Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов БҰҰ Өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұйымының (ЮНИДО/UNIDО) Бас директоры Ли Юнмен оның Астанада аяқталған Азия даму банкі Басқарушылар кеңесінің 47-ші сессиясына қатысуы аясында кездесті.
Кездесу барысында ҚР СІМ басшысы Л.Юнды жақында осы жоғары лауазымға сайланғанымен құттықтап, Ұйымның дамушы елдердегі «инклюзивті және тұрақты өнеркәсіптік дамуына» ықпал жасау бойынша жаңа тұжырымдамасын жүзеге асыруда табыстар тіледі. «Мүше мемлекеттер тарапынан қабылданған ЮНИДО-ның жаңа тұжырымдамасы 2015 жылы Мыңжылдықтың даму мақсатын алмастыратын Тұрақты даму мақсатында өнеркәсіптік даму индикаторлары түрінде өз сипатын табуы қажет», деп атап өтті Е.Ыдырысов. Сұхбаттастар Қазақстан мен ЮНИДО арасындағы қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықты ризашылықпен атап өтті. Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарына өнеркәсіпті жаңғырту, өнеркәсіптік энерготиімділік, сауда әлеуетін нығайту, технологиялық форсайт және өнеркәсіптік статистика кіреді.
«Осы орайда, ЮНИДО-ның Қазақстан үшін шектелмелі елдік бағдарламасын жақын арада қабылдау өзектілігін растағым келеді және бұл өз кезегінде біздің өнеркәсіптік даму саласындағы өзара ықпалдастығымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізеді. Индустриялық даму бойынша Мемлекеттік бағдарламаның 2015-2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығын жасау мен жүргізіліп отырған индустрияландыру саясатына байланысты Қазақстан үшін Ұйымның сараптамалық әлеуетін тарту, соның ішінде ноу-хау мен техникалық тәжірибені қолдану аса қызығушылық тудыруда», деді сыртқы саясат ведомствосының басшысы.
ЮНИДО-ның дамушы елдерге олардың өнеркәсіптік дамуына ықпал жасау жөніндегі зор тәжірибесін ескере отырып, тараптар Қазақстанның халықаралық жобалары мен бастамаларын іске асыру бойынша өзара ынтымақтасу мүмкіндігін қарастырды. Атап айтқанда, Е.Ыдырысов ЮНИДО басшысын «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді атсалысуға шақырды және Ұйымға ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, ЮНИДО-ның тұрақты энергия саласындағы жетістіктерін паш етуге үндеді.
Сұхбаттасын Қазақстан осы уақытқа дейін БҰҰ-да 18 жыл өкілдік ететіні туралы ақпараттандыра отырып, ҚР СІМ басшысы біздің еліміздің аталған ұйымдардың Алматыдағы қызметін БҰҰ Аймақтық хабын құру арқылы кеңейту жөніндегі ұсынысын жеткізді. «Біз ЮНИДО халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығының Қазақстанда ашылуына да мүдделіміз», деді Е.Ыдырысов.