Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Нұр Отан» партиясы «Ардагерлерді ардақтайық» жобасын жүзеге асыруда. Соның аясында кеше Астанада екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов туралы «Подняться в воздух» фильмінің тұсаукесер рәсімі болып өтті.
Батырлық ғұмырбаян туралы бір жылдай түсірілген кинотуындыны көруге Т.Бигелдиновтің өзі денсаулығына байланысты Алматыдан ұшып келе алмапты. Ал аталған фильмді елордадағы Ұлы Отан соғысының ардагерлері, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанаты мен «Жас Ұлан» республикалық балалар ұйымының өкілдері және басқалар тамашалауға мүмкіндік алды. Енді бұл фильм көрермендер назарына 9 мамыр күні сағат 13:10-да «Астана» және 17:15-те «Хабар» телеарналары арқылы ұсынылмақшы.
Сөз реті келгенде фильмнің сценарийін Мәдениет қайраткері Лаврентий Сон жазғандығын айта кету керек. Ал қоюшы режиссері Ерген Тоқмырзин болса, Талғаттың жастық шағын жас актер Әзімхан Ахмет сомдапты. 305 рет әскери тапсырмамен әуеге көтерілген екі мәрте Кеңес Одағының Батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов туралы деректі фильмнің желісіне ұшқыш-шабуылдаушының 1966 жылы қаламынан туған «Илы атакуют» кітабындағы естеліктер арқау болыпты.
Енді тарихи деректі фильм туралы қысқаша айта кетсек, онда Ұлы Отан соғысы жылдары ел қорғауға шақырылған 19 жастағы жігіт тағдыры баяндалады.
Оның соғыс жылдарындағы тағдыры ешкімді бейжай қалдырмады. Фашистер «Ұшқыш танк» деп атап кеткен Т.Бигелдинов өзінің Ил-2 ұшағымен алғашқылардың бірі болып Кавказ бен Украинаны азат еткені белгілі. Фильм авторлары компьютерлік кескіндеудің қазіргі әдістерін пайдалана отырып, «қазақ қыранының» әуе шайқастарын шебер ұштап, жау қоршауын бұзып шығу көріністерін бейнелепті.
Соғысқа қатысқан генералдар туралы арнайы фильм түсіру идеясы «Генералдар кеңесі» республикалық бірлестігі тарапынан ұсынылса, оның түсірілімі «Нұр Отан» партиясы мен «Алтын Қыран» қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асырылған. Фильмді көрсетер алдында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Генералдар кеңесі» республикалық бірлестігінің төрағасы, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров және «Алтын Қыран» корпоративтік қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов құттықтау сөз сөйледі.
Б.Байбек Ұлы Жеңіс қарсаңында соғыс ардагерлерімен жүздесу үлкен мәртебе әрі жастар үшін тәрбиесі мол шара екенін ерекше атап кетті. Арада 70 жыл өтсе де аға буынның ерліктері жастар санасында әрдайым сақталмақ. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясы үстіміздегі жылы «Ардагерлерді ардақтайық» деген жобаны бастап отыр. Елбасының сарабдал саясатының арқасында елімізде бейбітшілік, тұрақтылық пен келісім салтанат құрған. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында «Біз Ұлы Отан соғысына қатысқан барлық қазақстандық батырлардың аты-жөндерін біліп, оларды құрметтеуге міндеттіміз», дей келе, ардагерлер ерлігін ұрпақ жадында сақтаудың маңызын айрықша атап өтті», деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.
Ал әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров 2012 жылдан бері Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы және Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов пен КСРО ішкі істер органдарының құрметті қызметкері, соғыс жылдарында контр-барлаушы болған генерал-майор Әбдіқадыр Болсамбеков туралы фильмдердің түсірілгенін ерекше мақтанышпен жеткізді. Бұл – соғыс ардагерлері жайлы үшінші фильм. Ерлік ешқашан ұмытылмайтындығын тілге тиек еткен Исламбек Салжанов оның жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».