлар туындаған кезде және капиталды тарту тиімдірек болатын уақытта шығу керек. 2023 жыл бүкіл әлемдегі қаржы нарықтары үшін жақсы жыл болады дегенге сенімді емеспіз», дейді С.Жаркешов.

KEGOC келер жылы шығады

Сөйтіп, екі компанияның жуан белі­нен қою қара қаламсаппен сызып тастадық. Үшіншісі – «KEGOC» АҚ. Электр желісін басқаратын ірі компания IPO-ға сонау 2014 жылы алғаш рет шығып, бір акциясы 505 теңгеге сатылған. Аталған ком­панияның ендігі IPO-сы 2023 жылға белгі­ленген. Компания сол мерзімнен кешік­пей, акцияларын сатылымға шығара­тын сияқты. Өйткені қаржы және есеп бо­йынша басқарушы директор Айгүл Әкім­баеваның айтуынша, 2014 жылдан бері компанияның бір акциясының құны 3,7 есе – 505-тен 1 870 теңгеге дейін қымбат­таған.

«Соңғы үш жылда өндірістік және қар­жылық көрсеткіштердің өсімі байқалады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша таза табыс 52,6 млрд теңгені құрады. Компания акцияларының жиынтық нарықтық құны 370 пайызға, 131 млрд-тан 486 млрд теңгеге дейін өсіп, акционерлер табысын арттырды. Акциялар құнын есепке ала отырып, акционерлердің жалпы кірістілігін қарайтын болсақ, өсім 4,7 пайызға жоғары. Яғни акцияларымыздың өсім қарқыны инфляция мен доллар курсынан да жоғары», дейді А.Әкімбаева.

2014 жылдан бері компания жалпы сомасы 188 млрд теңге дивиденд төлесе, былтырдың өзінде қарапайым акционерлер қалтасына 41,5 млрд теңге түскен. Осыған қарап компания келер жылы IPO-ға еш қиындықсыз шығады деген үміт бар.

Air Astana IPO-сы керек пе?

IPO арқылы жерлестеріміздің қар­жылық сауаты көтеріледі, қор биржа­сының қыр-сырын тани түседі. Инвес­тициямен міндетті түрде костюм-шалбар киіп, портфель ұстаған мырзалардың ғана емес, мектептегі ұстаздың да, университеттегі студенттің де, демалысқа шыққан зейнеткердің де айналыса аларын ұғынады. Мұны биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та тапсырып еді.

«Еліміздің қарапайым азаматтарында ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алып және содан дивиденд алып отыратындай мүмкіндік болуға тиіс. Тек осындай тәсілмен ғана халықтың инвестициялық мәдениеті қалыптасады. IPO-ға қатысу Қазақстанның барлық тұрғыны үшін қолжетімді болғаны жөн. Ал бұл үшін жаңа цифрлық шешімдер керек», деген еді Мемлекет басшысы.

IPO – инвестициялық мәдениетті ғана қалыптастырып қоймайды, сонымен бірге ұлттық компаниялардың жауапкершілігін күшейтетін құрал. Бұлай деуімізге себеп – квазимемлекеттік сектордың соңғы жылдары тым еркінсіп кеткендігі, ондағы басы артық шығындардың көбеюі, бүтін ұлттың байлығын өз меншігіндей көру психологиясының шектен тыс таралуы еді. Президенттің өзі ұлттық компаниялар тиімділігіне күмәнмен қарап, оларда үлкен көлемде әкімшілік шығындар жиналып қалғанын, бұл – «Самұрық-Қазына» басшылығының қателігі екенін айтқан болатын. 

«Тиімді операциялық орта мен корпоративтік басқаруды құрудың орнына «Самұрық-Қазына» портфелдік компаниялардың операциялық және сатып алу қызметіне және кадр саясатына тікелей араласуды жалғастыруда. Бұл жағдайда қандай корпоративтік басқару, қандай IPO туралы айтуға болады?», деп қатаң сынаған-ды.

Міне, осыдан соң «Самұрық-Қазына» портфелдік компанияларының өре түрегеліп, IPO туралы айта бастағаны. Соның өзінде көбі дайын емес. Қол созым жерге аспандағы бағаны қойып отырған «Эйр Астана» әлі күнге жүрексінеді. Оның лоукостері Fly Arystan-ның бағасы да, сервисі де көптің көңілінен шықпайды. Соған қарамастан билетінің құны шарықтап тұр. Қайткенде де ұпайы түгел. Бірақ елге қарайық, жұрт алдындағы жауапкершілікті сезінейік деп жатқанын байқамайсың. «Самұрық-Қазына» да оларды әлпештеуін доғармайды. Акционердің осыншама аяушылығын туғызған «Эйр Астананың» нендей құдіреті бар? Әрі-беріден соң тап осы компания IPO-ға шыға қалған күнде оның акциясы бізге қажет пе? Қазақстан әуе нарығындағы майлы сүйекті еш бәсекесіз жалғыз өзі мүжіп отырған компанияның акциясын сатып алып, не қызық көрмекпіз? Акциядан пайда табу үшін, компания жұмысының алға басуын тілеу керек қой. Азаматтарының тағдыры мен талап-тілегіне мәу деп қайырылмайтын компания акциясынан пайда табу – сенің де сол компания сойылын қосыла соққаныңды аңғартса керек (олар нарықтағы бәсекені жеңіп, жолаушылар көңілінен шығып, сосын барып биржаға келсе бір сәрі). Әрине, әуе компаниясы IPO-сына қатысу әркімнің өз шаруасы, бірақ мұның да осындай екі қыры бар екенін аңғару артық болмас. Бұл бір ой. Екінші ой – иә, дәл осы компанияның акциясын сатып алу қажет екен. Себебі сол – акциясын иелену арқылы сіз сол компанияның акционері боласыз. Тиісінше, акционер ретінде талап етуге толық құқылысыз. Бәлкім, осы IPO-дан кейін «Эйр Астананың» ұяты оянар, жауапкершілігі жоғарылар... 

Мұнай бағасы түспесін деп тіле

IPO-ға биыл сенімді түрде аяқ басқалы отырған компания – «ҚазМұнайГаз». Компания акцияларын бастапқы жария орналастыру KASE және AIX биржаларында жүзеге асырылады. Бұл – қарапайым азаматтар үшін тамаша мүмкіндік. «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының орын­басары Дәурен Қарабаевтың сөзінше, акцияларды орналастыру инвести­циялық банктердің ұсыныстары және «Қаз­Мұнай­Газ» бен сатушы акционерлер арасындағы талқылаулар негізінде жүзеге асырылады.

«Бөлу кезінде барлық мүдделі тарап­тардың мүдделерінің теңгерімін сақтауды ескере отырып, бөлшек инвесторларға басымдық беру жоспарлануда. «Қаз­МұнайГаз» бен «Самұрық-Қазына» жоғары сапалы, әртараптандырылған инвес­торлық базаны құруға мүдделі және Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқан қор нарығында ұзақ мерзімді қаты­суды мақсат етеді», дейді Д. Қарабаев.

Компанияның беделі мен жиған-тер­геніне күмән келтірмейміз. 2021 жыл­дың қорытындысы бойынша шоғыр­ландырылған активі 31,6 млрд долларға жетті. 21,7 млн тонна мұнай мен газ кон­денсатын өндірді. Бұл – елдегі мұнай мен газ өндірісінің 25 па­йызы. Десе де алуан түрлі тәуекел болмай тұрмайды. Пандемия немесе геосаяси ахуалға байланысты мұнай бағасы күрт құлдырап кетуі ықтимал. Не болмаса, КТК мысалы секілді, мұнай экспорттау мәселесінде көлденең кедергіге тап боламыз. Ондай жағдайда компания акцияларының құлдырап кету қаупі бар. Бірақ «ҚазМұнайГаз» өкілдері барлық тәуекелді алдын ала зерделейміз, транспорттық маршруттарды жетілдіріп, дамытамыз деп отыр.

Қайткенде де жеке инвесторлардың «ҚазМұнайГаз» акциясынан зиян шегуі екіталай деп қорытайық. Өйткені мұнай бағасы тұрақталды, өсім бар. КТК тәуекелін жоққа шығармаймыз, бірақ Қазақстан мұнай экспорттау бағыттарын әртараптандыруға белсенді кірісті және осы ретте Транскаспий маршрутын жолға қоюға күш салып жатыр. Демек ұзақ-мерзімді перспективада компания акция­сын иелену пайдалы болмақ.

Акция сатып алу үшін не істеу керек?

Оның еш қиындығы жоқ. Білуіңіз керек негізгі үш тәсіл бар. Әдепкісі – кәдімгі брокерлік шот ашу арқылы инвестор атану. Ол үшін қор нарығында жұмыс істеуге ресми рұқсаты (лицензиясы) бар брокерлік компаниямен келісімшарт жасайсыз, олар арнайы брокерлік шот ашады, сөйтіп, сіз биржа ойыншысы атанасыз. Компания акцияларын сатып алуды сіздің атыңыздан сол брокерлер жүзеге асырады. Екіншісі – «Қазпошта» көмегімен инвестор атану үшін өтінім бере аласыз. Кез келген азамат 721 нөміріне қоңырау шалып немесе өзіне жақын жердегі «Қазпошта» бөлімшесіне барып, акция алу үшін тікелей жазылым жасауы қажет. Үшіншісі, тиісінше ең оңтайлысы – Tabys мобильді қосымшасын жүктеп алып, тіркелу. Яғни сізге брокердің де, «Қазпоштаның» да көмегі қажет болмайды, деректеріңізді (аты-жөніңіз, жеке куәлік пен банк карточкасы мәліметтері) енгізесіз. Сөйтіп, тікелей жазылып, эмитенттің (құнды қағаз шығаратын ұйым – ред.) немесе акционердің тікелей өзінен акция сатып аласыз.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмам­бе­товтың айтуынша, акция сатып алу кезінде мұқият болған жөн және бір ғана акцияны сатып алудың өзі сізге жеткі­лікті болуы мүмкін. Өйткені қор нарығы тосынсыйларын болжап білу мүмкін емес. Бір акцияның өзі-ақ шарықтап өсіп, пайда астында қалдыруы бек мүм­кін. Сарапшылардың айтуынша, «Қаз­МұнайГаз» нарыққа өз акциясының шамамен 5 пайыздай мөлшерін шығармақ. Осының өзі жеке инвесторлар үшін тым үлкен көлем болмақ. Экономист Меруерт Махмұтованың есептеуінше, қазір KASE жүйесінде 132 мың қатысушы тіркелген. Бұл – елдегі еңбекке қабілетті азаматтардың 2 пайызы. Егер IPO сәтті өткерілсе, аталған көрсеткішті 10 пайызға жеткізуге болады.

«IPO – абырой өткелі» деп бекер ата­мадық. Бір қарағанда жай ғана қаржылық құбылыс, қор нарығының кезекті шарасы секілді көрінуі мүмкін. Шындап келгенде, бұл – ұлттық компаниялардың етек-жеңін жиып, ел алдындағы мақсаты мен мүддесін есіне түсірер, құр түсіріп қоймай, соны орындауға күш салар сәті. Ал қарапайым азаматқа акция сатып алмас бұрын, сатып алу кезінде және сатып алудан кейін «өзінің инвестициялық, қаржылық сауатын ұдайы арттырып отыру» дейтін ерекше міндет жүктеледі. Қор нарығы кірістілікке ешқашан кепілдік бермейді. Сіз айрықша аңғарымпаздық, сауатты білім және сенімді мамандардың кеңесімен ғана табысты бола аласыз. Демек бұл сіз үшін де абырой өткелі болмақ.