Онда экономика саласына кадрлар дайындау мәселесі талқыланады
16 мамырда Парламент Мәжілісінде «Техникалық, кәсіптік және жоғары білім беру жүйесінде экономика салалары үшін кадрлар даярлаудың сапасы мен перспективалары» тақырыбында парламенттік тыңдау өтеді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Шараның бастамашысы және ұйымдастырушысы палатаның Әлеуметтік-мәдени даму комитеті. Комитет төрайымы Гүлнәр Ықсанованың атап өткеніндей, экономика саласын кәсіби мамандармен қамтамасыз етуге қатысты шешімін таппаған мәселелер осы шараға түрткі болып отыр.
Олардың қатарында мамандарды дайындау деңгейі, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, еңбек нарығында теңгерімсіздікті жою, жұмысшы және инженер-техникалық кадрларды дайындау, білім бағдарламаларының экономика сұранысымен сәйкестілігі, басқа да мәселелерді атап өтуге болады.
Талқылауға министрліктер, ұлттық компаниялар басшылары, жұмыс беру қауымдастығы өкілдері, ЖОО ректорлары, кәсіби және техникалық білім беру ұйымы директорлары шақырылған.
Парламенттік тыңдау қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар қабылдау жоспарлануда.