• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2014

Сенім қалыптастырады

381 рет
көрсетілді

Аурухана мен емханаларды аккредиттеуден өткізу – медициналық қызмет сапасына әсер ететін маңызды құралдың бірі және емдеу қауіпсіздігінің кепілі. «Аккредиттеу» сөзі латын тілінен енген, яғни «сенім білдіремін» деген мағынаны білдіреді. Ол медициналық ғылым мен технологияның қазіргі заманғы дамуы негізінде белгіленген стандарттарға сәйкестігін бағалау үшін қолданылады. Бүгінгі таңда халыққа сапалы және қауіпсіз медициналық көмек көрсету кепілі ретінде медициналық ұйымның сыртқы және ішкі кешенді бағалаудан өтуінің маңызы зор. Бұл өз кезегінде мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдар арасында бәсекелестік орта қалыптастырады, дәрігерлік көмектің сапасын арттырады. Қазақстанда медициналық ұйымдарды аккредиттеуден өткізу рәсімі 2009 жылдан бастау алады.  Жыл санап елімізде кешенді бағалаудан өтуге өтініш беруші медициналық ұйымдар саны ұлғаюда.  Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, денсаулығына көңіл бөлетін, дәрігерлер көмегіне жүгінетін жандардың саны көбейіп келеді. Олар стандарттарға сәйкестігі тексерілген мекемеге сенеді. Онымен қоса, барлық ауруханалар мен емханаларда емдеудің нәтижесі мен сапасына жауапкершілік артты. Себебі, азаматтар медициналық қызмет сапасына жоғары талап қояды. Екіншіден, аккредиттеуден өтуге өтініш білдіре отырып, тіпті жекеменшік емхананың өзі мемлекеттік тапсырыс ала алады. Аккредиттеу – әділдік, жариялылық және айқындық қағидаттарына негізделген, әрі бәсекеге қабілетті денсаулық сақтауды қалыптастыру, медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін, тегін әрі ерікті түрде жүргізіледі. Ол ұйымның белгіленген нормативтерге сай жұмыс істеу деңгейін нақты бағалау және қызмет сапасын үздіксіз жақсартудың жолдарын анықтауға пайдаланылады. Мысал ретінде, дәрілік қауіпсіздікке тоқталайық. Жаңа препараттар санының жыл санап артуына байланысты бүгінгі таңда фармацевтерге үлкен жауапкершілік жүктелген. Себебі, сертификатталған білікті фармацевт дәрілік заттарды таңдайды, тапсырыс береді, меди­­­­­циналық персонал көрсететін фармацевтикалық қызметтерді бақылайды, қызметкерлер мен пациенттерге кеңес береді. Еске салсақ, 2013 жылы медициналық ұйымдарды аккредиттеудің нәтижесі қараша айында белгілі болды. Ол кезде 154 медициналық ұйымның 27-сі сыртқы және ішкі кешенді бағалаудан өтпей қалған болатын. Ол ұйымдар аккредиттеуден өтуге өтінімді қайта берместен бұрын, сыртқы кешенді бағалау нәтижелері бойынша анықталған ескертулерді жойып, қызметінің негізгі көрсеткіштерін жақсарту жөнінде жұмыстар жүргізуі тиіс. Міне, сондықтан да аккредиттеу – медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігінің маңызды көрсеткіші. Ол денсаулық сақтау мекемелері үшін одан әрі даму, емделушілердің қауіпсіздігі мен медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында ойластырылып жасалған қадам. Гүлзия  Қуандықова, «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК Аккредиттеу орталығының маманы.