Әлфия Жүкенова – Қызылжар қаласында туып-өскен қазақтың қызы. Жаңалыққа құштар, ақыл-ойы ұшқыр, идеясы да көп. Алайда белсенді, өжет, пысық болғанымен, көп уақыт қоғамнан өзінің орнын таба алмай жүрді. Бойындағы күш-қуаты мен белсенділігін де орынды жұмсай алмай, от басқан сәттері де болғанын жасырмайды. Тек соңғы кездерде бизнестің көзін тауып, жұмысын бастағалы бері оның өмірге құштарлығы еселеніп, ортадан өзінің орнын тапқан секілді сезінеді.
Әлфия Жүкенова белгілі тележүргізуші, жұртшылықты шағын кәсіпке баулып жүрген Динара Сәтжанның курсынан тәлім алып, 2019 жылдан бастап тігін ісін игеруге кіріседі.
Алғашында бір тігін машинасымен іске кіріскен оның қазір түрлі операция жасай алатын 15 іс машинасы бар. Бәрін де үш жылдың ішінде өз ақшасына сатып алған. Алдымен 30 шаршы метрде жалғыз «ЖАК» тігін машинасымен бір өзі тігінмен айналысыпты. Қолы жүретініне көзі жеткен соң өндірісін ұлғайтып 80 шаршы метрлік ғимаратты жалға алады. Алғашында үш адам бірігіп істесе, қазір оның қарамағында 9 қызметкер бар. Алдымен шағын былғары сөмкелер, одан спорттық костюмдер, көйлектер, тіпті автомобильдерге арналған сөмкелер де тігеді. Әмиян секілді былғары сөмкелерді тігу әдісін Ә.Жүкенова Санкт-Петербургтегі курстан үйренген. Бір өкініштісі сол, осы өнімді жалғастыру ісі қазір тоқтап қалған, өйткені Ресейден былғары алу қиындап кетіпті.
Әлфия 10 тамызда Ақтау қаласында болатын сән дизайнерлерінің көрмесіне қатысқалы отыр. Оған ұлттық өрнектер салынған костюм, шапан, көйлек тігіп апармақшы.
Әлфияның өндірісінің бір артықшылығы ретінде оның әлеуметтік бизнеспен айналысатынын атауға болады. Оның қарамағында әлеуметтік осал топтардың өкілдері де жұмыс істейді. Екі әйел Ираннан оралған жалғызілікті көпбалалы әйел, тағы бір қыз екінші топтың мүгедегі, қолынан іс келетін зейнеткер әйелдер де мұнда нәпақасын айырып жүр.
Биыл Ә.Жүкенова жалға алған ғимаратында іс тігу және пішу бойынша орталық ашамын деп жариялаған. Оған 10-15 оқушы қабылданыпты. Ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ғани Сақтағанов пен белгілі бизнесвумен, Әлфияның ұстазы Динара Сәтжан да қатысты. Қазір мұнда тігіншілік пен пішудің қыр-сырын білгісі келетін қолдары бос адамдар түске дейін келіп, ақылы түрде сабақ алады. Ал жұмысқа орналастыру орталығы арқылы тігіншілікке үйренгісі келетін адамдарды қабылдай алмайды. «Өйткені біздің аталған мемлекеттік органмен әзірге келісім-шартымыз жоқ. Егер олар өздері жіберетін адамдар үшін ақы төлейтіні туралы келісім жасаса, әрине, біз ондай адамдарды да тігіншілікке үйретеміз», дейді кәсіпкер.
Қазіргі жалға алған үлкен ғимараттың біраз бөлігіне әлі жылу тартылып үлгермеген, жаңа құрылыс. «Егер осы жерге биыл жылу енгізілсе, өндірісті ұлғайтып, 45 адамға дейін жұмыс орнын аша аламыз», деп отыр Әлфияның өзі.
Әрине, біз оның мемлекеттік тапсырыс бойынша тендерлерге қатысу мүмкіндігін сұрадық. Бірақ бұл жаңадан бастаған кәсіпкерлер үшін оңай емес екен. Алдымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының батасын алып, сосын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен арнайы «индустриалдық сертификат» деген құжат иелену керек екен. Тек осы құжатың болса ғана тендерге қатыса аласың. «Оның талабын толық орындау өте қиын. Сондықтан ондайды мен түгіл бірнеше жылдан бері үлкен кәсіпкерлікпен айналысып жүргендер де ала алмай жүр. Сол себепті біз ондай құжат алуға әзірге талпынғанымыз жоқ», дейді Ә.Жүкенова. Кәсіпкердің айтуына қарағанда, қазір «Атамекен» палатасы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығаратын ұсақ кәсіпкерлердің басын біріктіріп ассоциация құрмақ көрінеді. Міне, осы ассоциация болашақта тендерлерге қатысып, құрамындағы кәсіпкерлерге мемлекеттік тапсырыстар алып беруге тырысатын болмақ...
Әлфияның айтуына қарағанда, қазір кәсіпкер астанадан 50 спорттық костюм тігуге тапсырыс алған. Оның үстіне 20 костюмді қосымша тікпек және оларды тез арада әзірлеуге тиіс. Тапсырыс берушілер бұларды интернеттен, түрлі БАҚ-тардағы жарнама, хабарландырулардан өздері іздеп табады екен.
Әрине, шағын бизнесті дөңгелетіп кету оңай емес. Ол үшін қажырлылық пен белсенділіктен басқа шебер кадрлар табу да керек. Тігіншілік үлкен өнер, неше жерден машина жетілдірілген болса да, қолдың ебі болмаса оны тиімді пайдалану қиын. Ал пішу жұмысы – тігіншіліктегі барлық операцияның ішіндегі күрделісі. Әлфия бұл іске ұзақ жылдар бойы Петропавлдағы бұрынғы «Комсомолка» тігін фабрикасында шебер тігінші болып істеп, бірнеше орден-медаль алған, артынан бірнеше жыл мектептерге тігіншілік бойынша сабақ берген, зейнет демалысындағы Райхан Сұрағанованы тартыпты. «Апайымыздың өнері де, ісі де бізге үлкен үлгі болып отыр. Біз ол кісіні қатты құрметтейміз», дейді Ә.Жүкенова.
Қазір солтүстіктегі шағын кәсіпкерлердің 42 пайызы – әйелдер, соның бірі – осы Әлфия Жүкенова. «Жеке кәсіпкер» деп қана тіркелген оның кәсіпорнының дами түсетініне сенгің келеді, өйткені ол ешкімге сенбей, ешкімге қол жаймай өз жолын тауып, сенімді қадаммен алға жүріп келеді.
ПЕТРОПАВЛ