Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қырғызстан уақытша үкіметінің төрайымы Роза Отунбаевадан хат келіп түсті, деп хабарлайды “ҚазАқпарат” агенттігі. Онда ол өз елінің атынан Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы үш бекеттің ашылып, олардағы уақытша шектеулердің алынып тасталғанына ризашылық білдірген.
Хатта Қырғызстанда достас көрші мемлекет тарапынан жасалған бұл қадамның және осындай шешім қабылдаудағы Қазақстан Президентінің саяси ерік-жігері мен парасаттылығы жоғары бағаланатыны атап өтілген.
Бұл жүз мыңдаған қырғызстандықтар үшін маңызды да асыға күтілген шешім болғаны атап айтылған. Осы шешімнің нәтижесінде біздің елдеріміздің арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жанданып, өсе түсетін болады.
Роза Отунбаеваның жазғанындай, Қырғызстанның уақытша үкіметі біздің туыстас халықтарымыздың игілігі жолында Қазақстан Республикасымен одақтастық қарым-қатынастар мен стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға өте құлықты болып отыр.